-->

ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ ҰСТАЗЫ

«Халқымыздың рухани өмір аспанында мәңгілік жарқырап тұрған үш жарық жұлдыз бар. Олар: Шоқан, Ыбырай, Абай» деп жазыпты қазақтың ғажап ақыны Ғафу Қайырбеков. Биыл сол үш жарық жұлдыздың бірі, ұлттың ұлы ұстазы атанған Ыбырай Алтынсариннің туғанына 175 жыл толды. Барлық саналы ғұмырын туған халқының келешегінің жарқын болуына арнаған кемеңгердің өмірі қызыққа толы болды дей алмаймыз. Қазақтың баласы өзгеден кем болмасын деп басын бәйгеге тігіп, алғашқы мектептің қазығын қақты, оқулық жазды, оларды білімге жетелеп, өнері тасыған жұрттың жеткіншектерімен теңестіруді армандады.

1250-1-kopiya

БАЛҒОЖА БИДІҢ НЕМЕРЕСІ

Ағартушы атамыз 1841 жылы Қостанай топы­рағында дүниеге келген. Әке-шешесі ерте өмірден өтіп, атасының қолында ержетеді. Балғожа би сол кездегі дала заңын ұстанған, көзіқарақты, келешекті болжай білетін, елдің ішінде беделі зор, сөзі өтімді, бекзат болмысты тұлға болыпты. Әрі бір тайпаның биі ретінде әкім­шіліктің бас­қару жұмысына араласып, ше­каралық комиссия­ның «әс­кери старшыны» деген шені бар есті кісі атанған. Сондықтан ол немересін қа­тарластары секілді ауылда қа­лып қоймай, білімге, оқуға ынталандырып, «Орынборда қазақ балаларына арнап мектеп ашылады» деген хабарды естіп, оған Ыбырайды жаздырады. 1850 жылы мек­тептің ашылуында ресми лауазым иелерімен бірге қазақтың атқа мінген төрелері де келіп, салтанатты шараға қатысады.
Киіз үй тігіліп, ұлттық ойындар ұйымдастырылады.
Оқу ордасының жетіжылдық бағдарламасында өзге пәндер­мен қатар, орыс, араб, парсы, татар тілдерін оқытады. Оны бітірген оқушы өзге тілді тәп-тәуір меңгеріп, мұсылман діні бойынша жақсы сауаттанып шығады. Құранның аят, сүре­лерін жатқа білетін болады. Мұсылман дінінен Орын­бор­дың орталық ме­шітінің имамы Ғұсман Мусин сабақ берсе, араб, парсы тілдерінен белгілі шығыс­танушы Мірсалық Бекшурин оқытады. Жасынан оқуға зейін, алғыр Ыбырай мек­тепте өте жақсы оқиды. Орыстың көзі ашық зиялыларымен араласа бастайды. Әсіресе, сол кездегі Орынбор Ше­каралық комиссиясының төрағасы, шығыстанушы В.Григорьевтің үйінде жиі болып, оның бай кітап­хана­сындағы қазыналарды оқып, ілгершіл жұрттың ғылы­мымен тереңірек танысады.
1857 жылы Орынбордағы оқуды ойдағыдай аяқтағаннан кейін елге келіп, атасының кеңсесінде екі жыл хатшылық қызмет істейді. Осы кезде жас жігіт ел өмірінің жағдайымен етене араласады. Патшалық үкіметтің жергілікті жұртқа жүргізіп отырған озбырлық саясатына сын көзімен қарайды. 1859 жылы атасы қайтыс бол­ғаннан кейін, Орынбордағы облыстық басқармаға тіл­маш­тық қызметке ауысады.

ТОРҒАЙДА АШЫЛҒАН МЕКТЕП

Ұлы ұстазды зерттеуші кейбір ғалымдар Орынборда тілмаш болып жүргенде Торғайдан мектеп ашуға өзі тіленіп барды деп жазады. Ал белгілі ғалым Жұмағали Ысмағұлов оның қате екенін айтып, шындығында қиырда жатқан өлкеден мектеп ашуға ұсынысты басқарма басшысы В.Григорьевтің өзі жасаған дейді.
Туған халқының ертеңі үшін қиын жолды таңдаған оған орталықтан шеткері жатқан өңірден мектеп ашу оңайға түскен жоқ. Жергілікті уездің қызметкерлері ықылас танытпады, барлық ауыртпалықты өзі көтеруге тура келді. Торғай­ды ежелден қазақтан тұңғыш тархан атағын алған Шақшақ Жәнібек бабамыздың ұрпақ­тары мекендейді. Ол осы бақ дарыған, киелі әулетке туған жиен болып келеді. Ыбырайдың шешесі Әймен – Жәнібектің шөбересі Шеген бидің қызы. Міне, осындай текті әулеттің ықпалы жас ұстаздың ерік-жігеріне қайрат қосып, алға қойған мақсатын орындауға көмегі тиеді. Қаладан 2-3 жыл бойы дайындық жұмыстарын жүргізіп, 1864 жылы 8 қаңтарда Торғайдағы қазақ-орыс мек­тебі салтанатты түрде ашылды. Шығыстанушы, профессор Н.И.Ильминскийге жазған хатында: «Осы жылы қаңтардың 8-і күні көптен күткен ісім орнына келіп, мектеп ашылды. Оған 14 қазақ баласы кірді. Бәрі де жақсы, есті балалар. Мен балаларды оқытуға қойға шапқан аш қасқырдай қызу кірістім» деп қуанып айтады. Бұл Ыбырайдың өмірінде ғана емес, қазақ даласындағы жаңаша дәуірдің басы еді. Оның алғашқы түлектерінің арасынан білімді азаматтар қаулап шықты. 1879 жылы Ы.Алтынсарин Торғай облысы мектептерінің инспекторы болып тағайындалды. Енді ол облыстың барлық уездік қалаларында училищелер ашуды мақсат тұтады. Ел арасына шығып, жұртшылықпен жүздесіп, халықтың санасын оятуға күш салды. Соның нәтижесінде Ырғыз, Николаев, Торғай және Елек уез­дерінде екі сыныптық орыс-қазақ училищелері ашылды. 1883 жылы Торғай қаласында қолөнер мектебі пайдалануға берілді. Ол мектеп ашумен ғана айналысып қойған жоқ, қазақ балаларына арнап ал­ғашқы «Қазақ хрестоматиясын» жазды.

АБАЙЛАП АЙТҚАН ЖӨН

Туған елінің келешегі үшін жан беруге барған ардақты азамат жайында кейбіреулердің аузынан «шоқынды» деген келеңсіз пікірді естіп қа­ла­мыз. Оның бәрі көрнекті қай­раткердің өмірі мен еңбегін жіті білмегендік деп ұғамыз. Алайда ұстаз өмірін терең зерттеген ғалымдарымыз оның жалған жала екенін айтады. Тіпті 1923 жылы «Шолпан» журналында Мұхтар Әуезов «Ыбырай Алтынсарин» атты көлемді мақала жазып, ел ішін­дегі айтылып жүрген өтірік сөзден қорғайды.
Жасынан елдік дәстүр мен дінді сақтаған атасының өнегесін алған Ыбырай Алла жолын берік ұс­таған. Оның әйгілі «Кел, бала­лар, оқылық» өлеңінің алғашқы шумағы «Бір Құдайға сыйынып» деп басталады. Кеңес үкіметі кезінде оны айтқызған жоқ. Қазақ балалары ислам діні туралы ана тілімізде тереңірек білсін деп, «Мұсылманшылықтың тұтқасы» деген кітап жазды. Жұмағали Ысмағұлов ағамыз ағартушы жайында жазған зерттеуінде мынадай бір дерек келтіреді. «Алтынсариннің өз басы ислам дінінен безіп, «шоқынып кетті» деген пікірдің ешбір негізсіз, сола­қай екендігін дәлелдейтін айқын бір айғақ – оның 1889 жылы 20 ақпанда Орскі қала­сынан Орынбордағы В.В.Катаринскийге жазған хаты. Онда осындағы мек­теп­тің бір мұғалімінің қазақ балаларына Інжілдің өсиеттерін уағыздаған оспадарлық қы­лығына қатты назаланып, оқу-ағарту ісін басқаратын об­лыстық әкімге шағым айтқан Ыбырайдың үзілді-кесілді баяндалған» дейді ғалым. Сон­дықтан ардақты тұлға туралы абайлап айтқан жөн.

МӘҢГІ ӨШПЕС ШЫРАҚ

Жалпы, сөзіміздің басында Ғафу ақынның халқымыздың үш жұлдызы туралы айтқан пікірін бекерге алған жоқпыз. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов хакім атамыз жайында «Абай жолы» эпопеясын жазып, оны күллі әлемге танытты. Кәдімгі Сәбит Мұқанов құйрықты жұлдыздай ағып өткен Шоқан туралы «Аққан жұлдыз» деген көлемді роман жазды. Осы көркем дүниелер арқылы Абай мен Шоқанның бейнесі оқырмандардың жү­ре­гінде мәңгі жатталды. Ал Ыбырай атамыз жайында Ғафу Қайырбековтің «Дала қоңырауы» деген поэмасын жақсы білеміз. Содан кейін жазушы Жайсаңбек Молдағалиев ұстаз туралы «Алғашқы қо­ңырау», «Таза бұлақ» секілді шығармалар жазып, біртуар тұлғаның өмірі жайында басты шығармасын жазуды қолға алғанда өмірден озды. Кеңес үкіметі кезінде ағартушының шығармашылығына орыс пен қазақ ғалымдары көбірек қалам тербеді. Тәуелсіздік алғаннан бері оның өмірі жа­ңаша көзқараспен тиянақты зерттелген жоқ. Көбінесе жұртқа мәлім деректермен шектелді. Енді Алтынсарин мұрасын тереңірек тануды қолға алатын уақыт жетті. Бір сөзбен айтқанда, тарихымыздың ұзына бойғы жолында ұлы ұс­таздың жарқын бейнесі еңселі ескерткіштей көз тартып тұрады. Өйткені ол – мәңгі өшпес шырақ.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*