«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ұлы дала музыкасын ұлықтайды

0 123

Ертең «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының эфирінен «Ұлы дала сазы» атты ұлттық музыканы насихаттайтын жаңа жоба көрермендерге жол тартады. 13 қаңтардан бастап шілде айы­ның аяғына дейін әр жексенбі сайын прайм-тайм уақытында – сағат 21.05-те басталып, бір сағат көлемінде көрсетілетін телебағдарламада қазақтың жыр-термелері айтылып, әндері әуелеп, күйлері күмбірлейді.

«Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасы Ерлан Қариннің ай­туынша, жобаның мақсаты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан туындады. Яғни телебағдарлама ата-бабаларымыздың көп ға­сырлық мұрасын цифрлық өр­кениет жағдайында түсінікті әрі сұранысқа ие болуын қам­тамасыз ете отырып, жаң­ғырту мақсатында қолға алынды. Осыдан екі айдай бұрын «Інжу-маржан» жұмыс атауымен түсірілімі басталып, кеңесе келе «Ұлы дала сазы» болып өзгерді.
«Дәстүрлі өнер өкілдерінің өнерін көп жағдайда кең ауди­торияға, дүйім жұртқа жеткізу мүмкіндіктері бола бермейді. Эстрадамен айналысып жүрген адамдарға әртүрлі алаңдар мен жобалар көп ұсынылады. Дәстүрлі өнердің әр аймақта өз мектептері бар. Сол мектептердің өкілдерін де дұрыстап көрсете алмай жатамыз. «Ұлы дала сазы» жобасы сол олқылықтың орнын толтыру мақсатында басталды» деді Е.Қарин.
Телебағдарламаның алғашқы түсіріліміне еліміздің әр өңірінен 91 өнерпаз келіп қатысты. Соның ішінде 16 термеші, 34 күйші, 39 әнші және 2 жыршы бар. Екінші түсірілім алдағы ақпан айында басталады. Бағдарламада орындалатын жыр-термелер, әндер мен күйлер телеарнаның «Алтын қорына» алынып, сонда сақталады.
«Қазіргі кезде өнерге қатысты бейнежазбаларды іздейтін бол­сақ, өткен ғасырдың сексенінші-тоқсаныншы жылдары түсіріл­гендердің өздері үзік-үзік болып кездеседі. Шындығын айт­қанда, қазір сапалы түрде жа­зылған өнердегі майталман аға-апаларымыздың бейнелерін іздегенде зорға тауып жатамыз. Ұлттық арнаның әртүрлі кезеңде түсірілген бағдарламаларында бейнелері болмаса, арнайы тү­сірілгендері жоқ» деді Е.Қарин.
Бір айта кетерлігі, «Ұлы дала сазы» жобасында Қажыбек Бекбосынов, Амандық Көмеков, Біләл Ысқақов, Жанғали Жүзбай, Ахат Байбосынов, Секен Тұрысбек, Бекболат Тілеухан, Сәуле Жанпейісова, Рамазан Стамғазиев, Ұлжан Байбосынова, Толғанбай Сембаев, Ардақ Исатаева, Айгүл Елшібаева, Ерлан Рысқали, т.б. осы сияқты белгілі дәстүрлі өнер шеберлерімен қатар Ардақ Елеусіз, Мадияр Сүлейменов, Манап Анықбеков сынды талантты жас өнерпаздардың өнерін тамашалай аласыздар.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды