-->

Ұлағатты ұстаз Садық Байжолұлының өмір жолы

Садық Байжолұлының қазақстандық білім беру саласында алар орны, сіңірген ерен еңбегі өз алдына орасан. Ол өзінің бар өмірін, көп қырлы дарынын, терең білімі мен шығармашылық шабытын Отанға және туған халқына адал қызмет етуге арнады.

atashka

Иә, бүкіл саналы ғұмырын болашақ ұрпаққа тәрбие беру жолына сарп еткен Садық атамыз жайлы ой толғардың басында ең алдымен еске түсетіні тек оның жақсылықты жар салып жүретін ақпейіл мінезі мен әкелік қамқорлығы. «Жақсы жайлы сөз қозғарда жақсы ойлар еске түседі» деген де осы шығар. Ардақты жан осы желтоқсанда сексеннің сеңгіріне шықты. Алдымен мерейтой иесін құттықтап, деніне саулық, балаларының ортасында өмірдің шаттығын көріп, көңіліне қаяу түспей, ұзақ жасай берсін деп тілек айтпақпыз.
Садық атамыздың ата-бабасы ежелден табиғаты тұнған Көкшенің көрікті жері Бурабайдың маңын жайлаған. Аталары Байжол ежелден күйлі тұрмыс кешіп, оқыған, халықтың діни сауатын көтеріп, имандылыққа үйірген текті жан болған екен. Балаларын да оқытып, тоқытқан. Кеңес өкіметінің бұларды жау көріп, қуғынға салып жүргенінің басты себебі де сол. Атадан балаға жалғасқан дәулетті, арабша оқып, діни сауаты болғандықты қызыл өкімет қылмыс санады. Қазіргі тілмен айтқанда бірнеше адамға жұмыс беріп, нәпақасын айыртқанды өкімет жалшы жалдап, оларды қанады, қанын сорды деп есептеді. Қызылдарға тек оқымаған, оң-солын айыра алмайтын, өзінің ешқашан орындалмайтын қиялдарына сенетін, оны айырып, сын айта алмайтын, ешқандай сауаты жоқ, кітап ұстап көрмеген, надан адамдар ғана сенімді еді. Бірақ Байжол әулеті бойдағы тектілікті ұрпақтан ұрпаққа сақтап қала білген болатын.
Садық Байжолұлы 1936 жылы 12 жел­тоқсанда бұрынғы Көкшетау облысы Зеренді ауданы Крупское ауылында дүниеге келді. Балалық шағы сұрапыл сұм соғысқа дәл келген Садық атамыз бұл өмірге бей-жай қарамай, бар мен жоқтың қадірін біліп өсті. Соқтықпалы соқпақсыз өмірдің қиыншылығын бір адамдай тартты. Ауырға мойымай, жеңілге желкілдемей жетілді.
Әрине, ол жылдардағы балалар үшін оқу мен еңбекті тең алып жүру – сол кездің маңдайға жазған сыйы еді. Қабырғаңды қайыстырып жүріп, жылдың төрт маусымында түгесілмейтін мал-жан, үй тірлігінің бірінен соң бірі туындайтын тауқыметін Сәкең де көріп өсті. Жаз болса әкесіне ілесіп, шалғы ұстап, шөп шапты. Бурабайдың нар жоталы қырат-белдерінде қой қайырып, тай жарыстырған жайлау рахатын ағайын-туыстың балаларымен бірге тамашалады. Бала болса да білікті, аз сөйлеп көп тыңдайтын, қолға алған ісін ұқыпты атқаратын еңбекқор болып өсті. Тумысынан білімге құмар жас Садық мектептен соң қазіргі Петропавлдағы педагогикалық институтқа оқуға түсті.
1959 жылы Көкшетау облысы Зеренді ауданы Қостомар ауылының тумасы Айман Қайыржанқызымен құтты шаңырақтарын құрды. Садық атамыздың бақыты – Айман анамыздай ақылман, еңбекқор, жанашыр, қайырымды, кішіпейіл жұбайының болғандығы десе де болады. Садық әкеміз Айман анамызға адал жар бола білді. Садық аға мағынасыз, беталды өмір сүрген жоқ. Үлкен мақсаттарды көздеді. Өмірінің соңғы күндеріне дейін халық игілігі үшін қызмет етті.
1963 жылы институтты бітірген соң ұстаздық жолын бастап, ауылдағы мектепке оқу ісінің меңгерушісі болды. Бұл кезде Сәкең небәрі жиырма тоғыз жастағы шағы болатын. Бұл халық атынан білдірілген ұлы сенім, жүгі ауыр зор міндет еді. Әрі ол үлкен сынақ алаңы болатын.
Сәкең қай ортада қызмет етсе де оның басшылық жасау және ұйымдас­тырушылық дарыны, күш-жігері, баста­машылдығы, жауапкершілігі ерекше айшықталып тұратын. Бірер жылдан соң аудандық білім бөлімі оны Еңбекшілдер ауданының сегіз жылдық Яблоковский мектебіне директор қызметіне жібереді. Ал 1970 жылы Гордеевский 8 жылдық мектебіне басшылық жасады. Мұнан соң 1991 жылы құрметті еңбек демалысына шыққанға дейін, анығында 1981 жылдан 1991 жылдар аралығында Белоцерковская орта мектебінің директоры болып жемісті еңбек етті. Асыл жанның барлық еңбек өтілі отыз жылдан асады екен. Міне, ұлағатты ұстаз жолы деген осы да.
Садық атамыздың ерекшелігі – ол туа біткен ұстаз, бар жандүниесімен мұғалім. Ұстаздықтың шыңына шыққан зиялы жанның бірегейі. Тіпті, сыныптан сыныпқа өте алмай қалған үлгерімі нашар балалар Садық атамыздың сыныбына келсе, міндетті түрде жақсы бітіріп, тіпті, өз қатарларын қуып жететін. Қазір сол азаматтардың алды елудің ар жағында, бір-бір шаңырақтың ұйтқысы, немере сүйіп ата болып отыр. Садық ата нашар оқиды деген шәкіртке ең алдымен сенім білдіріп, сол кездері жауапкершілігі жоғары староста, спорт секторы, тазалық секторы, оқу секторы сияқты қоғамдық жұмыстарға сайлап, жұмыс істетіп, оқымайды деген шәкіртті оқытып шығаратын. Әрбір баланың жеке қасиетін дамытуға көп көңіл бөлетін. Бұл да ұстаздың шеберлігі, ұлылығы емес пе?!.
Ұзақ жылдар бойы ұстаздық ету оңай емес. Ұлағатты ұстаздың көп жылғы еңбегі елеусіз қалған жоқ. Сол кездегі Целиноград облысында ең алғашқылардың бірі болып «КСРО оқу-ағарту ісінің үздігі», «Қазақ КСР оқу ісінің озаты» мәртебелі атақтарын алды. Садық Байжолұлы тыл ардагері, әрі «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған. Еліміздің білім дамуы жолында қол жеткен табыстары, еліміздің гүлденуіне қосқан үлесі үшін көптеген құрмет грамоталарымен марапатталған.
Бүгінде Садық Байжолұлы – берекелi шаңырақ иесi, ұл-қыз өсiрiп, келiндi болып, немере-шөбере сүйген қадiрмендi ата. Отанасы Айман апамыз екеуі Бауыржан, Әміржан, Тілеужан атты үш ұлды ұяға, Гүлден, Айгүл, Марлен есімді үш қызды қияға қондырды. Бүгін солардың ортасында, немере-шөберелерінің әр қылығына сүйсініп бақытты ғұмыр кешіп отырған жайы бар. «Менің бар бақытым – балаларым» дейді Садық ата. «Мен оларды келін, күйеубала деп бөліп жармаймын. Балаларың қанша дегенде барлығын қосып, Алла берген балаларым деймін» дейді асыл ата. Бүгінде Сәкеңнің 13 немере, 8 шөбересі өнегелі өсіп келеді.
Қазір балаларының барлығы да әке-ананың есімін жоғары ұстап, әр салада абыройлы қызмет атқарып жүр. Олардың қатарында тұңғыштары Бауыржанның биігін айтсақ та жеткілікті шығар. Ол Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өз қолынан әскери жоғары атақ – генерал-майор шенін алған, еліміздің айбыны Ұлттық ұланда жоғары басшылық лауазымда жемісті қызмет атқарып келеді.
Қорыта айтқанда, батыр Баукең «Ұстаз­дық – ұлы құрмет. Себебі ұрпақ­тарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндет­тіміз» деген екен. Иә, ұстаз жүгі – әруақытта да ауыр жүк. Сол жүкті қасқая көтеріп, мойымай, өз ұрпағының ғана емес елдің қамын, кемел келешектің кепілі – жастарға білім беруге бар ғұмырын арнаған Садық ата­мыздың өмір жолы өшпес өнеге бола бермек.

Қуаныш ҚОЖАХМЕТОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Жауап қалдыру

Сіздің email-адресіңіз жарияланбайды.Қажетті өрістер таңбаланған *

*