«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ұлт тарихын түгендеуге серпін берді

Серік НЕГИМОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор:

0 23

– Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халқымызға арнаған Жолдауында еліміздің ең бір көкейтесті мәселелері терең сипатталған. Әсіресе, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет екені жақсы айтылған.
Әр халық үшін жерден қасиетті дүние жоқ. Президент осы Жолдауда жұртшылықты толғандырып жүрген жер мәселесіне арнайы тоқталып: «Мемлекет басшысы ретінде тағы да мәлімдеймін: жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Оған жол берілмейді» деді. Осы парасатты толғам ел көңілінен шықты деп ойлаймын. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлының «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келді деп есептеймін» деп айтқаны өте құптарлық. Осы тұрғыдан келгенде, алдағы жылы Алтын орданың 750 жылдығын, әл-Фарабидің 1 150 жылдық, Абай атамыздың 175 жылдығын атап өту ұлт тарихын түгендеуге айтарлықтай серпін берді.
Осы жерде бір ұсынысымды айта кетсем деймін. Ана тіліміздің байлығы, бар қазынасы көркем әдебиетімізде жатыр. Сондықтан қазақ классиктерінің жүз шығармасын мектеп бағдарламасына енгізіп, жоғары оқу орындарына да міндетті түрде оқыту қажет. Өйткені еліміздегі әр адамның интеллектуалдық мәдениетін қалыптастыруға, рухани дамытуға мән берілуі керек. Кез келген мекеме басшысына халықтың тарихы мен тілін, дәстүрін жетік білетін, парасатты азаматтар іріктеліп тағайындалса деймін. Әйтпесе, Хакім Абай атамыз айтқан «кеселді қулар» көбейіп кетті.
Жолдауда білім саласына қатысты да біраз мәселелер қамтылған. Қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім саласының алшақтап бара жатқаны, ауылдық жерлердегі білікті педагогтардың тапшылығы секілді проблемалар – менің де жаныма батады. Ғылым саласына да ерекше назар аударылғаны мені қуантып отыр. Шын мәнінде, ғылым дамымай, мемлекеттің алға жүруі қиын. Бәрі – бір-бірімен сабақтасып жатқан дүниелер. Сонымен қатар мәдениет қызметкерлерін қолдауға да көңіл бөлініпті. Шындығында, еліміздегі кітапхана, музей саласының мамандарының жалақысы өте мардымсыз. Қазір бізде «кітапхана, жатақхана, дәріхана» деген ұқсас атаулар жиі кездеседі. Көне үнді жұртында кітапхананы «Даналық үй» деп атаған. Бізге де кітапхананы осылай атауға болады.
Халқымыз «Ауыл – алтын бесік» деп бекер айтпаған. Президент өз Жолдауында ауылды көркейту жайында да салмақты ойлар қозғаған. Содан кейін ауыл, аудан, қала экономикалық тұрғыдан дербес болу керек дегені де көңілге қонады. Әр елді мекен өз мәселесін өзі шешкені жөн. Сондай-ақ отбасы және бала тәрбиесі, медициналық қызмет, әлеуметтік көмек, туризм, шағын және орта бизнес секілді өзекті мәселелер жан-жақты сараланған. Қорыта келгенде, Мемлекет басшысының Жолдауы еліміздің одан әрі даму бағытын көрсетіп берді деп айтуға болады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды