«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Уақытты тоқтатқан…

0 115

Қазір Тәуелсіздік сарайында белгілі фотожурналист, майдангер, өлкетанушы, бір сөзбен айтқанда, елорданың байырғы тұрғыны болған марқұм Нұрмұхамат Имамовтың шығармашылығына арналған «Жарықпен жазылған тарих» атты көрме өтуде. 

Бұл көрме қала күні қарсаңында ашылды. Мұнда фототілшінің Ақмола облысының тарихы, бүгінгі елорда, кешегі Целиноград қаласының толық панорамасы, аймақтың өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығының даму белесі, шаһарда болған айтулы оқиғаларды түсірген 300-ден аса жұмысы қойылған.

Дарынды азамат саналы ғұмырында осы өңірдің тарихын біраз зерттеумен айналысқан. Сол үшін Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Омбы, Томск, Саратов, Орынбор, Ташкент, Қызылорда мұрағаттарында болып, Ақмоланың өткен дәуіріне қатысты фотосуреттер мен құжаттардың көптеген репродукция­ларын жасаған. Томск архивінен «Акмолинская правда» газетінің алғашқы шығарылымын тапқан. Бұл кісі облыстық басылымда қызмет атқарған жылдары да қоржыны қомақты дүниеге толған. Ақмолаға сапарлап келген Сәбит Мұқанов, Роза Бағланова, ғарышкер Виктор Горбатко, суретші Борис Андреев, Иосиф Кобзон, Ольга Корбут, жапон әншісі Турика Оно секілді тұғырлы тұлғалардың бейнелерін суретпен сөйлеткен. Көрмеде осы жәдігерлерді қызығып көресіз. Әсіресе, қаладағы 70-80-жылдарда іргетасы қаланған еңселі ғимараттардың құрылысын фотограф нысанасынан қалт жібермеген.

Бүгінде фотожурналистің баласы осы құнды мұраларға көзінің қарашығындай қамқор болып жүр. «Әкем соғыс­тан оралғаннан кейін фото өнерімен шынайы жақсы көріп айналысты. Бірнеше жылдар бойы осы қаланың тіршілігін суретке түсірді. Өңірдің еңбеккерлері оның назарынан тыс қалмады. «Киев» аталған фотоаппаратының объективіне ілінбеген ескі шаһарда бұрыш жоқ. Қазір әкемнен қалған суреттер мен құжаттарды отбасылық архивімізде сақтап отырмыз» дейді ол. Айтпақшы, көрме осы айдың соңына дейін жалғасады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды