«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тың игеру науқаншылдыққа ұласып кетті

Жәнібек КӘРІБЖАНОВ, мемлекет қайраткері

0 88

Биыл өткен ғасырда жүргізілген ауыл шаруашылығы саласында ірі реформалардың бірі – Тың және тыңай­ған жерлерді игеруге 65 жыл толып отыр. Соған орай ұзақ жылдар бойы ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, әкім, министр, Үкімет басшысының орынбасары секілді жауапты қыз­меттер атқарған Жәнібек КӘРІБЖАНОВПЕН кездесіп, тарихқа бір шолу жасаған едік.

– Жәнібек Сәлімұлы, осы тың игеру науқаны туралы қазір түрлі көзқарастар бар. Бұл тарапта сіздің ойыңыз қандай?
– Жалпы, Кеңес одағының тың және тыңайған жерлерді игеруі дүние жүзі бойынша өте ауқымды экономикалық жобалардың бірі болды. Қазір қоғам, уақыт басқа. Сондықтан тың игеруге деген көзқарас та өзгерді. Біреулер оны құптаса, екіншісі жоққа шығарады. Менің ойымша, шындық осының ортасында деп ойлаймын. Сол кездегі одақ көлемінде тың және тыңайған жерлерді игеру 42 миллион гектар болса, Қазақстанда ол 26 миллионды қамтыды. Яғни, жерді игерудің алпыс пайызы бізде болды. Сөйтіп, еліміз тыңның орталығына айналды.
Негізінен алғанда, бұл реформаның идеясы дұрыс. Сол кезде Қазақстанда игерілмеген жер көп болды. Сондықтан бос жатқан құнарлы жерлерді игеріп, кәдеге жарату – құптарлық. Бірақ экономикалық жобаның орындалуы көптеген кемшілікке ұрындырды. Алғашқы жылдары тың игерілген жерлерден миллиард пұт астық алу оңайға түскен жоқ. Оған қанша күш сарп етілді. Бірақ орталық тың игеруді ұраншылдыққа, науқаншылдыққа айналдырып жіберді.
Алдымен дұрыстығын айтайық. Тың игерудің нәтижесінде Қазақстан ірі астықты республика атанып, экспортқа өз өнімін шығара бастады. Қазір де астықты держава қатарындамыз. Жаңадан көптеген колхоз-совхоздар бой көтерді. Олар толықтай техникамен жабдықталды. Халықтың жағдайы мен тұрмысын көтеру үшін мектептер мен ауруханалар, мәдениет үйлері, теміржол және тас жолдар салынды.


– Тың игеру науқаншылдыққа айналды деп отырсыз. Мұны қалай түсінуге болады?
– Ол былай: Кеңес өкі­меті қаржыны тың игерген жерлерге төкті де, оған кірмеген аймақтар ескерусіз қалды. Әсіресе, бұл елді мекендерде жергілікті ұлт қоныстанды. Ол өңірлердің экономикасы дамымай, өгей баланың күйін кешті. Артта қалған, мал шаруа­шылығымен айналысатын, жергілікті халық қоныс­танған 30 аудан осы қатарда. Шындығында, олардың не жазығы бар? Сондай-ақ тыңгерлер жыртуға жарамайтын жерлердің өзін жыртып тастады. Бұл қазақтың тынысы мен тұрмысын тарылтты. Біздің халқымыздың тіршілігі мал шаруашылығымен біте қайнасқан. Сондықтан жайылымдық жерлер тарылып, ел қорасындағы азын-аулақ малды қайда бағарын білмеді. Мал жаятын жер болмағаннан кейін ­ жағдайы нашарлады. Мұны ұжымдастыру кезінде ауқаттылардың мал-мүлкін тәркілеп, өздерін жер аударған көрініспен салыстыруға болады. Оның үстіне, тың игеру кезінде қазақтың болмысы, тілі мен дінін ешкім елемеді. Елімізге сырттан екі миллионға жуық адам келді. Соның салдарынан халқымыздың саны өз жерінде азшылыққа ұшырады. Кейбір дерек бойынша, тың игерілген ауылдарда 700-ге жуық қазақ мектептері жабылған.
Сондай-ақ жаңадан құ­рылған совхоздарға ұлтымызға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын есімдер берілді. Мәселен, не теңізі, не өзені жоқ бір ауылға адмирал Ушаковтың аты қойылды. Әрі қарай Волга-Дон, Вячеславка, Киевка, Софиевка деп кете береді. Тіпті бір елді мекенге «Рентабельный» деген ат қойыл­са да, ол шығыннан көз ашпады. Сөйтіп, қазақтың байыр­ғы жер атаулары ұмытылды. Қазір сол ауылдардың көне атауларын қайтарып жатқанымыз тарихи шындықтың салтанат құрғаны деп білемін.
– Осындай қиянатқа билік басында отырған азаматтар үнсіз шыдап отырды ма?
– Үнсіз отырды дей алмаймын. Қазақстанның бұрынғы басшылары тың игеру реформасын қолдады. Бірақ олар бұл экономикалық жобаны ойланып жасап, құнары аз жерлерге тиіспеу керектігін айтқан. Халқымызды өз ата кәсібінен ажыратып, тынысын тарылтпауды ойлады. Қазақ тілінің тағдырына алаңдаған. Бұл пікірлер тікелей Мәскеуге айтылған. Мәселен, кейбір ауылдар­дағы құнарлы жердің қыр­тысы 5-10 см аспайды. Соған қарамастан ол жерлердің сары топырағын шығарып, жыртып тастады. Бұған сол кездегі билікте отырған Жұмабай Шаяхметов, Фазыл Кәрібжанов, Жұмабек Тәшенев секілді азаматтар қарсылық білдірді. Ақыры, Шаяхметов қызметінен босады.
– Тың игеру жылдары құрылған колхоз-совхоз­дардың дені не суы, не нуы жоқ жерге салынды. Бұ­ған не айтасыз?
– Өкінішке қарай, сондай жағдайлар кездесті. Меніңше, осы тезірек жер жырту, өнім алу, рекорд жасап жоғарыға жалаулатып, кеудеге орден-медаль тағу мақсат болғандай, бәрі аттың жалы, түйенің қомында, яғни, асығыс жасалды. Оған экономикалық зерттеу жүргізіліп, негіздеме жасалмады. Қалайда миллиард пұт астық жинау үшін көп шығынмен жұмыс істеп жатқанымыз ешкімді қызықтыра, ойландыра қоймады. Астық жинау науқанына бүкіл Кеңес Одағынан адам мен техника Қазақстанға ағылатын.
Кейбір жерлерде су жоқ, не болмаса табиғаттың бір көз тартар көрінісі жоқ айдалаға совхоздар пайда болды. Бірақ кейбір мәселелер ойланып істелді. Мысалы, совхоздарды құрғанда топ болып жасақтады. Яғни, бір жерге үш совхозды жақын орналастырды. Олардың біреуінде – бөлімшелік аурухана, екіншісінде – наубайхана, үшіншісінде астық сақтау қоймасы салынды. Бұл құптарлық жоба деп айтар едім. Жалпы, тың игеру жылдарындағы кейбір жақсы тәжірибелерді қазір де қолдануға болады.
– Сол кезеңде кадр саясатында көп солақайлық орын алды. Экология мәселесі де туындағаны рас.
– Тың игеру жылдары кадр саясаты оқшау жүргізілді. Басшылыққа азаматтарды сырттан алып келді. Олардың арасында білімі де жоқ, тәжірибесі аз адамдар жүрді. Басшы болғандар жергілікті жердің жағдайы мен тұрмысын білу керек қой. Оны түсіну үшін уақыт қажет. Бұл жағы ескерілмеді. Жергілікті білікті кадрларды басшылыққа қоймады. Осылай кадр саясаты бұрмаланды.
Тың игеруде жер жырту тәсілдері топырақ құрамына сәйкес болмағандықтан, соңы экология апатына әкеп тіреді. Рекордтық көрсеткіштер қуып жүргенде ауыспалы егіс тәсілі қолданыла бермеді. Жер тозып, шаңы бұрқырады. Осы жылдары жыртылған тоғыз миллион гектар жер эрозияға ұшырады. Енді ол жердің құнарын қайта қалпына келтіру қиын. Оған күшіміз жетсе, бидайық секілді түрлі шөп егіп, жайы­лымға айналдыру қажет.
Мәселен, АҚШ-та жерді келешек ұрпаққа сақтап қалдыруға ерекше мән беріледі. Мысалы, фермер жоспар бойынша жерді айналымнан шығарып, оның құнарлылығын сақтауға бөлек қам жасайды. Фермерге өкімет сол жерден алатын көп жылғы өнімін қайтару үшін ақша төлеп отырады. Бізде де жерге осындай жанашырлық керек.
– 1994 жылы бүгінгі елорда, сол кездегі облыс орталығы Ақмолада тың игерудің қырық жылдығы жоғары дәрежеде аталып өтілді. Оған Елбасы да қатысты. Содан бір естелік өрбітсеңіз?
– Қалай болғанда да тың игеру – ел тарихындағы айтулы оқиғалардың бірі. Сондықтан Ақмолада Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан үлкен жиын болды. Оған алғашқы тың иге­рушілер, соған қатысушылар толық келді. Елбасы тың игерушілерге алғысын ай­тып, тың игеру жылдарындағы жетістіктерді жариялап, қателіктерді де сөз етті. Жиында бір ыңғайсыз жағдай орын алды. Бұрынғы совхоз директорлары отырып алып, елімізде жүргізіліп жатқан жекешелендіруге қарсылық білдірді. Сосын Елбасы өзі сөз алып: «Бұл – өмірдің үрдісі, біз бұдан кері шегіне алмаймыз, жекешелендіру болады. Табысты жұмыс істегендерге шаруашылықтың 20 пайызын береміз. Соның нәтижесінде өздеріңді көрсетіңдер» деді. Бұл дұрыс шешім еді. Қазір оның үлгісін өз шаруа­шылығын ұршықтай дөңгелетіп отырған «Родина» агрофирмасы» ЖШС-нің бас директоры Иван Сауэр секілді азаматтар көрсетіп отыр.
Ақиқатын айтқанда, дамыған елдерде колхоз, совхоз деген жоқ. Бұл Кеңес одағының ойлап тапқан тәсілі еді. Колхоз-совхоздардың көпшілігі дотацияда отырып, мемлекеттің ақшасымен күн көрді. Өйткені олардың өнімділік деңгейі төмен болды.
Ауылдың бүгінгі жағдайы менің де жүрегімді ауыртады. Елден үдере көшіп жатқан жұрт. Уақыт ағымына сай урбандалу қалай болса да жүреді. Бұл – өмірдің заңы. Енді ауылда нақты жұмысы бар адамдар қалады. Сондықтан ауылда жұмыс орындарын көбейтіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін орындарды салу керек. Ауыл тұрғындары өндірген өнімдерді сатып алу жүйесін қайта құру қажет.
Бізде жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі әлі қалыптаса қойған жоқ. Ауыл әкімінің бюджеті, қаржысы, оны іске асырар мүмкіндігін әлі де жетілдіре түсуі керек. Сонда ол тұрғындарының қолайлы өмір сүруіне жағдай жасай алады.
– Аға, сіз ауыл шаруа­шылығы министрі болдыңыз. Сол кезде бұл жо­ба­ларды іске асыруға мүмкіндік болмады ма?
– Мен бұл мәселелер туралы Үкіметке ұсыныс бердім. Түрлі тайталас пікір­лер айтылды. Қарсылық көрсеткендер де, қолдағандар да болды. Бір уақытта бұл мәселелер актуалды болмады. Одан да өткір мәселелер алдымыз­да тұрды. Бір мезетте оны жасауға қаржы жетпеді. Келесі кезекте оған сәйкес­тендірілген заңдар жазылмады. Осылай мүмкіндігіміз шектелді. Қазір қолымыз өз аузымызға жетті. Енді бұған нақты кіріскен жөн деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды