«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ұлы бабаны танып-біліп болдық па?

әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы оның мұраларын зерделеуге жол ашуы тиіс

0 82

Бейсенбі күні Сенаттың жалпы отырысында Үкіметке депутаттық сауал жолдаған сенатор Әлімжан Құртаев 2020 жылы тойланатын Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығының қарсаңында шешілуі тиіс бірқатар түйткілді мәселелерді көтеріп, оларды шешу жолдарын талқылауды ұсынды. Біз бүгін Әлімжан Сейітжанұлынан осы мәселеге кеңірек тоқталуын өтіндік.

 

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Орасан зор кеңістікті игере білген түркілер ұлан-ғайыр далада көшпелі және отырықшы өркениеттің өзіндік өрнегін қалыптастырып, өнер мен ғы­лымның және әлемдік сау­даның орталығына айналған ор­­тағасырлық қалалардың гүл­денуіне жол ашты. Мәселен, орта ғасырдағы Отырар қаласы әлемдік өркениеттің ұлы ой­шылдарының бірі Әбу Насыр әл-Фарабиді дүниеге әкелсе, түркі халықтарының рухани көш­басшыларының бірі Қожа Ахмет Яссауи Түркістан қаласында өмір сүріп, ілім таратқан» деп жазып, Ұлы даланың даңқты тұлғаларына ерекше назар аударды. Елбасымыз тарихи сананы жаңғырту үшін ең алдымен ұлт қаһармандарын үлгі тұтуға, олардың өнегелі өмірі мен артына қалдырған құнды еңбектерін елге, әсіресе жас ұрпаққа кеңінен насихаттауды тапсырды. «Ұлы дала әл-Фараби мен Яссауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді» дей келе, Президент тарихи тұлғаларымызды, ұлт қаһармандарының өмірі мен қызметін күллі әлемге насихаттау мақсатында ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағы ашылатынын айтты.


2020 жылы Ұлы да­ла­ның ұлы тұлғасы, ұлты­мыздың мақтанышы – Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдық мерейтойы тойланады. Осыған орай, Мәдениет және спорт министрлігі айрықша датаны ЮНЕСКО деңгейінде тойлауға әрекет етуде. Өтетін іс-шаралардың тізімі жасалып, тиянақты дайындық жүргізіліп жатыр. Әрине, бұл – өте құп­тарлық жағдай. Бұған қоса, ке­йінге қалдыруға болмайтын бір­неше маңызды мәселелерді шешуіміз қажет. 2006 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Елбасы тапсырмасымен сол кездегі еліміздің бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлінің басшылығымен бір топ қазақстандық Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың жерленген жері – Сирияның астанасы Дамаск қаласындағы «Баб ас-Сағир» – «Кіші қақпа» зиратына барған едік. Мақсатымыз – «әлемнің екінші ұстазы» атанған ұлы ғұламамыз һәм жерлесіміз Әбу Насыр әл-Фараби мен ба­тырлардың батыры әз-Зәкір Бейбарыс сұлтанның қабірлеріне туған жердің топы­рағын салу және бабаларымыз жатқан қасиетті топырақты туған жеріне жеткізу, олардың рухтарын оралту, болашақта әлемнің түкпір-түкпірінен келетін туристерге жол ашу. Елге оралғанымызда күллі халықтың зор қуанышпен қарсы алғанын көріп, еңбегіміздің еш болмағанына, бабалар ру­хының шын мәнінде Отанына оралғанына бір марқайып қалған едік. Бүгінгі күні Арыстан баб әулиенің қасына қойылған топырақтарда тасқа жазылған белгіден басқа ешнәрсе жоқ.
2007 жылы Елбасымыз Нұр­сұлтан Назарбаев Дамаскіге барып, әл-Фараби бабамыздың басына тәу етіп, құран оқытты. Сол сапарының нәтижесінде қос мавзолей – тарихи-мәдени орталық, әл-Фараби атындағы мавзолейдің құрылысын жүргізу және сұлтан әз-Заһир Бейбарыстың мавзолейін жөндеуден өткізу туралы екі ел арасында келісім жасалды. Қа­зақстандық мамандар бұл екі нысанның құрылысы мен жөндеу жұмыстарының 95 пайызын 2011 жылы Сирия дағдарысы басталғанға дейін бітірген болатын. Әскери жанжал жылдарында аталған нысандарды сириялық азаматтар күзетті. Алайда соңғы екі жылда әл-Фараби мавзо­лейінің қарауылдары жалақы алмағандықтан, тарихи нысанды қараусыз қалдыруға мәжбүр болуда.
Мемлекет басшысының тіке­лей тапсырмасымен жүзеге асы­рылған жоғарыдағы іс-шара­лардың ұлт, мемлекет мүд­десі үшін маңызы өте зор. Осыған бай­ланысты Үкіметке мынадай мәселелерді шешуді ұсынамын:
1. Сириядағы соғыстың тоқта­уына байланысты және 1150 жыл­дықтың қарсаңында, яғни 2019 жылы әл-Фараби мавзолейінің құрылысын толықтай аяқтап, ресми ашылуын өткізгеніміз абзал. Қос тарап Сирия аумағындағы екі мавзолейдің тағдырын шешіп, олардың Қазақстан Үкіметінің немесе Сирия Үкіметінің қарауына өтуін қамтамасыз еткен жөн;
2. 2006 жылғы Сирияға бар­ған сапарымызда әл-Фараби бабамыздың мавзолейінің көшір­месін әкелдік. Бүгінгі күні сол көшірменің үлгісімен мавзолейді салу кезек күттірмейтін игілікті істің бірі болуы тиіс. Мұндай қадам Отырар-Түркістан өңірінде мәдени туризмді дамытуға үлкен серпін берері сөзсіз. Жалпы, рәмзи кесене салу ислам дінінде де, яғни біз ұстанатын ханафи мазһабында да бар. Өзбек бауырларымыз осыдан біраз жыл бұрын Самарқан қаласынан имам әл-Бұхариге арнап рәмзи кесене салғаны есімізде;
3. Түйткілді мәселенің бірі – «әлемнің екінші ұстазы» атанған бабамыздың еңбектерін аудару. Бүгінгі күнге дейін бізге 100-ден астам шығармалары мәлім. Алайда олардың бар-жоғы 20 шақтысы ғана қазақ және орыс тілдеріне аударылған. Олай болса қалған еңбектерін аудару ісін қолға алуымыз керек. Мысалы, Сирия сапарынан әкелінген «Екі ұлы имамның тәпсірі», «әл-Фарабидің логикасы», «әл-Фарабидің ғылым және тәрбие туралы еңбектерін талдау», «әл-Фараби», «әл-Фараби және ізгі қалалар», «әл-Фарабидің философиялық көзқарас туралы», «әл-Фараби мен әл-Кин­дидің терминологиялық энциклопедиясы» және әз-Заһир Бейбарыс сұлтан туралы «Теңіз мәмлүктері» атты туындылар қазақ және ағылшын тілдеріне аударылып, ұлтымыздың жә­не әлем оқырмандарының ор­тақ қазынасына айналса нұр үс­тіне нұр болар еді. Сондай-ақ ғұламаның өмір тарихы мен шығармашылығын тұтас сипаттайтын «әл-Фараби энциклопедиясын» дайындап, шығару мәселесіне қолдау көрсету;
4. Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында ұлт қаһармандары туралы фильмдер түсіруге тап­­сырма бергені мәлім. Ел Президентінің биылғы жылды Жастар жылы деп жария­лауына байланысты жас ұрпақ­ты ілім-білімге, ғылымның жауһар­ла­рына қызықтырып, оларға рухани, патриоттық тәрбие беру мақсатында ұлы бабамыздың өмірінен көркем және деректі фильм түсіруге құзырлы мекемелерге тиянақты тапсырма беріп, қажетті мөлшер­де қаражат бөлуге ықпал етуіңізді;
5. Астана мен Түркістан қала­ларында әл-Фараби ескерт­кішін орнатуға;
6. Әлемдік деңгейдегі ғылыми табыстарға әрбір үш жылда бір рет беріліп отыратын халықаралық әл-Фараби сыйлығын тағайындау. Бұл үшін әл-Фараби қорын құру (Нобель сыйлығы секілді. Эндау­мент-қор құру);
7. Ұлы ойшылдың туған жері Отырар-Түркістан өңірінде әл-Фарабидің мұрасын жаңғырту бойынша кешенді іс-шараларды қолға алу;
8. Қазақстанның барлық орта мектептерінде, колледждерінде, жоғары оқу орындарында ұлы ғұламаның ғылыми мұрасын танып-білу мен игеруге арналған «әл-Фараби апталығын» өткізу. Ұлы ұстаздың туған жері – Отырар-Түркістан өңіріне сапарлар ұйым­­дастыру;
9. Дүние жүзінің кітапха­на­ла­­рынан, қолжазба қор­ла­ры­нан энциклопедист-ға­лым ба­ба­мыз­дың мұраларын жи­нақтау, қол­жазбаларының фак­симилелерін жасау және оларды көптомдық кітап етіп шығару;
10. «Фараби жолымен» атты халықаралық экспедиция ұйым­дастыруға барынша қолдау көр­сетуіңізді сұраймын.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды