«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тұрмыстық қалдықтар кәдеге қалай жаратылып жатыр?

0 16

Елімізде заң бойынша 2019 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап қалалық полигондарға пластмасса, макулатура, картон, қағаз қалдықтары мен шыныны тас­тауға тыйым салынған. Бірақ экологтардың айтуынша, шынтуайтында, шығарылатын қоқыстың тек 1 пайызы ғана сұрыпталады. Оның себебі көп: көпқабатты үй аулаларында қалдықтарды жинаудың қолайлы жүйесінің жоқтығы, қоқыс өңдеу­шілер мен оны тап­сырушылар арасында жүйелі бай­ланыстың орнатылмағандығы, тұрғындардың санасында қоқысты сұрыптау мәдениетінің қалыптаспағандығы, тағысын тағылар.
Сонымен бірге, Қазақстанда қалдықтарды өңдейтін 160 кәсіп­орын бар екенін айта кетейік. Олар қағазды, шыныны, резеңкені, алюминий мен қаңылтыр банкаларды қайта өңдеумен айналысады. Аталған кәсіпорындардың қай-қайсы да өндірісін толассыз жүргізу үшін ұдайы шикізат тапшылығын сезініп отыр. Ал жетпеген қалдықтарды шетелдерден сатып алуға мәжбүр. Мәселен, еліміздегі макулатура өңдейтін «Алматықағаз» бен «Карина» компаниялары ай сайын қажетті 7 тонна шикізаттың 1 тоннасын Ресейден алдырады. Әйтпесе, өндірістері тұралап қалуы мүмкін.

Білесіз бе?
10 адамнан тұратын кеңсе қызметкерлері бір жылда бір тоннадай қағаз қалдықтарын жинайды. Егер осы шикізатты қайта өңдеп, екінші рет пайдаланса:
• 10 ағашты сақтайды (100 кг макулатура 1 ағашты сақтайды);
• 20000 литр суды үнемдейді;
• 1000 кВт электр энергиясын алуға болады;
• Қоршаған ортаға зиянды СО2 қалдықтарын азайтады.

Бұл жайт мемлекет, бизнес құрылымдары, ҮЕҰ (экологиялық бағыттағы) және тұрғындардың арасында өзара байланыстың жоқтығын көрсетеді. Халықтың ортасында бұл бағытта үгіт жұмыстары жүргізілмейді. Көпшілік жұрт қандай қалдықты қай контейнерге салу керектігін де дұрыс білмейді. Тіпті мұндай жәшіктер болғанымен, тұрғындардың енжарлығынан оларда әртүрлі тұрмыстық қалдықтар бірге араласып жатады. Сондай-ақ жұрт қалдықтарды ақшаға қабылдайтын арнайы орындардан да бейхабар. Тіпті ондай орындарды білген адамның өзі күн сайын қала аралап, қоқыс тасып жүруге құмар емес. Сол себепті үй ауласында әртүрлі қалдықтарға арналған жеке-жеке контейнерлермен бірге, оны реттеп, тәртіптеп, арнайы пункттерге тапсыратын жауапты біреу болуы керек. Әйтпесе, аулалардан өзі аралап, қалдықтарды жинап әкететін тасымал қызметін ұйымдастырған жөн.

Өркениетті жұрттарда қалай?
• Вьетнамда адам қалдықтарды пакеттерге сұрыптап салмаса, қоқыс жинайтын машина оны қабылдамайды, ал иесіне айып жазып береді.
• Германияда кез келген дүкенге босаған шөлмекті тапсырып, оның кепіл құнын өндіріп алуға болады. Ал қоқысты қайта кәдеге жаратумен арнайы полиция бөлімі айналысады.
• Голландияда қоқысты отын­ға айналдыру зауыттары кеңінен танымал. Бұл елде қоқыс­ты сұрыптаған және жинаған адам коммуналдық қызметтер тө­лемі бойынша, тіпті баспана алу­ға жеңілдіктер беретін купон ала алады.
• Англияда тіпті үйінің жанындағы көк шалғынға қоқыс жәшігін дұрыс орналастырмағаны үшін 1000 фунт мөлшерінде айып салынуы мүмкін.
• АҚШ-та полимер қалдық­тарды сұрыптау бойынша бағ­дарлама жұмыс істейді. Оған қатысушы адамдарға мемлекет ақшалай сыйақыдан бастап түрлі жеңілдіктер мен бонустар береді.
• Жапонияда егер заңды тұлғалар полимер қалдықтарын өздері сұрыптаса немесе өңдесе, салықты анағұрлым аз төлейді. Жеке тұлғаларға коммуналдық қызметтер төлемі бойынша, басқа да жеңілдіктер беріледі.

Қазақстанда қолданыстан шық­қан тұрмыстық қалдықтарды қайтадан кәдеге жарату жағы кемшін соғып жатқанымен, отандық кә­сіпорындар одан азды-көпті бол­са да түрлі пайдалы өнімдер шы­ғарады: макулатурадан қораптар, әжетхана қағазын, қағаз сүлгі жасайды. Полиэтилен пакеттерден – пластик құбырлар, нейлон жіптер, қаңылтыр банкалардан – ыдыс- аяқ, резинадан шланг өндіреді.
Әлемде қоқыстарды сұрыптау­дан бұрын, қолданылған тұрмыс­тық қалдықтарды шығаруды барынша шектеуге ерекше назар аударылып отыр. Экологтар ас-суға бір реттік пластик ыдыс­тарды, полиэтилен пакеттерді пайдаланбауға шақырады. Өйткені олардың денсаулыққа зияны орасан.
«ЭКО NETWORK» ұйымының әлеу­­меттік сауалнамасына сүйен­сек, бүгінде халықтың көпшілігі эко­логиялық ахуалға алаңдау­шылық білдірген. Олар үй ауласында арнайы контейнерлер қо­йылса, өздерінің қоқысты сұрыптап жи­науға әзір екендерін айтты.

Қазақстанда 1 кг қайталама шикізатты қабылдау­дың орта бағасы:

1. Пластик шөлмектер – 40 теңге
2. Макулатура – 20 теңге
3. Алюминий банкалар – 150 теңге
4. Шыны – 5-10 теңге

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды