«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ұлттық спорт үздіктері

0 62

ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының ұйым­дастыруымен өткен «Алтын тұғыр-2018» салтанатты жиында ұлттық спорттың үздіктері марапатталды.

Шара барысында Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан сала мамандарымен есептік кездесу өткізді. Жиында қауымдастықтың жаңа құрамы таныстырылды. Қауым­дас­тыққа қарасты «Көкпар» федерациясының президенті болып танымал боксшы, Олимпиада ойын­дарының жүлдегері Мұхтархан Ділдәбеков, «Аударыспақ» федерациясының президенті болып кәсіпкер Данияр Қобыландин, ал «Бәйге» федерациясының президенті – Ұлттық қауымдастықтың вице-президенті болып Нұрбол Назарбаев тағайындалды. Мұхтархан Ділдәбеков пен Данияр Қобыландин өздерінің жаңа қызметтегі алдағы жоспарлары туралы айтып өтті. Ал Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбай өтіп бара жатқан жылдағы атқарылған жұ­мыстар мен алдағы жылдың жоспары жайлы баяндады.
Елімізге белгілі сахна саңлақтарының концертімен өрілген, биыл алтыншы мәрте ұйымдас­тырылып отырған салтанатты шараға ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Ұлттық спорт қауымдас­тығының құрметті президенті Қайрат Сатыбалдыұлы қатысты.
Онда биылғы ұлттық спорттың халықаралық бәсекесінде дара шыққан жеңімпаздар, яғни аударыспақтан ІІІ Азия чемпионатында, теңге ілу мен құсбегіліктен ІІ Азия чемпионатында, жамбы атудан XIV Әлем чемпионатында, көкпардан, тоғызқұмалақтан, асық атудан, қазақ күресінен халықаралық жарыстарда жүлделі орын иеленген спортшылар «Алтын тұғыр» сыйлығын иеленді.
Ұлттық спорт түрлерінің үздіктер номинациясы бойынша «Үз­дік мерген» Абзал Тулыбеков, «Үздік бәйге аты» Қаракөз атты жүйріктің иесі Артығали Миразов, шабандозы Бекзат Сәдуа­қас, «Үздік шабандоз» Бауыржан Мыр­забаев, «Үздік көкпар командасы» – «Құлагер» командасы, «Үздік көкпаршы» Асланбек Сайдулла, «Үздік аударыспақшы» Шыңғысхан Ержанов пен Азамат Серғазин, «Үздік теңге ілуші» Мағжан Сапарбек, «Үздік құсбегі» Бабажан Берікболсын, «Үздік қазақ күресінің балуаны» Ерсұлтан Мұзаппаров, «Үздік тоғызқұмалақ ойыншысы» Әсел Далиева, «Үздік асық атушы» Мұхтар Ахметов деп танылды. Нұрлан Додай «Үздік жаттықтырушы», Ербол Еділбаев «Үздік жетекші», Гүлнар Базарханова «Үздік төреші» атағымен марапатталды. Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевқа «Елімжан» медалі, ал Дербіс Байділдаев пен Бағдат Мүптекеқызына, Жомарт Сабыржановқа және Өнербай Жанбалаға «Ұлттық спорт ардагері» медалі табыс етілді.
Ал «Астана ақшамы» газетіне ұлттық спортты үздік насихаттағаны үшін арнаулы жүлде берілді. Сонымен қатар ұлттық спорт саласының дамуына еңбек сіңірген бірқатар азаматтар Ұлттық спорт қауымдастығының арнайы дипломы, алғыс хаты және қаржылай сыйлықтарына ие болды.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды