«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

ТЫНЫШТЫҚ САҚШЫЛАРЫ

0 92

Алматы ауданы Ішкі істер басқармасы жанынан жаңа полиция бөлімі ашылды. Биылғы қаңтардан бастап жұмысқа кіріскен құқық қорғау қызметкерлерінің тыныс-тіршілігімен біз де танысып қайтқан едік.

Астаналық ІІД басшылығының ұйғарымымен биылғы жыл «Халықтың сенімі – полиция күші» деп жарияланған болатын.

Полиция қызметкері болу оңай емес. Әсіресе, астаналық тәртіп сақшылары үшін жауапкершіліктің жүгі ауыр. Себебі, елорда бұрынғыдай шағын шаһар емес. Тұрғындар саны күн сайын көбейіп келеді. Соған сай полициялардың да күшін көп қажет ететіні сөзсіз. Құқық қорғаушылардың атына аз сын айтылмайтынын ескерсек, соның бірі полициялардың жетіспеушілігінен шығып жатады. Алматы ауданы ІІБ жанындағы полиция бөлімінің ашылуымен азаматтардың қауіпсіздігін қорғап, тыныштығын күзететін сақшылардың қатары да арта түсіпті. Осы полиция бөлімінің бастығы, подполковник  Қадыр Малғаздаровтың айтуынша, әлі де штат толыға түседі. Бұл полициялардың діттеген жеріне  дер кезінде жетіп, тиімді жұмыс істеуіне ықпал ететін көрінеді.

 

Жақсы жұмыс істеуге жағдай бар

«Біздің мақсатымыз – халықтың полицияға деген сенімін арттыру. Ол үшін қылмысты дер кезінде ашу, оның алдын алу үшін профилактикалық шараларды жүргізу сынды өзімізге тиесілі жұмысты адалымен атқаруымыз керек.  Оған жағдайдың бәрі жасалған. Жаңа ғимаратымыз өз алдына, полициялардың жеке кабинеті, компьютері, қажетті құрал-саймандарының бәрі бар. Мұның бәрі қоғамдық тәртіп сақшыларының өз қызметін сапалы әрі жоғары деңгейде атқаруына мүмкіндік береді» дейді Қадыр Сабырұлы.

Алматы аудандық Ішкі істер басқармасы жанындағы полиция бөлімі Обаған көшесінде орналасқан. Қызмет ететін аумағы – Оңтүстік-шығыс шағын ауданы, Интернациональный, Мичурин, Өндіріс кенттері, Тәуелсіздік көшесі мен Бауыржан Момышұлы даңғылы және Қарағанды трассасының оң жағы. Шамамен, 100 мыңнан астам тұрғынға қызмет етеді. Соның ішінде 9 мектеп пен 7 балабақша бар. Бұрын осы аумақта қызмет еткен 10,11,12-ші полиция бөлімшелері де енді осы бөлімнің құрамына біріккен.

Астананың жоғарыда аталған аумағында жеке секторлар көп. Саяжайларында сырттан келген азаматтар да көп тұрады. Сондықтан аумақтың ортасынан бір полиция бөлімінің ашылғанына жұртшылық дән риза. «Енді ұры-қарылар сәл де болса аяғын тарта жүретініне үміттіміз» дейді тұрғындар.

Полиция бөлімінің ашылғанына көп бола қойған жоқ.  Кезекшілігін атқарып отырған полиция жедел кезекшісі Ерқанат Керкеев жұмыс кешке қызатынын айтып қалды. Кезекші бөлімде егде тартқан орыстың бір қариясы тұр. Жүзінен қуаныштың табы білінеді. Әңгімеге тарттық. Өзін Федор Бабич деп таныстырған ол жақында ғана пәтеріне ұры түскенін жеткізді. «Жұрттың айтуымен, бірден полицияға хабар бердік. Жігіттер көп күттірген жоқ, жетіп келді. Енді бүгін ұрыны да, ұрланған заттарымды да қолға түсіріпті.  Шынымды айтсам, қолды болған заттарымның бәрі шашау шықпай табылады деп ойламаған едім. Кәдімгідей қуанып тұрмын» дейді ол ағынан жарылып.

Әр бөлімшенің өз міндеті белгіленген

Әрине, құқық қорғау саласында тергеу, жазалау, қылмыскерлерді сотқа өткізу деген бар. Сондықтан полициялардың бәріне бірдей жақсы көріне беру де шарт емес-ау.  Анықтау-тергеу бөліміне барғанымызда Нұрсейіт Метерқұлов атты полиция жасалған қылмыс бойынша тергеу амалдарын жүргізіп, енді істі сотқа өткізу жұмыстарымен айналысып жатыр екен.

–Хазірет Сұлтан мешітінен бір азамат телефоны ұрлағаны туралы шағым түсірген еді. Оқиға болған жерге барып, жәбірленушінің жауабын алып, мән-жайды анықтадық.

–Сонда ұрыны ұстадыңыздар ма?

–Иә, ол бірден қолға түсті. Күдікті мен жәбірленушінің жауабын сәйкестендіріп, енді істі сотқа дайындап жатырмыз.  Қылмыскер жазасын алуы керек қой. Ал ұрланған телефон тәркіленіп, иесіне қайтарылды.

–Осы біреу телефонын өзі қоғамдық орын, басқа да жерде ұмытып қалдырып кетсе, оны біреу алып алса, қылмыстық іс қозғала ма?

–Жоқ. Мұндай жағдайда қылмыстық іс қозғалмайды. Себебі, телефонды тауып алған адам оны ұрлап алған жоқ.  Ол жауапкершілікке тартылмайды. Бірақ азаматтар шағымданып келгеннен кейін телефонын тауып беруге тырысамыз.

Бұдан кейін Жедел іздестіру бөлімшесіне келдік.  Мұнда жұмыс істейтін жедел уәкілдер қылмыскерлерді  жәбірленушінің сипаттамасы бойынша арнайы дерек қорынан іздестіреді. Қылмысқа қатысы бар деген күдікті азаматтар да алдымен осы бөлімшеге жеткізіледі. Егер қылмыскер екені нақты анықталса, онда оның қолтаңбасы алынады, суретке түсірілетіні де осы жер.

Полиция бөлімі құрамында бұдан басқа криминалистикалық топ, кәмелеттік жасқа толмағандармен жұмыс істеу бөлімшесі, тергеу, анықтау топтары, учаскелік инспекторлар басқармасының аппараты бар екен.

Астаналық полицияның жауапкершілігі үлкен

Бір байқағанымыз, полиция бөлімінде қазақтың өңкей жас жігіттері жұмыс істейді екен. Олардың ішінде спорт шеберлері де баршылық көрінеді. Атап айтқанда, Азат Бұралхиев – қоян-қолтық ұрыстан спорт шебері, Нұралы Көбеев – еркін күрестен спорт шебері.  Ал Оңтүстік-шығыс бөлімі бастығының бірінші орынбасары Мақсат Қадырбаев –кикбоксингтен Қазақстан спорт шебері. Грецияда өткен әлем чемпионатында ол екінші орынды иеленген. «Кез келген полиция спорттық дағдыларды меңгеруі тиіс. Кейде қылмыскерлердің ізіне түсіп, қуалайтын кездерің болады. Сол кезде ұстай алмасаң – полицияға сын. Сондықтан дене-бітіміңді үнемі шынықтырып отыру қажет» дейді Мақсат Аманғазыұлы. Айтпақшы, осы полиция бөліміне спорттың кикбоксинг түрінен бірнеше дүркін чемпион болған Мұрат Манекеев те жақында жұмысқа алыныпты. «Осындай жастарды тәрбиелеп, дұрыс бағыт-бағдар беру – біздің міндетіміз. Әсіресе, астаналық полицияға жүктелер міндет үлкен. Егер жұмысымызды адал атқарып, халықтың бізге деген сенімі ақталып жатса, содан артық абырой жоқ бізге» дейді криминалистикалық полиция бөлімшесінің бастығы, полиция ма­йоры Данияр Жанқұлов.

Жалпы полиция қызметкері халыққа жақын әрі оларға танымал тұлға болуы тиіс. Азаматтардың қауіпсіздігін қорғап, оларды қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырып, соған ұйыта білсе – полицияның жұмысы ақталғаны. Ендеше, азаматтардың тыныштығын күзету міндеті сеніп тапсырылған полициялар қоғамдық тәртіпті босаңсытпайтынына сенім артамыз.

 

Қымбат НҰРҒАЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды