«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ұлттар бірлігін ұлықтаған

0 10

Астанадағы Достық үйінде «Бірлік пен тұрақтылық – рухани жаңғырудың негізі» атты Қазақстан халқы ассамблеясының XVII сессиясы өтті. Оған елорда әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев, Мәжіліс және мәслихат депутаттары, Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері, мемлекеттік органдардың басшылары, қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері және жастар қанатының белсенділері қатысты.

Сессияның жұмысын ашқан Е.Аманшаев ел тәуелсіздігінің 27 жылында негізгі міндеттердің іске асырыл­ған­дығын айтты:
– Бүгін елордалық Қазақстан халқы ассамблеясының құра­мында 22 этномәдени бірлестік бар. Олардың жұмысының ар­қасында біз қаламызда тұратын этностардың тұрмыстық мәде­ниетімен кеңірек таныса аламыз. Мұнымен қоса, Астанада 12 этнолингвистикалық орталық жұмыс істейді. «Жаңғыру жолы» атты республикалық жас­тар қозғалысының қалалық шта­бының құрылуы да – аста­налық ассамблеяның даму бағ­дарламасын іске асырудағы тағы бір қадам. Сондай-ақ ол ассамблея қызметінде қоғамдық келісім кеңестерінің маңызды рөл атқаратынына да тоқталды.
– Қазіргі таңда бас шаһардағы бес ірі мекеме базасында жұмыс істейтін қоғамдық келісім кеңес­терін қалалық ассамблеяның еңбек ұжымдарындағы арнайы филиалы деп айтуға болады. Бұл сондағы жұмысшылардың әлеуметтік ахуалына жақсы жа­ғынан әсер ететіні сөзсіз, – деді әкім орынбасары.
Қалалық ассамблея қайы­рымдылық шараларына да белсене атсалысады. Мәселен, олар құрған меценаттар клубының көмегімен биыл Астанада 18460 адамды қамтитын 135 шара өткізген. Ал мұқтаж жандарға көрсетілген көмектің жалпы сомасы 16 миллион 694 мың теңге болған. Осы орайда Е.Аманшаев Достық үйінде қаладағы барлық қайырымдылық шаралары жө­нінде ақпаратты реттеп отыратын «Парасат» қайырымдылық ор­талығын ашу керектігін ұсын­ды.
Ел Президентінің бастамасымен келер жылдың «Жастар жылы» болып жариялануына орай, ассамблея мүшелері алдағы уа­қыт­­та қаладағы жастар ұйым­да­рын байқауларға көбірек тартуды мақсат етіп қойды. Сондай-ақ Достық үйі жанында түрлі этнос өкілдеріне арнап мемлекеттік тілді үйрену орталығын ашу да жоспарға енді. Бұдан бөлек, онда тұрақты түрде түрлі тақырыптық көр­мелер, қолөнер жәрмеңкелері, тарихи-археологиялық экс­по­зи­циялардың көрмесі ұйым­дас­тырылмақ.
Елорда әкімдігі қалалық ас­самблеяға барынша қолдау көр­сетіп келеді. Мысалы, соңғы үш жылда этномәдени бірлестіктер үшін 34 миллион теңгеге костюмдер тіктірілген. Мұндай демеудің арқасында бүгінде «Чен рю» корей хоры, «Станички» казак хоры, «Вайнах» шешен-ингуш ансамблі секілді өнер ұжымдары республикалық және халықаралық сахналарда биік сатылардан көрініп жүр.
Сессия барысында қатысу­шылар бірлік, толерант­тылық, келісім мен елдің көркеюі туралы пікірлері мен идеяларын ортаға салды. Олар Мемлекет басшысының «Ұлы даланың же­ті қыры» бағдарламалық ма­қа­ласында қойылған міндеттер мен жаңа мақсаттарға жетуде үлкен жұмыстың күтіп тұрғанын атап өтті. Одан соң келер жылы жасалатын істердің резолюциясы қабылданып, жиынның соңы өнер мерекесіне ұласты.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ
Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Ольга АНДРИЕВСКАЯ,
«Злата» болгар этномәдени орталығының басшысы:

– Елбасы Жолдауында экономикамыздың жақсаруы, халықаралық беделдің артуы және Қазақстанның әлемдік қоғамдастықта танылуы туралы айтылды. Әсіресе, білім беру сапасы мен қолжетімділігіне қоғам назарын аударды. Бұл әрбір отбасына қатысты. Халықтың әл-ауқаты өмір сүру деңгейі мен өсуіне байланысты. Қазір біз секілді педагогтар үшін басты басымдық – «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеу. Онда мұғалімдер үшін барлық ынталандыру қарастырылған. Мұғалім күтпеген тексерулерден барынша қорғалып, жұмыс жүктемесі қысқаратын болды. Бұл – әр педагогтың арманы. Педагогикалық қызметімнің барлық уақытында, яғни 28 жыл ішінде білім беру жүйесінің реформаларын бірнеше рет көруге тура келді. Бірақ бүгінде заманауи қоғам бізге жас, табысты, функционалды сауатты ұрпақты оқытудың жаңа шарттары мен тәсілдерін талап етеді. Біз Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқытудың жүйесі мен әдістемесіне ұмтылуымыз керек.

Чу Ионг МИН,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­­верситеті
халықаралық қатынастар фа­культетінің докторанты:

– Мен Кореяның Сеул қаласынанмын. Қа­зақ­станда тұрып жатқаныма үш жылдай болды. 2005 жылы алғаш рет қазақ тілін оқи бастадым. Кореяда Ханкук шетел тілдер университетінде Орталық Азия кафедрасы бар. Сол жерде Корей студенттері қазақ тілі немесе өзбек тілін таңдап оқиды. Мен қазақ тілін таңдадым. Кореяның ірі лингвист ғалымы «Адам ана тілі арқылы өмірді біле бастайды, оның ішінде бір халықтың рухы бар» деп айтқан еді. Тіл деген жай сөйлесу емес, бір халықтың тарихы және дәстүрі, тірі мұрасы деп ойлаймын. Әрине, Қазақстан көп этникалық мемлекет және қоғамда көбі әлі орысша сөйлеседі. Бірақ Қазақстанның ресми мемлекеттік тілі – қазақ тілі, осы тіл жаңа Қазақстанның ерекшелігін көрсетеді. 2005 жылмен салыстырсам, қазір қазақ тілі қанат жайып келеді. Биылдан бастап Қазақстан халқы ассамблеясының «Қазақтану» мәдени-ағарту жобасы іске асырылуда.Бұл жоба қазақ халқының тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын қазақстандық этностарға таныс­тырады және жалпықазақстандық құндылықтарды насихаттайды.

Наталья КАРАГЕУР,
«Жаңғыру жолы» республикалық жастар
қоз­ғалысының қалалық штабы жетекшісі:

– Биыл біз елордамыздың 20 жылдық мерейто­йын тойладық. Астана бейбітшілік пен келісімнің орталығына, армандар орындалатын ордаға айналды. Бізде жыл сайын «Мен қазақстандықпын!» атты көшбасшы жобаларды таныстыратын байқау, сондай-ақ мемлекеттік тілді білу конкурсы, халықаралық этникалық сәнді марафон, қоғамдық келісім тақырыбын жариялайтын жас журналистер жарысы өтіп тұрады. Қазақстан халқы ассамблеясының тарихи-экологиялық жобасы аясында Астана қаласының жастары ата-бабаларымыздың мәдени және рухани мұрасымен байланыстыратын маңызды орындарды аралады. Біз Ақмола облысының жерінде болып, әрбір қазақстандыққа танымал, ұлы адамдардың жерленген жерлеріне, яғни Біржан салдың, атақты Балуан Шолақтың басына барып, тәу еттік.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды