-->

ТҰРМЫСТЫҚ ЖАНЖАЛДАР НЕДЕН ТУЫНДАЙДЫ?

Жергілікті атқарушы органдарының мәдени және гендерлік қарым- қатынастарды отбасы мен қоғамда қалыптастыру шараларына байланысты Астана қалалық мәслихатында қоғамдық тыңдау өтті.

domestic-abuse-kopirovat

Қалалық ішкі саясат бас­қармасының басшысы Ерлан Қаналимов өткен жылғы жұмыс­тарға тоқталып, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында гендерлік саясатты жүзеге асыру барысында үш маңызды жоба өткізілгенін, биыл бұл жұмыс жалғасатынын, яғни, әлеуметтік жобалар санын беске жеткізу жоспарланып отырғанын айтты. Бұл жобалардың қатарына «Ұлағатты әулет», «Қазақ қызы», «Үздік отбасылық билборд» байқаулары, әкелер институтын нығайтуға және бала тәрбиесіндегі әкелер рөлін арттыруға, әйелдердің көшбасшылығына бағытталған шаралар кіріп отыр.

Астана қаласы әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Римма Иманғазинова Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасына сәйкес атқарылуы тиіс жұмыстарға тоқталды.

Оның айтуынша, бұл жұмыс­тар ішкі саясат, білім, жастар мәселелері жөніндегі, сондай-ақ, жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау сынды бірнеше басқармаға бөлінген. Яғни, аталмыш басқармалар бюджеттік әкімшілері болып отыр. Алайда баяндамашының пікірінше, жүйелі, сапалы жұмыс жүргізу үшін гендерлік саясатқа қатысты істерді бір басқармаға шоғырландыру қажет. Қазіргі таңда әр басқарма өзінің шараларын жеке-жеке өткізгеннен қаржыландыру жағынан да қиындықтар туып жатқан көрінеді.

«Мәселен, былтыр Астанада тұңғыш мәрте әкелер жиыны өткізілді. Бұл шараға бюджеттен ақша бөлінбеді. Аймақтардан 100 адамды шақырып алып, көмек сұрауға тура келді. Сондай-ақ, түрлі бейнероликтерді, жарнамалық ақпаратты шығаруға қаржыдан қысылып отырмыз. Сол себептерден «Әйелдер көшбасшылығы мектебі» екі жыл қатарынан өткізілмеді. Қалалық ішкі саясат басқармасының арқасында биыл оған тиісті қаржы бөлінді» дейді Римма Иманғазинова.

Сонымен қатар қоғамдық тыңдауда отбасы құндылықтарын сақтауға арналған, жалпы гендерлік саясатқа қатысты елордада өтетін шаралар телеарналар мен радиоларда аз насихатталатыны, кейбірі мүлде елеусіз қалатыны жөнінде айтылды. Мұны Ерлан Қаналимов Астана әкімдігіне қарасты телеарна немесе радио жоқтығымен түсіндірді. Дегенмен, телеарналармен жұмыс жүргізіліп жатқанын, шаралардың көбісі демалыс күндері ұйымдастырылатындығынан ақпарат берілмей қалатынын жеткізді.

Жиынды көтерілген мәселелердің бірі әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғауға арналды. Бұл жөнінде баяндама жасаған Астана қаласының Ішкі істер департаментінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі аға инспекторы Ақмарал Серікбаева соңғы үш айда «сенім телефонына» 300-ге жуық әйел хабарласқанын, ал департаментке өз аяғымен 60-қа жақын әйел шағымданып келгенін, тәртіп сақшыларының тарапынан тиісті шаралар қабылданғанын айтты.

Жалпы, тұрмыстық жанжалдарға қатысты қозғалған істер былтырға қарағанда биыл көбейген. Мәселен, өткен жылдың алғашқы тоқсанында 187 адам жауапкершілікке тартылса, биыл аталмыш мерзімде 198 адамға жетті. Алайда осындай жанжалдардың өршуіне қандай жағдайлар себеп болғанын инс­пектор айта алмады. Тек қана ұрлыққа қатысты ішкі істер ор­гандарына көбінесе әйел­дер шағымданатынын, биылдан бастап бұл істер де әйелдерге қарсы жасалған қыл­мыстар қатарына жатқы­зылып жүргенін жеткізді.

Осының алдындағы қалалық мәслихаттың V шақырылымында 2 әйел депутат болып сайланған. Ал қазіргі VI шақырылымда олардың саны үш есе ұлғайып, алтау­ға жетті. Қоғамдық тыңдаудың соңында осы туралы, яғни әйелдер көшбасшылығы жағынан Астанада оң нәтиже байқалып отырғаны айтылды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Жауап қалдыру

Сіздің email-адресіңіз жарияланбайды.Қажетті өрістер таңбаланған *

*