ҰБТ АЯҚТАЛДЫ: ОҚУҒА ТҮСУ ОҢАЙ МА?

Еліміз бойынша ҰБТ аяқталды. Биылғы науқанның нәтижесінде сынаққа қатысқан талапкерлердің ешқайсысы ең жоғарғы балды жинай алған жоқ. Жалпы, көрсеткіш жаман емес. Республика бойынша орташа балл 80,5 болса, Астанамыз бойынша 84,65. Ендігі кезекте әңгіме «Қайығы судан өткен» үміткерлер жайында болып тұр. Себебі сол, олардың кез келгені шекті балды еңсердік, енді қалаған оқу орнының есігі ашық деп айта алмайды. Олардың ақылы оқуға түсу мүмкіндігінің өзі таңдау пәндерінің балына байланысты. Бүгінде қаншама мың талапкерді дәл осы мәселе толғантып отыр.

Республика көлемінде ең жоғарғы 140 балдың 50-ін жиып, шектік деңгейді еңсергендер саны осы жылы 74 мың 517 түлек болды. Енді шекті балды алдық деп алақайлаған талапкерлер де таңдау пәндерінен межелі 15 балдан алмайтын болса, таңдаған мамандығына ақылы негізде болса да, барудың ауылы алыс. Ақылы негізде оқу үшін мемлекеттік жоғары оқу орындарында шектік балл – 50 балл. Ал Ұлттық университеттер үшін шектік балл – 65 балл.

Дәл қазіргі таңда межелі балды бағындырғанымен, ішінара таңдау пәндерінен жинауға тиіс балынан аса алмай, оқуға тапсыру мүмкіндігін тағы бір сынауға тиіс талапкерлердің қатары артып, үлкен дау тууда. Бұл мәселе Білім және ғылым министрлігінде талқылануда. Алдағы уақытта бұл межелі балл өзінің күшінде қалуы немесе төмен түсіріп, талапкерлерге мүмкіндік берілуі мүмкін. Талапкерлер әр пәннен алған балдары осы шектен асқанда ғана мемлекеттік грант конкурсына қатыса алады немесе ақылы негізде оқуға түсе алады. Егер шектен аспаса, жалпы балы неше болса да оқуға қабылданбайды.

Менің баламның таңдау пәндері – география мен физика. Ал олардың біреуінен – 14, екіншісінен 9 балл алды. Жалпы қорытындымыз 73 балл болса да, біз өзіміз таңдаған мамандық бойынша, Қазақ агротехникалық университетінің ақылы бөліміне де тапсыра алмай отырмыз. Одан ҰБТ-ның алдыңғы жүйесі жақсы еді. Бала 50 балл алды ма болды, оқуға түсе алады. Ал биыл біздің балымыз ақылы бөлімге де жетпей отыр» дейді Жадыра Бөлекбаева есімді ата-ана.

Ал №40 орта мектептің директоры Ербол Іргебай: «Таңдау пәнінің дұрыс жауаптары бойынша 40 балл алуы керек. Сол 40 балдың 15-ін жинай алмаса, ол бала болашақ мамандығына қалай барады? Өзінің жаны қалаған, ізденген, жақсы білетін саласынан әлден осындай аз балл жинаса, ол дұрыс емес. Сондықтан осы талапты өзім қолдаймын» дейді.

Оқуға түсу оңай болған қоғамда, мамандыққа деген махаббат та төмендейді. ҰБТ-ның жаңа жүйесі жастарға жаңа серпін әкеліп, алдағы уақытта өздері таңдаған мамандыққа ізденімпаздықпен, жауапкершілікпен келетін болады. Дәл қазіргі уақытта таңдау пәндерінен межелі пәндерді бағындыра алмаған талапкерлер жаппай Білім және ғылым министрлігінің осыған байланысты қабылдайтын қаулысын күтіп отыр.

 Гүлжан РАХМАН

Сонымен қатар

БҮЛДІРШІН БАҚШАҒА АСЫҚСА…

Балабақша тек бүлдіршіндердің келіп-кететін мекені болмауы керек. Ата-ана баласын онда «баламыз жұмыс жасауға кедергі болмасын» …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған