«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

ҰБТ: Үміт пен күдік

0 18

Ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы күні бақ сынаған 12 772 түлектің 9338-і шекті балды жинады. Ал 3 434 мектеп бітіруші сынақтан сүрінді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Білім және ғылым министрлігінің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаментінің директоры Әділет Тойбаев мәлім етті. Барлық түлектердің 11 361-і – мемлекеттік тілде, 1 411-і орыс тілінде сынақ тапсырғанын айтты.

Маусымның 21-ші жұлдызы. Елордамыздағы Қажымұқан көшесі, 13-ші үйдегі Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың №3 ғимараты. Сағат 10.30. Далада күн +270 С ыстық. Күннің күлімдеп шығуы сынақ тапсыруға жиылған түлектер мен олардың ата-аналарының жүрегіне бір жылылық ұялатқандай. Ата-­аналары балаларына сәттілік тілеп, беттерінен шөпілдетіп сүйіп жатыр. Түлектер көңілінде үміт пен күдік араласқан сәт. Мінеки, көптен күткен ҰБТ-ның басталар сәтіндегі көңіл-күй осындай.
Сынақтан бұрын ҰБТ-ны ұйымдастырушылармен тілдеспек болып едік, сәті түспеді. Содан соң, түлектердің емтиханнан шығатын уақытын күттік. Бірден байқағанымыз, түлектердің дені көңілсіз шығып жатты. Мұның сырын білмек болып, бір-екеуін сөзге тарттық.
Ұлан Буыжбанов, түлек:
«Мен 11-ші сыныпта күніне кем дегенде екі-үш сағаттан дайындалдым. Бүгін соның жемісін көрдім. ҰБТ көңілімнен шықты. Өзіме ғана сендім. Жақсы балл алатыныма сенімдімін. Бұл – түлектің өмірге жасаған қадамын айқындайтын сәт».
Биыл ҰБТ-ны жетілдіруге қатысты бірқатар өзгеріс енгізілді. Осы жаңалықтарды ата-аналардың қалай қабылдағанын сұрап, жалпы ҰБТ-ға деген көзқарасын білу мақсатымен, ата-аналардың әңгімесіне құлақ түрдік.
Гүлназ Оспанова, түлек:
«Менің дайындалған сұрақтарым мүлдем келмеді. Оның үстіне, тексерушілер ҰБТ тапсыратын аудиторияға қайта-қайта кіріп, мазамызды алды. Балалар да бір-бірінен көмек сұрап, сыбырласып отырды. Соның кесірінен ойымды жинақтай алмадым. Шпаргалка пайдаланбақ болған бір баланы ұстаздар ұстап алды. Өзім ондай әрекетке баруға қорықтым. Бір сорақысы, кейбір түлектер ұялы телефонын өзімен бірге алып кіріп, сұрақтарды суретке түсіріп, дұрыс жауабын алды. Әрине, бұл – әділетсіздік. Меніңше, әр бала қалаған мамандығына орай емтихан тапсырғаны дұрыс болар еді».
Қыдырбай Серікбаев, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
«Шынымды айтсам, жыл сайын ҰБТ-ның ережелеріне өзгерістер енгізілгенін құптамаймын. Мысалы, бүгін қызым ҰБТ-ның қағазын толтырарда қателік жіберген. Дұрыс түсіндірмепті. Осыған наразылық танытып, шағымданып жатырмыз. Қызым 1 жыл бойы үздіксіз дайындалды. Күні-түні кітаптардан көз алмады. Әртүрлі білім беру орталықтарына да барды. Түптеп келгенде, ҰБТ-дан 64 балл жинап, грантқа өтпеді. Кеше қызым жаман бір әрекетке бара ма деп қорықтық. Қазіргі жастардың жаны тез жараланғыш. Өзінің бар білімін жалғыз ғана тестілеу көрсетпейтінін түсінуі тиіс. Өз басым ҰБТ-ны мүлдем ұнатпаймын. Баланың бағын байлайды, сағын сындырады. Бәлкім, болашақта бұған балама болатын сынақ түрі табылар».
Зүлфия Құсаманова, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
«ҰБТ-дағы былық-шылық­тарды балам айтып берді. Мысалы, кейбір балаларды дәретханаға баруға 2-3 реттен жіберген. Ал менің қызым сұранған кезде: «Кімді жіберетінімді өзім білемін» деп босатпаған. Бұл не деген сұмдық?! Негізі, әр бала дәретханаға бір рет баруға құқылы. Екіншіден, кейбір сұрақтардың жауабы болмаған. Мұны ҰБТ-ны ұйымдастырушыларға балам айта алмады. Қызым мектепті «Алтын белгімен» бітірді. Көңіліңді түсіретіні, нашар оқыған балалар да бұл жолғы ҰБТ-дан жоғары балл алыпты. Сол себептен, ҰБТ-ға деген сеніміміз жоқ. Алдағы жылы қолданыстан алып тастау керек. Я болмаса сұрақтардың санын азайтып, сапалы, әділ тестілеу өткізілсін».
Түйін сөз: Әрине, біз бір ғана ҰБТ тапсыру нүктесіне бардық. Бірақ басқа жерлердегі ахуал басқаша болуы әбден мүмкін. Бәлкім, түлектер биыл енгізілген жеңілдіктерді әлі білмей жатқан шығар. Ал ҰБТ 30 маусымға дейін созылады. Біз үмітін үкілеп, бағын сынайтын барша түлектердің қадамына сәттілік тілейміз!

Назерке Бауыржанқызы,
Рамазан Есмағамбетов,
Л.Гумилев атындағы Еуразия
ұлттық университетінің студенттері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды