«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ұйым табысы – үйлесімді әрекетте

0 30

Нұрсұлтан Назарбаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысына қатысты.

Жиын барысында Мемлекет басшысы және ресми делегация мүшелері жаңа жағдайға байланысты келешекте атқарылатын өзара іс-қимыл мәселелерін талқылап, халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
– Елдеріміздің үш миллиардтық адами әлеуетінің жиынтық күшін Шанхай ынтымақтастық ұйымының экономикалық ынтымақтастығын жандандыру үшін пайдалану керек. Елдеріміз арасындағы сауда-инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды екі жақты деңгейден көп жақты деңгейге көшіруді қамтамасыз ету маңызды болып саналады. Біз Ұйым аясында жобаларды қаржыландырудың бірлескен тетіктерін қалыптастыруға және технологиялық ресурстарды жұмылдыруға шақырамыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы бірлескен заманауи өндірісті дамыту үшін және электронды сауданы кеңейту үшін ортақ платформа құру мақсатымен цифрландыру және жаңа технологиялар саласында тәжірибе алмасу жөніндегі алаң қалыптастыру идеясын талқылауға ұсынды.
Қазақстан Президенті сапалы экономикалық өсім үшін инфрақұрылымдық «мегажобаларды» жүзеге асыруды ұсынды. Бұл жобалар мультипликативтік әсердің қуаттылығын қамтамасыз етуге және Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің ғылыми, қаржылық және адами әлеуетін жұмылдыруға мүмкіндік беруге тиіс.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті әлемдегі жетекші қаржы орталықтарының үздік модельдерін негізге алған «Астана» халықаралық қаржы орталығы өз жұмысын бастағанын және оның Қазақстанның экономикасы мен Шанхай ынтымақтастық ұйымына қарасты барлық елдердің қаржы жүйесінің дамуына оң әсер ететінін атап өтті.
Соңында Мемлекет басшысы Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинге тиімді әрі табысты төрағалық еткені үшін алғыс айтып, Қырғызстанның да осылайша жемісті жұмыс жүргізуіне тілектестік білдірді.
– Ұйымның табысты болуы көбіне біздің үйлесімді әрекеттерімізге, әлемдік және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешуге қатысты ұстанымдарымыздың біркелкілігіне байланысты. Сол арқылы біз қазіргі заманда туындап жатқан кез келген сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге дер кезінде жауап беруге кепілдік бере алатынымызға сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті.
Елбасы ҚХР-ге сапарының қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін брифинг өткізді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды