«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тұрмыстық қалдықты қаржыға айналдыр!

0 27

Байқоңыр ауданына қарасты «Жастар» ықшам ауданында «ақылды аудан» жобасы аясында «Astana Clean Time» компаниясының тұрмыстық қатты қалдықтарды қабылдайтын алғашқы «GreenStation» пункті ашылды. Мұнда қағаз, полиэтилен, пластик және әйнек қалдықтарын өткізсеңіз, оның келісіне қарай ақшасы төленеді.

Жалпы, қалада қалдықты ақшаға айырбас­тайтын мұндай 10 орын бар екен. Мысалы, «Северное сияние», «Арман қала» тұрғын үй кешендерінде де тұрмыстық қалдықтарды қабылдайды. Бірақ олар басқа компаниялардың қарамағында көрінеді. Ал «Жастар» ықшам ауданындағы Кравцов көшесінің бойынан ашылып жатқан пункттің көлемі – 30 шаршы метр. Оның қоймасына 5 центнерге дейін қалдық сыйып кетеді. Мұнда келушілер үшін үстел мен орындық та қарастырылыпты. Қыстың кезінде іші жылытылатынын айтады мамандар. «Astana Clean Time» компаниясының бас директоры Тимур Ысмағұловтың мәліметінше, бұл пункті салуға 5,5 млн теңге жұмсалған. Жыл соңына дейін осындай пунк­тің тағы 22-сін ашпақ.
– Қала әкімдігі мен «Astana Innovations» компаниясының қолдауымен осы жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Тұрғындар мұнда қалдықты сұрыптап, бөліп әкеліп өткізеді. Әзірге қалдықтың 11 түрі қабылданады. Олардың бағасы шикізатқа байланыс­ты 3 теңгеден басталып, 100 теңгеге дейін барады. Мысалы, полиэтилендердің келісі 70 теңге болса, плас­тиктердің келісі – 40 теңге. Ал жиналған қалдықтарды біз «Ағайындар Kz», «Kagazy Recycling» сияқты шикізаттан өнім жасап шығаратын тек қазақстандық компанияларға жөнелтеміз. Полиэтилендер 500 жылға дейін шірімейді. Сондықтан оның экология­ға зияны көп. Ал егер оны қайта өңдейтін болса, үш рет пайдаға жаратуға болады. Пластиктерді асфальт төсегенде де қолданады, – дейді компания менеджері Әсет Абаев тілшілерге берген сұхбатында.

Айта кету керек, аталмыш компанияда 100-ден аса адам жұмыспен қамтылған. Соның бірі – қалдық қабылдаушы Тұмаршы Батырбекова. Ол бұған дейін «Северное сияние» тұрғын үй кешеніндегі пункте жұмыс істепті. Айтуынша, елордалықтардың бұған қызығушылықтары зор. Тек тұрғындардың басым көпшілігі мұндай орындардың бар екенінен хабарсыз көрінеді. Білетіндер қатты қалдықты тұрақты түрде өткізіп тұратынын айтады. Ал мұндағы ең алғашқы клиенттердің бірі – 10 жастағы Әділқазы Әлиасқар. Ол пластик бөтелкелер мен картон қағаз өткізіп, аздаған тиын-тебенін алғанына мәз. «Қалдықты қабылдау пункттерінің пайдасы мол. Біріншіден, қайта өңдеуге тиімді. Екіншіден, қоқыс полигонында да орын көбірек болады. Сондай-ақ ата-аналары балаларының күнделікті жүріс-тұрысын осыдан да шығаруға болады. Өйткені әр үйден қалдық бәрібір шығады. Ал оны бостан-босқа тас­тағанша, ақшаға айырбастағаны қандай жақсы» дейді мамандар.
Аталмыш пункттің ашылу салтанатына Байқоңыр ауданы әкімінің орынбасары Руслан Оралов пен Энергетика министрлігінің және «Astana Innovations» АҚ компания­сының өкілдері, шикізатты өңдеу кәсіп­орындарының басшылары қатысып, игі­лікті іске сәттілік тіледі.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды