«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ұлттық кеңестен не күтесіз?

«Астана ақшамына» жазыңыз!

0 43

Ұлттық Кеңес құрылып, іргетасы қаланып, өмірге жол тартты. Құрамында халқының қамын жеген атпал азаматтар да баршылық. Әрине, аталмыш Кеңестің болашағына қазақстандықтар зор үмітпен қарайды. Еліміздің түйткілді мәселелері үлкен мінберден айтылып қана қоймай, шынайы жүзеге асса игі. Кеңес-ұлттың мүддесін қорғайтын халық үні бола ала ма? Тұжырымы айқын, тұғыры биік Кеңес екенін дәлелдей ме? Зор мақсат, ауыр жүкті көтеріп, халықтың сенімін ақтайды ма деген сауалдар туындауда жұртшылық арасында. Осы орайда «Астана ақшамы» газеті де қалың оқырманмен диалог алаңын ашпақшы. Көкейде жүрген өзекті мәселелерді, Кеңестің күн тәртібіне шығарылса деген тақырыптарды біз арқылы бөлісе аласыз. Толғамды да толғақты пікірлеріңізді күтеміз. «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген қағиданы алға тартып отырған жайымыз бар. Ендігі кезек өздеріңізде қадірменді оқырман! Пікірлеріңізді мына мекенжайға ­astana.acqsham@gmail.com­ жолдауларыңызға болады.

Үстіміздегі жылы елімізде мерзімінен бұрын Президенттік сайлау өтіп, онда айқын басымдықпен топ жарып шыққан Қасым-Жомарт Тоқаев Билік пен қоғам арасындағы диалогты қалпына келтіру үшін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы шешім қабылдағанын жалпақ жұртқа мәлімдеді. Кеңестің құрамында қоғамның барлық өкілдері, оның ішінде жастар да болатынын тілге тиек етті.
Міне, сол Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Президенттің арнайы Жарлығы шықты. Кеңес құрамы да бекітілді. Енді қалың оқыр­манға түсінікті болу үшін кеңестің негізгі міндеттерін қысқаша кестелеп өтейік. Жалпы, кеңес құрамы тұжырымдамалардың, мемлекеттік бағдарламалардың және нормативтік-құқықтық актілердің жобаларына қоғамдық сараптама жүргізеді. Сондай-ақ жұртшылықтың және азаматтық қоғамның пікірін ескере отырып, маңызды стратегиялық проблемаларды қарайды. Әлеуметтің, сая­си партиялардың, үкіметтік емес сектордың және мемлекеттік органдардың өкілдері арасында сындарлы диалогты қамтамасыз етіп, өзінің құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де қызметтерді жүзеге асырады.
Саралап отырсақ, бірталай жауапты әрі маңызды да ауқымды істердің жүзеге асуына мұрындық болмақ екен. Ал енді жаңадан құрылған Кеңесіміз келелі жиын өткізіп, еңселі елдіктің белгісі бола ала ма, әлде «Су суға сіңді, шу шуға сіңді» деп, әдеттегідей әп-­әдемі басталған ісіміз, алға қойған мақсатымыздың соңы сиырқұйымшақтанып кете ме? Қазіргі таңда халықтың әлеуметтік жағдайы шатқаяқтап, жұмыссыздық, қымбатшылық аяқтан шалып, бағаның шарықтауы еңсені көтертпей жатқанда «Күлтөбенің басында күнде кеңес» кебін киіп қалмаймыз ба? Кеңес мүшелері елдің мұңын, талап-тілегін билікке жеткізіп, жүзеге асыра ала ма?
Иә, көкейді тұмшалаған сұрақтар көп. Қоғамда әртүрлі пікірлер айтылуда. Алып-қашты, сыңаржақ әңгімелер де жеткілікті. Алайда енді-енді ғана өмірге келген Ұлттық кеңеске сын айтуға асықпағанымыз да жөн шығар. Бұл орайда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамына кірген саясаттанушы Ерлан Сайы­ров ұйымның қызметі қоғам мен билік үшін күрделі кезеңде басталғанын тілге тиек етіп: «Халық өзгерістерді талап етуде. Демек, Ұлттық кеңестің жұмысы ашықтықпен, жаңашылдықпен ерекшеленетін және елдің барлық қоғамдық күштерімен байланыс орнатқан алаң ретінде сипатталуы тиіс» деп тұжырымдайды. Сонымен қатар Е.Сайыров саяси процестердің географиясын да кеңейтудің маңыздылығына тоқталып, еліміздің өзге де аймақтарында осындай кеңес құруға ұсыныс тастады. Ал саясаттанушы Данияр­ Әшімбаев: «Билік тыңдау­ға дайын. Сондықтан Ұлттық кеңестің құрылуы саяси реформаларға да, билік пен қоғам диалогын дамытуға да, қабылданатын шешімдердің сапасын арттыруға да жақсы мүмкіндік бола алады. Кеңестегі шешімдер ұнамаса сынайтын боламын. Дегенмен, бастап көру керек» деген тоқтамға келген.
Негізі, ұлттық кеңестің құрылуына көңілі толмайтын азаматтар да бар. Мәселен, Мұхтар Анарбекұлы өзінің фейсбук парақшасында: «Мемлекеттік тіл тұғырына қонбайынша, ештеңе де өзгермейді. Қазіргі уақытта Қазақстан параллельді екі әлемде өмір сүруде. Мемлекеттік органдар орысша сөйлейді. Ал халық қазақша сөйлейді. Осы мәселе жұртты толғандырып отыр. Парламентте шын мәніндегі халық қалау­лылары отыруы керек» деп ой түйіндесе, Қазыбек Иса «Ұлттық кеңес – ұлттың үні болуы тиіс. Кешелі бері түрлі пікірлер айтылып жатыр. Күдіктенушілерді де түсінуге болады. Өйткені бұған дейін талай кеңестер мен комиссиялар құрылды. Көбісі ел көңілінен шыққан жоқ, өкінішке қарай… Бірақ, бұл жолға Ұлттық кеңестің орны бөлек болу тиістігіне көңіл аудару керек» дейді.
Иә, қоғамымызда шешуін таппай тұрған алуан түрлі мәселе бар. Ал енді осы кеңес диалог үшін тиімді алаң болып, қазақстандық қоғамды демократиялық дамудың даңғыл жолына жетелесе екен дейміз. Өркениетті түрде мәміле жасап, қоғамда оң өзгерістер жасаса, құба-құп. Ұлттық кеңестің аяқ алысын, бағыт-бағдарын жиыр­масыншы тамызда өтетін алғашқы жиыны көрсетеді.

Бейбіт ОСПАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды