«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ұлттық рухани бағыттағы билер кеңесі

0 37

Соңғы уақытта қоғамдағы талас – тартыс, жеке тұлғалар арасындағы қақтығыстар күн санап еселену үстінде. Оның соңы, әрине, сот талқылауына алып келеді. Өткен ата-бабаларымыз дәуірінде көптеген дау-дамай, кикілжің мен күрделі мәселелер дана билердің ақыл-кеңестерімен, бітімгершілік жолымен  шешіліп отырған.

Үш жүздің ұлы үш биі – Қазыбек би, Төле би, Әйтекенің қатысуымен әзірленген дәстүрлі құқық нормалары жиынтығы – «Жеті жарғы» қазіргі қолданыстағы әкімшілік, қылмыстық және азаматтық құқық  нормаларын қамтыды.

Хан-сұлтандармен бір деңгейде ел басқарған билердің сол замандағы басты мақсаты – дауласқан жақты татуластырып,  кесімді ортақ шешім шығарып, ақыр соңында ел бірлігін сақтау болған.

Рухани құқықтық мұраны зерделей келе, сол заманғы билер сотының қызметі дауласушы тараптарды бітімге келтіріп, келтірілген залалдың орнын толтыруға, яғни құнын өтеуге бағытталғанын байқаймыз.

«Даудың түбі біту»,-деген ұранды ұстанған дала билері кез келген дауды татуласумен аяқтап отырған.

Елбасы бұдан бұрын «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаларында өз заманында сыннан сүрінбей өткен озық  дәстүрлердің табысты жаңғыруының маңыздылығын атап өткен еді.

Ал осы түп тамыры тереңнен бастау алатын Билер сотының әділдікке, заңдылыққа және татуластыру рәсімдеріне негізделген мықты қағидаттарын қазіргі заманауи құқық қолдану жүйесіне енгізу өте қажет.

Осы бағытта қоғамдағы даукестік деңгейді төмендету мақсатында, дау (жанжалдарды) татуластыру рәсімдерін қолдана отырып, бейбіт жолмен шешуге бағытталған БИЛЕР КЕҢЕСІНІҢ құрылғаны аса маңызды.

Билер кеңесі өз кезегінде құқық бұзушылықтың алдын-алу, татуластыру рәсімдері туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ұлттық салт-дәстүрлерді, отбасылық құндылықтарды насихаттап жатса, ұлттық сананы жаңғыртып қана қоймай, келіспеген жақтардың бітімге келіп, жақсы қарым-қатынасты сақтап қалуына септігін тигізері сөзсіз.

Ботагоз БАЯНОВА,
Нұр-Сұлтан қалалық
сотының
ақпараттық
қамтамасыз ету
бөлімінің басшысы

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды