«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ұлтқа қызмет үлгісі

0 48

Жуырда, нақтырақ айтсақ, 4 қараша күні Алаш қайраткерлерінің ақталғанына 30 жыл толды. Сол уақыттан бастап арыстарымыздың еңбектері басылып, бұл тақырыпты зерттеуге жол ашылды. Қазір алаштанушы ғалымдардың шоғыры қалыптасты. Алашқа қатысты ғылыми еңбектер, кітаптар жарық көріп жатыр. Бірнеше деректі фильм түсірілді. Олардың қатарын ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ және «Ел» продюсерлік орталығы бірлесіп түсірген «Алаш туы астында» деректі фильмі толықтырды. Режиссері – Ерген Тоқмурзин, сценарий авторы – Болат Мүрсәлім.

Астанада бұл кинотуындының арнайы көрсетілімі өтті. «Оян, қазақ!», «Жарияланбаған автономия» және «Қатерлі өткел» деп аталатын үш бөлімнен тұратын фильмде «Алаш» партиясының саяси аренаға шығуынан бастап, партия қызметі, Алаш арыстарының ұстанымдары қамтылды. Осы тұрғыдан алғанда оқиғалар хронологиясы жақсы сақталды. Шығармашылық топ Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Уфа және Қазан қалаларына барып, Алашқа қатысты ХХ ғасыр басындағы оқиғаларды баяндайды.
Алаш қайраткерлері ең алдымен ұлтымызды оятуды ойлады. Сол мақсатта «Айқап» журналы, «Қазақ» газеті секілді басылымдарды шығаруды қолға алды. Алайда фильмде арыстарымыздың еңбегі бізге ашылмай қалғандай болып көрінді. Оның үстіне туындыдан сол замандағы тартысты байқамадық. Алаштықтар біресе «қызылдардың», біресе «ақтардың» ығына жығылып отырған дәрменсіз жандардай болып елестеді.
Жалпы, фильмнен рухтана алмадық. Бәлкім, тұлғалар арқылы туындыны алып шығуға болар ма еді? Ал біз сол замандағы оқиғалардың жалпылама, кейбірінің тіпті бір-екі ауыз сөзбен берілгенін көрдік. Басқасын айтпағанда, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан тұлғасы ашылмады. Оны үйқамаққа отыр­ғызып қойған кеңес билігінің сескенгені белгілі. Алайда бұл үрей не үшін туғаны көрерменге жұмбақ күйінде қалды. Әлімхан Ермековтің Ленинмен қазақ жерінің тұтастығын қорғап, сөз таластырғаны берілсе де, фильм әсерлірек шығар еді. Осындай халыққа белгілі фактілер енгізілсе, артық болмас еді деп ойлаймыз.
Әрине, осындай деректі фильмдерде халыққа ұсынылатын тың деректер болуы керек. Фильмде бұл болмады ма, әлде өзіміз байқамадық па, әйтеуір, өзіміз үшін туындыны тамашалап, еш жаңалық ашпадық. Фильмнің бас кеңесшісі Мәмбет Қойгелді, Тұрсын Жұртбай, Дихан Қамзабекұлы, Сұлтанхан Аққұлы, Берік Әбдіғалиұлы сынды алаштанушылардың кадр ішінде сөйлеген сөздері туындының жүгін көтерді.
Фильмнен сол заман тынысын, Алаш қайраткерлеріне заманның жасаған ықпалын ғана байқадық. Жерде төңкеріліп жатқан шаңырақты алып жүретін салт атты адам кинотуындыға жақсы енгізілгенін де айтуға тиістіміз. Бұл адамнан Алаш қайраткерлерінің жиынтық бейнесін, партия идеясын, ал шаңырақтан қазақ ұлтын көргендей болдық.
Иә, алаштықтар ұлтқа қызмет етуді басты мақсаты етіп қойған еді. Ол мақсатқа белгілі бір деңгейде жетті де. Қазіргі мәселе соны жұртқа ашып көрсетуде болып отыр. Осы жағынан олқылықтар кетіп жатыр. Ғалымдар Алашқа қатысты әлі де көп зерттеулерді жүргізу керек дегенді айтып жүр. Осы істің бәрі мемлекеттік деңгейде жүргізілсе, артық болмайды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды