«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Үйдегі дәрігерге» дән риза

0 53

Урбанизация мен демография көрсеткішінің жоғарылауы елордада денсаулық сақтау саласы бойынша жаңа бастамалар жасау қажетін тудырғаны аян. Соған орай Нұр-Сұлтан қаласында емханаларды дамыту тұжырымдамасы әзірленген еді. Жоба мақсаты – денсаулық сақтау ұйымдары қызметінің тиімділігін арттыру, отбасылық денсаулық сақтау орталықтарын тұрғындарға бір қадам болса да жақындату болатын.

Осы тұжырымдама аясында «Үйдегі дәрігер» жобасы қолға алынған. Амбулаториялық көмекті барынша халыққа жақындатуды, емханалардың жүктемесін азайтуды көздейтін бұл жобаны жүзеге асыру үшін елордада коммуналдық меншік нысандары іріктеліп, тұрғын үйлердің бірінші қабаттарынан «Үйдегі дәрігер» отбасылық денсаулық орталықтары ашыла бастаған еді.
«Салауатты Астана» ЖШС директоры Лейла Ишбаеваның айтуынша, мұндай орталықтар іс жүзінде тиімділігін дәлелдеп отыр екен.
«Бұл бізге не береді? Біріншіден – учаскелік және отбасылық дәрігерлер қолжетімді болды. Науқастар бұрынғыдай ұзақ жол жүрмей, өзіне жақын жердегі емханаға тіркеліп, медициналық көмекке жүгіне алады. Мысалы, біздің «Жағалау» орталығымызда қазір 20 мыңға жуық азамат тіркелген. Олар егу, күндізгі стационар, УДЗ, ЭКГ және тағы басқа базалық медициналық қызмет түрлерін ала алады. Мұндай орталықтарды көбейту, сөз жоқ, емханалардағы ұзын-сонар кезектердің азаюына, азаматтардың дер кезінде көмек алуына жол ашады» дейді ол.
Жалпы мамандардың айтуынша, медицина саласында мемлекеттік мекемелер мен жекеменшік мекемелердің ықпалдасып жұмыс істеуі жақсы бәсеке қалыптастырады.
Өйткені олар халықтың да, мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарының да сенімін ақтауға тырысады.
Өткен жылы елордада осындай 8 орталық қызмет көрсете бастаған. Олардың үшеуі – Есіл ауданында, біреуі – Алматы, үшеуі Байқоңыр және біреуі Сарыарқа ауданында орналасқан. 2023 жылға дейін қалада осындай 51 дәрігерлік амбулатория ашу көзделіп отыр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды