-->

ТҰЩЫ СУДА ТҰҚЫ ӨСІМТАЛ КЕЛЕДІ

Есілдің қалалық саябақты жанай аққан тұсынан 170 мың дана тұқы шабағы жіберілді.

Рекреациялық мәні зор Есіл су алабының биоресурстарын байыту әрі әуесқой балықшыларға жағдай жасау үшін балықтың жаңа түрлерін жерсіндіру – елордадағы жыл он екі ай жүргізілетін дәстүрлі шаралардың бірі. Оның ішінде Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген, тұщы суда өсімтал келетін тұқы балығы елорда маңайындағы су қоймаларының сәніне айналғалы қашан.
– Ерте көктемде тұқының 40 миллиондай дернәсілін жібердік. Ол жұмысты Қарағанды балық питомнигі атқарды. Ал бүгін Жамбыл облысынан «Самдель» шаруа қожалығы өсірген 170 мыңдай тұқы шабағын әкеліп отырмыз. Жыл соңына дейін әлі 280 мың шабақ жіберу жоспарда бар, – дейді осынау игі істің басы-қасында жүрген Ақмола облыстық орман шаруашылығы және жан-жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі аумақтық инспекция директорының орынбасары Нығмет Қауашев.
Айта кетерлігі, биылдан бастап ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жан-жануарлар дүниесін қорғау комитеті еліміздегі табиғи су қоймаларын бағалы балық түрлерімен толықтырып отыруды мемлекеттік тапсырыс негізінде жүзеге асыруда. Оның бір мысалы – бұрын-соңды мемлекет қарауында болған Майбалық балық питомнигі, Қапшағай уылдырық шашу-өсіру шаруашылығы, Қазақ өндірістік-аклиматизациялық стансасы жекешелендірілді. Бәсекелестік ортаға шығарылғалы бері балықтандыру ісі біршама қарқын алғанға ұқсайды. Аталмыш комитеттің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахметтің сөзіне сенсек, биылғы жоспарда бекітілген 127, 72 млн дана балық шабағының 120 миллиондайы бүгінге дейін табиғи су қоймаларына жіберіліп үлгерген.

Әділбек ЖАПАҚ

Жауап қалдыру

Сіздің email-адресіңіз жарияланбайды.Қажетті өрістер таңбаланған *

*