«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ұлт руханиятына қосылған қазына

0 57

Ұлттық академиялық кітапханада Халықаралық nүркі академиясының ұйымдастыруымен белгілі ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің «Ұлы дала мәдениеті» және «Қорқыт ата» атты кітаптарының таныстырылымы болды.

Жиынға Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Премьер-министр орынбасары Бердібек Сапарбаев және зиялы қауым өкілдері қатысты. Шара басында зерделі оқырманға жол тартқан жинақ туралы айтулы ғалымның өзі кеңірек айтып берді.
– Әдебиеттегі көне дәуірлер тарихы туралы еңбектерім әр жерде жазылып, шашылып жүрді. Бірде Мұхтар Құл-Мұхаммед інім жолыққанда «Ұлы дала әдебиеті» деген кітапты неге жазбайсыз. Бәрі дайын тұр ғой» деді. Сол маған қамшы болып, осы еңбектерді жиып-теріп, Халықаралық түркі академиясына бердім.
Қазір бәрі айтуға жеңіл. Кезінде оңай болған жоқ. Бұрын мектепте қазақ әдебиетінің тарихы 18-ғасырда өмір сүрген Бұқар жыраудан басталады дейтін. Оның авторы қазаққа белгілі академик Қажым Жұмалиев еді. Сол кезде өзі момын, бірақ іштей бұлқынып жүретін Бейсенбей Кенжебаев ағамыз: «Жоқ олай емес, әдебиет халықпен бірге туады, бірге қалыптасады, бірге дамиды. Қазақ әдебиетінің тарихы арғы жақтан келе жатыр» деп дәлелдеді. Мені аспирантураға алып қалып, ежелгі түркі дәуірін зерттеуге тақырып берді. Сондықтан алғашқы жинаққа көне түркі жазба ескерткіштеріне қатысты зерттеулерімен бірге қазақ ауыз әдебиетінің бірқатар мұралары қамтылды.
Ал «Қорқыт ата» кітабы түркі тектес халықтардың бағына сақталып қалған дүние деп айтамын. Қорқыт атаның кіндік қаны мен мәңгілік тыныс тапқан жері – қазақ даласы. Бүгінге дейін «Қорқыт атаның» екі нұсқасы сақталған. Оның біріншісі – Ватикан кітапханасында, екіншісі – Дрезден кітапханасында. Бұл кітап бұған дейін орыс, түрік, әзербайжан тілдеріне аударылған. Кезінде Әуелбек Қоңыратбаев ағамыз орыс тілінен қазақшаға тәржімалады. Кейін оны Шәкір Ыбыраев бастаған ғалымдар да түрік тілінен аударды. Мен енді «Қорқыт ата» кітабын қасыма Гүлім Шәдиева деген қарындасымды алып, Дрезден нұсқасынан жаңашаладым, – деді автор.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды