«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ұлы ақынның тұңғыш жинағы

0 140

Ұлы ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының фәниден бақиға көшіп, Жидебайдың топырағын жамылғанына биыл 115 жыл толды. Алайда хакім жүрегінің түбіне әлі терең бойлай алмай келе жатырмыз. Сол олқылықты толтыратын кез келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абайдың 175 жылдығын мерекелеу туралы Жарлығы тұлғаны тануымызға жол ашып отыр. Ақынның өлеңдерін оқу эстафетасы басталып, еліміздің шекарасынан асып, шетелге жетті. Біз өз тарапымыздан арнайы айдар ашып отырмыз. Осы айдар аясында бүгінгі нөмірден бастап Абайдың өмірі мен шығармашылығына қатысты танымдық материалдарды жариялаймыз.

 Абайдың асыл мұрасын аман сақтап, бүкіл халыққа таралуына Алаштың көсемі болған Әлихан Бөкейханның зор қатысы бар. 1903 жылы Санкт-Петербургте басылған «Киргизский край» кітабының 18 томында Әлиханның «Қыр­ғыз аймағының тарихи тағдыры және оның мәдени жетістіктері» атты мақаласы шығады. Бұл мақалада Абайға ерекше тоқталып, оны қазақтың жаңа әдебиетінің көшбасшысы деп бағалайды. Формасы жағынан айрықша және мазмұнды өлеңдерінің авторы деп көрсетеді. Сөйтіп, Абайдың көзі тірісінде оны орыстың оқырман қауымына тұңғыш рет таныстырған адам – Әлихан Бөкейхан болады. Абай мұрасының баспадан кітап болып шығуына қалтқысыз қамқорлық жасаған Әлихан Бөкейханмен бірге өлеңдерін жинақтап бастыруға зор үлес қосқан Мүрсейіт Бікеұлы, Кәкітай Ысқақұлы, Тұрағұл Абайұлы еді.

«Қазақтың бас ақыны – Абай. Онан асқан бұрын-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ» деген Ахмет Байтұрсынұлының сөзі абайтанумен мәңгі жалғасып келеді. Міржақыптың сөзімен айтқанда, «Абай сынды ақынның қадірін білмеу – қазақ халқының зор кемшілігін көрсетуге толық жарайды».

1904 жылы Абай қайтыс болғаннан кейін Омбыдан оның балаларына хат жолдап, Семейден кітап шығаруды ұйғарған Әлихан Бөкейхан ақынның өмірі мен қоғамдық қызметі жайлы алғаш көлемді мақала жазды. Абай дүниеден озған соң, екі жылдан кейін «Семипалатинский листок» газетіне «Қазанама» (некролог) жариялайды. Ә.Бөкейханның басты арманы – Абай жинағын жарыққа шығару, ақын мұрасын қалың ел арасына тарату еді. Сол газетте Абай өлеңдерінің жинақ болып басылатыны жайлы айтады. Солай десе де, Абай жинағы басылып шықпай қалады. Оның себебі – Әлихан Бөкейхан 1906 жылы 8 қаңтарда Семейге съезге қатыспақ болып, Керекуден келе жатқан жолында Тұзқала деген жерде тұтқынға алынады. Қайтарып апарып Кереку түрмесіне жабады. Осы жолы ұсталған кезде оның портфелінде Абай өлеңдері жинағының қолжазбасы болады. Абақтыға жабылғаннан кейін, келесі күні жазған арызында ол өлең қолжазбаларының құнын 5000 сомға бағалап, оны сақтауға өтініш жазады. Көп кешікпей айғақ болмағандықтан босайды. Халықтық тұлғаға айналған Әлиханды патша үкіметі үнемі қырына алып, 1908 жылы қайта қамауға алады. Іске ілініп, қудаланып жүріп те Абай өлеңдерінің баспада жатқанын естен шығармайды. Сөйтіп 1909 жылы Санкт-Петербургте Ілияс Бораганскийдің баспасынан Абайдың тұңғыш жинағы жарық көреді. Көптен күткен жинақтың жарық көруін алғаш рет Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсыновтар сүйіншілейді.
Абай өзінің шығармаларының жинақ болып басылуын көрмей кетті. Бірен-саран өлеңдері болмаса Абайдың көзі тірісінде «Жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат» деген өлеңін Жүсіпбек Шайқысіләмұлы Абайдың атын атамай бастырады. «Жаз», «Болыс болдым, мінеки» деген өлеңдері 1886 жылы «Дала уәлаяты» газетіне Көкбай Жаңатаевтың атымен жарық көреді. «Дала уәлаяты» газетінің 1889 жылғы 7-санында жарияланған «Жаз», «Жазды күн шілде болғанда» деп басталатын өлеңі «Семей уезі, Шыңғыс елінің қазағы Ибрагим Құнанбай ауылының Бақанас өзенінде Көкбейіт деген жерге қонып жатқандағы түрі» деген тақырыппен басылған. Сонда «Кісіден үйреніп жаздым. Көкбай Жаңатайұлы» деп қол қойылған. Мұның өкініштісі, Абай өлеңінің өз атына жарияланбауы ғана емес, редакция тарапынан Абай сөзінің бұзылып, түрлі өзгерістерге түсуі. Әр жерде жеке жолдар қысқарып, өзгеріп отырған. Мәселен:
Жазды күн шілде болғанда,
Бәйшешек өсіп толғанда – деп кетеді. Ал Мүрсейіт қолжазбасы бойынша;
Жазды күн шілде болғанда,
Көкорай шалғын бәйшешек,
Ұзарып өсіп толғанда – деп көркем көрсетілген. Абайдың көзі тірісінде жарық көрген өлеңдерін кімнің бергені, қалай жеткені нақты айтылмаған. Ал «Жаз» өлеңін Абайдың ақын шәкірті Көкбай жібергені мәлім. Көкбайдың айтуы бойынша өлеңдегі аяңшыл ат – Абайдың өзінің күрең төбелі. Айғайшы шалы сол жылы көрші қонған әнет Бармақ деген кісі, ал құс салып жүрген жігіттер – өз балалары Ақылбай мен Әбдірахман.
1888 жылы май айында жазған «Болыс болдым, мінеки» өлеңін Ақшатау деген жерде Семей облысы мен Жетісу облысының съезі болғанда бір уездің ел билеушілеріне арнаған. Бұл «Дала уалаяты» газетінің 12-санында жарияланған. Абайдың алғашқы жинағында бұл өлең 148 жол болса, газетке 86 жол болып беріледі. Жеке сөз емес,тұтас шумақтар өзгеріп, бастырушылардың батылы жетпегендіктен қысқарып кеткен.
Ақынның көзі тірісінде жарық көрген тағы екі өлеңі бар екенін кейіннен табылған деректер дәлелдеді. 1897 жылы Қазанда «Князь блан Загифа» қиссасында «Сынағандағы аттың сыны» (Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ), «Бүркіт» (Қансонарда бүркітші шығады аңға) деген белгілі екі өлеңі жарық көреді. Кітапты бастырушы Бектұрған Сиқымбайұлы «өлең етуші Жанұзақ Сиқымбайұлы» деп көрсеткен.

Абай өзінің өлеңдерін халық арасында қолжазба болып жайылғанын көреді. 1896 жылы баласы Тұрағұлды шақырып, қолжазба өлеңдерін жинауға тапсырма береді. Кейіннен Абай өлеңдерін жинаған кісілер Абайдың өлеңінің атын ғана айтып, немесе бір жол өлеңмен ғана сақталып қалған. Тоғжанға арналған «Сап-сап көңілім, сап көңілім» өлеңі соңғы кезде табылды. 1882 жылы Лермонтовтан аударған тұңғыш аудармасы «Бородино» да түгел емес. Бізге белгілі көлемі 20 жолдық нұсқасы ғана сақталған.

Абай мысқыл өлеңдерді көп жазғанымен, өзінің жауына қарсы айтпай, маңайындағы адамдарға арнап жазған. Мысқыл өлеңдері сол арнап жазған адамдары елге тарамасын деп жоқ қылып жібергенге ұқсайды. Мысалы, «Қыз­дарға» деген өлеңіндегі Қыздар – Абайдың құрдасы. Абай сол құрдасының мінезін сықақ етіп жазған. Бұл өлеңді де Қыздар жыртып тастаған. 1896 жылдан бастап, 1916 жылға дейін Абайдың өлеңін көшіріп ұқыптап жүрген жазуы маржандай Мүрсейіт молда – сол уақыттың «баспаханасы» болды. Соңғы кезде кәсіпке айналдырып 7-8 молда көшірген. Көшіргендер бір өлең үшін бір қойдың құнындай ақы алатын болған. Көшірушілер ақындар, елдің талантты жастары болады.
Елдің ішіндегі қазақтың қыздары өздеріне Абайдың қолжазбасын көшіртіп, ұзатылғанда өлеңнің бір данасын ала кететін болған. Бұл қазақ жастарының арасында Абай өлеңінің бағалы болғандығын көрсетеді.
Абайдың көзі тірісінде баспа жүзін көрген екі өлеңінен кейін Абай өлеңдерінің тұңғыш толық жинағы ақын дүниеден озғаннан кейін 1909 жылы Санкт-Петербургтегі Ілияс Бораганский баспасынан жарық көреді.
Абайтану шежіресінде есімі алтын әріппен жазылған бұл оқиғаны Абайдың немере інісі Әрхам Кәкітайұлы өз естелігінде былай баяндайды. «1906 жылы жаз шығып, киіз үй тіккенде Кәкітай Абылайша қос тіккізіп, Мүрсейіт молланы шақыртып алып, «сен мына біз жинаған Абай өлеңдерін реттеп жаз» деп оңаша қосқа отыр­ғызды. Мүрсейіт асықпайтын, сұлу жазатын адам еді. Абай өлеңдерін бір ай шамасында дайындатып алып, Кәкітай Семейге өзі алып жүрді. Жол расходына екі семіз ат, екі семіз түйесін әкетті. Кәкітай малын ақшалап алып Омбы қаласына кеттім деп хат жазды. Одан кейін Омбыда бастыра алмадым, Қазан қаласына жүріп барамын деп тағы да хат жазады. Бір жұмадан кейін үйге телеграмма келді: «Қазан қаласындағы баспаханалардың басуға уақыты болмады. Петербургтегі баспаханамен шарт жасастым, тез 200 сом ақша перевод ет деген. Айтқанындай 200 сом жібердік. Кәкітай бір айда қайта оралды. Корректорлық міндетін өз мойнына алатын болыпты. Петербургтегі баспахана бір баспатабақ қағаз басып, Семейдегі Әнияр үйіне жібереді, Әнияр Кәкітайға жеткізіп тұрады. Кәкітай оның қатесін түзеп, Петербургке жөнелтеді» дейді. Осындай сергелдеңмен жүріп, Абайдың бірінші өлеңдер жинағы 1909 жылы зорға жарыққа шығады. Мүрсейіт қолжазбасының негізінде жарық көрген 5339 жол өлеңінің 1090 жолы аударма болатын. Алғашқы басылымға кірмей қалған 17 өлеңі кейінгі зерттеушілердің еңбегімен сонан кейінгі басылымдарда толықтырылып берілді.
Мұхтар Әуезовтің абайтануға қосқан үлесі нәтижесінде ақынның кейінгі шыққан 1933, 1939, 1945 жылдардағы кітаптарға жинау, түзу нәтижесінде қара сөздерден басқа 10708 жол өлең қосылды. Сонымен Абайдың толық жинағын өзінен қалған архив болмағанның өзінде ғылыми зерттеулер мен іздеулердің арқасында бүгінге жеткен, қара сөздерден басқа 7133 жол еңбегі белгілі болды.
Кез келген ақынды тану ең алдымен өмірбаяны мен шығармашылығын зерттеуден басталады. Биыл 110 жыл толып отырған тұңғыш басылымды 1909 жылы Санкт-Петербургтен немере інісі Кәкітай Ысқақұлы араб алфавитімен бастырып шығарады. Кәкітай орысша жетік білген. Абай мектебінен ғана білім алған. Абайдың қасына еріп жүріп айтқандарын, ертегілерін құйма құлағына құя білген. Жидебайда бала оқытып жүргенде молда Мүрсейіт Бікеұлына өз ақшасын беріп, бұрыннан жинап жүрген Абай өлеңдерін көшіртіп толықтырған. «Мен Абайдың қарызын ұмытпай, шамам келгенше қызмет етуді өз борышым деп біліп, арттағы жастарға қалдырған өсиетін, қазақ халқына істеген еңбегін баспаға бастырып, көпке таратуды міндетіме алдым» деп Абай баласы Тұрағұлмен бірге ақын мұрасын ыждахатты түрде жинастырады. Соның нәтижесінде Кәкітай құрастырған 56 өлең өзгеріске ұшырамай, өзінің түпнұсқалығын сақтап қалды.
Кеңестік заманда Тұрағұл «халық жауы» деп танылған соң, жинақтың шығарушысы ретінде бертінге дейін Кәкітай ғана аталып келді. Кітаптың сыртқы мұқабасында: «Қазақ ақыны Ибрагим Құнанбайұлының өлеңі. Бастыр­ған: Кәкітай, Тұрағұл Құнанбай ұғландары. Спб., «Восточная электропечатная Н.Бораганского», 1909» деп анық жазылған.

Алмахан
МҰХАМЕТҚАЛИҚЫЗЫ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды