-->

ҮЛЕСКЕРЛЕР ҰПАЙЫ ТҮГЕНДЕЛЕДІ

zhil-e-2-asli

Үйдей дауға тап болған үлескерлердің «Азбука жилья» компаниясында талай есесі кеткен еді. Енді олардың есебі Астана қаласы әкімдігінің араласуымен түгенделіп келеді. Қала басшылығының ведомствоаралық комиссиямен және прокуратурамен бірлескен жұмысының нәтижесінде құрылысы тұралаған 9 нысан бойынша оңалту жос­пары әзірленді. Осы іс-шаралардың жай-жапсарын түсіндіру мақсатында Оқушылар сарайында баспасөз жиыны өтті.

Жиынға тұрғын үй-құры­лысы кооперативтерінің төр­ағалары, «Азбука жилья» ны­сандарының үлескер-инвес­торлары және «Орда Инжи­ниринг» құрылыс компания­сының өкілдері қатысты.
Даулы нысандардың мәселесін шешу үшін алдымен тұрғын үй-құрылыс кооперативтері құрылған. Бұл жаңа құрылыс жүргізушілер мен инвесторлар тартуға, аяқсыз қалған жұ­мыстарды бітіруге септігін тигізеді. Қазір қандай іс-шара­лар жасалып жатқанынан «Жеті жол Успех» ТҚК төр­айымы Бибігүл Шапенова хабардар етті.
– «Азбука жилья» компаниялар тобының сотталған басшыларына қатысты Астана қаласы №2 Алматы соты былтыр 28 қарашада үкім шығарды. Істі болғандардың заңға қайшы әрекетпен тапқан мүліктері жә­­бірленушілердің пайдасына берілді. Яғни, дүние мүлік ны­сандардың құрылысын аяқ­тауға жұмсалады. Бұл туралы Аста­наның апелляциялық алқасы 2017 жылдың 3 ақпанында ше­шім шығарды. Енді шаруасы шала құрылыстарды «ОРДА Инжи­ниринг» басқарушы компаниясы аяқтайтын болады. Жос­парлы үйлеріне уақытында қол жеткізе алмағандардың бәрі бұдан былай талаптарын сол компанияға қояды, – деді ол.
Қазіргі таңда Сот актілерін орындау жөніндегі департа­мент тәркіленген мүлікке бағалау жүргізуде. Содан және актив­терді сатудан түскен барлық қаражат құры­лысы тоқтап қал­ған нысандарға бағытталады. Жалпы 9 нысанның екеуі – «ЭКСПО таун» және «ЭКСПО сити» кешендері бос аудандар есебінен салынып жатыр. Ал қалған 7 нысан­ның құрылысына «Орда Инжиниринг» компания­сы жауап береді.
– Біз осы күнге дейін 2000-нан аса үлескермен келісімге келдік. Жұмыс жоспар бойынша жүріп жатыр. Қазірдің өзінде «Жеті жол» тұрғын үй кешенінің 350 пәтерге шақталған бір блогын пайдалануға бердік. Енді 324 пәтерлі тағы бір блогын тапсыруға дайындаудамыз. «Айсанам DeLuxe» кешенінде 167 пәтерлі нысанның қаражатын қарастырдық. Жалпы биыл 3 тұрғын үй кешенін толықтай аяқтаймыз. Олар – «Комсомольский», «Комфорт» және «Айсанам DeLuxe» кешендері. Ал «Династия», «Садовые кварталы» нысандарының құрылысы әлі басталған жоқ, – деді «Орда Инжиниринг» ЖШС директорының құрылыс бойынша орынбасары Ғабит Бекмағанбетов.
Аталмыш компанияның өкілі активтер мен тәркіленген мүлік шығындарды толықтай жаппайтынын, қалған шы­ғындардың қалай өтелетінін де айтып берді. Оның айтуынша, инвестициялық жобалар да қарастырылған. Мәселен,
«Садовые кварталы» тұрғын үй кешені 2644 пәтерге шақ­талса, 600-і – үлескерлерге тиесілі. Қалған пәтерлер бас­қаларға сатылады.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*