-->

ҮЛЕСКЕРЛЕР ҰПАЙЫ ТҮГЕНДЕЛЕ МЕ?

Астана қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасы көрсететін мем­лекеттік қызметтердің қатарына құрылыс компанияларына үлескер­лердің қаржысын тартуға рұқсат құжатын беру қызметі кіріп отыр. Мұны қалалық қоғамдық кеңесі отырысында аталмыш басқарма бас­шысының орынбасары Гүлжан Кивенова өз баяндамасында атап өтіп, бұл шара жақында қолданысқа енген «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» еліміздің заңына сәйкес жүргізілетінін жеткізді.

Оның айтуынша, қазірге дейін 16 компания рұқсат құжатын алып үлгерді. Алайда бұл құжат жайдан-жай беріле салмайды. Алдымен компания меншігінде жер телімі немесе телімді пайдалану құқығы болуы керек. Сондай-ақ, тұрғын үйдің қаңқасы тұрғызылып, инженерлік компания ол туралы тиісті шешім шығаруы тиіс. Мұнымен қатар тұрғын үйдің белгіленген көлемде шаршы метрлері салынуы қажет. Құрылыс компаниясының нарықтағы тәжірибесі де ескеріледі. Ал нысандардың құрылыс барысын мемлекеттік сәулет құрылысын бақылау органы қадағалайды.
Гүлжан Кивенованың есеп­теуінше, бұдан кейін қаржы тартуға ресми рұқсаты бар тұрғын үй құрылысына үлес­керлер қар­жыны қорықпай сала алады. «Үлескерлердің проблемасы 2006 жылдан бері жалғасып келеді. Ал осындай рұқсат құжаты бұрын берілетін болса, көп үлескерлер қазіргідей қиналмас еді» деді ол.
Қоғамдық кеңес төрағасы Сансызбай Есілов бизнесті қолдау және кәсіпкерлерді қорғау шаралары белгілі бір салалардағы мемлекеттік бақылауға кесірін тигізгенін айтты. «Салынған нысанды мемлекеттік қабылдау функциясының жойылған кездері де бар. Жақында мынадай жағдайды естідім: қақаған қыста халықты жаңа салынған үйге кіргізген. Ал бұл үйге жылу мүлде тар­тылмаған болып шықты. Бұл жайт заңның осалдығын, тиісті жауапкершіліктің белгіленбегенін білдіреді. «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» жаңа заңның сапасы қандай екені алда анықтала жатар. Осы заңды жете түсіну үшін бөлек дөңгелек үстел мәжілісін өткізуіміз керек деп ойлаймын» деп түйіндеді сөзін төраға.

БАЛАБАҚША КЕЗЕГІ: КЕШЕ ЖӘНЕ БҮГІН
Астанада қазір балабақша кезегінде 35 мың бала тұр. Қала әкімдігі бұл мәселені жекеменшік балабақшаларға мемлекеттік тапсырыс беру арқылы біртін-біртін шешіп келеді. Мәселен, былтыр кезекте 50 мың бала тұрса, биыл олардың саны азайды. Осыған мемлекеттік тапсырыс алған жекеменшік балабақшалардың септігі тиді. Отырыста қаралған екінші мәселе осы туралы болды.
Баяндамашы қалалық Білім басқармасы басшысының орын­басары Дулат Жекебаев
қосымша тағы 65 жеке­мен­шік балабақшаға мемле­кеттік тапсырыс беруге бюджеттен қаржы бөлінгенін, оның есебінен тағы 7 мың бала бала­бақшамен қамтылатынын жеткізді. Бұған қоса, 37 бала­бақшада кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр екен.
Балабақшалардың құрылы­сына келсек, бір-екі аптадан кейін № 93 және № 94 бала­бақшалар жұмысын бастауы тиіс. Ал келесі жылы мемле­кеттік-жекеменшік әріптестік аясында Польша мемлекетінің және Алматы қаласының инвес­торлары есебінен бірнеше бала­бақша салынбақ. Еліміздің өзге де екі өңірінен сәйкес ұсыныс келіп түскен екен.
Қоғамдық кеңестің кей­бір мүшелері тарапынан жеке­меншік балабақшаларға мем­лекеттік тапсырыс берумен тым әуестенбеу керектігі жайлы айтылды. «Жекеменшік балабақшалар біліктілік талаптарына жауап бермейді. Бұл мекемелердегі оқу жос­пары, жалпы күн тәртібі сын көтермейді. Қалалық Білім басқармасы типтік мектепалды даярлық мекемелеріне екпін беруі керек. Әрине, қазір атқарылып отырған жұмыстың пайдасы да бар. Бірақ бұл мәселені түбегейлі шешіп тас­тайды деп ойламаймын. Мектепалды даярлық кешендерін салу қажет» деді кеңес мүшесі Төлеген Қуанышев.
Оған қарсы Білім басқармасы басшысының орынбасары Дулат Жекебаев бір балабақша құрылысына 700 млн теңге керек деген уәж келтіріп, оны ұстауға жылына 70 млн теңге жұмсалатынын жеткізді. Мұндай шығынды мемлекет көтере алмайды, ал 70 млн
теңгеге 10 жекеменшік бала­бақшаны ұстауға болатынын қосып қойды.
«Рас, жекеменшік балабақ­шаларға баратын балалардың ата-аналарынан шағымдар жиі түсіп жатады. Олар бұл мекемелердің сапасы тиісті деңгейде емес деп наразылық білдіреді. Сондықтан біз ко­мис­сия құрып, осындай ба­лабақшаларды аралап шық­тық. Бұл бағытта әлі жұмыс істеп жатырмыз. Мем­ле­кет­тік және жекеменшік бала­бақшаларды тең жағдайда дамыту ісімен айналысып отырмыз» деді Дулат Жекебаев.
Отырыста көпбалалы отба­сы­ларға балабақша төлемақы­сынан жеңілдік жасау, кей­бір мектепалды даярлық меке­мелерінің төлемақысы шамадан тыс көптігі мәселелері де көтерілді.
Баяндамашы алғашқы мәсе­­ле жергілікті органның құзы­рына жатпайтынын, бұл заң бойынша шешілетінін жеткізді. Дегенмен, рес­пуб­ликалық жұмыс тобында көтеретінін айтты. Бұл қала бюд­жетіне қосымша салмақ салатынын да жасырмады. Ал арнайы балабақшалардың төлемақысы кәдімгі балабақ­шалардан жоғары болатынын түсіндірді.
Үшінші мәселе – қаладағы тарих және мәдениет ескерткіш­терінің мемлекеттік тізімін бекіту туралы болды. Онымен қалалық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Қанат Төкесбай таныстырды. Оны тыңдаған қоғамдық кеңес мүшелері ескерткіштердің атау­лары, даталарына қатысты бірқатар ескертпелер мен ұсыныстарын жеткізді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Жауап қалдыру

Сіздің email-адресіңіз жарияланбайды.Қажетті өрістер таңбаланған *

*