Четверг, 21 Сентябрь 2017
-->

ТҮРКИЯ ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫ ҚАЛАЙДЫ

Өткен жылы шілденің ортасында бауырлас Түркия елінде болған төңкеріс әрекеті әлем назарын өзіне аударып еді. Бүлікшілердің әрекетін қолдамаған қарапайым халық көтеріліп, қарулы лаңкестерге қарсы тұрып, елін, мемлекетін және конституциялық құрылымын батылдықпен қорғады. 250 адамның жанын қиып, 2195 адамның ауыр жарақаттануына жол берген және елдің болашағы сынға түскен сәттерде түрік халқы өз таңдауын жасады. Барша түркі жұртын алаңдатқан ахуалға қатысты Түркияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Невзат Уянык мырзамен кездесіп, пікірін білгенді жөн көрдік.

– Құрметті Елші мырза, өзіңізбен осыдан бір жыл бұрын сұхбаттасқан едік. Одан бері Түркия Республикасында бірқатар саяси оқиғалар орын алды. Бейбіт тұрғындардың ғұмырын қиып кеткен террорлық әрекеттерді сараптай отырып, бауырлас мемлекеттің бүгінгі тыныс-тірлігіне шолу жасап өтсеңіз.

– ФЕТО-ның қанды төңкеріс әрекетінен кейінгі өткен бір жыл ішінде Түркия мемлекеті тұрақтылығын, барша халқымен жұмыла отырып бірлік және тұтастығын одан сайын нығайтып, осындай сатқындық пен басып алу әрекеттеріне батылдық және табандылықпен қарсы тұра алатындығын дәлелдеп берді.
Өзіңіз білетіндей, 15 шілде күні Фетуллах Гүленнің басқаруымен оған бағынышты лаңкестер тарапынан жауыздықпен жасалған әскери төңкеріс әрекеті болды. Өзін «әлемнің имамы» етіп жариялаған Гүленнің ізбасарлары ұлттық парламентімізді, Президент сарайын, астанамызды бомбалап, қарусыз халыққа танкімен қарсы шығып, ұшақтардан оқ жаудырып төңкеріс әрекетін жасады. Бұл түрік демократиясына және конституциялық құрылымына қарсы анайы шабуыл болатын. Президентіміздің үндеуімен халқымыз көшеге шығып, отан үшін жанын құрбан етуге дайын екендіктерін бүкіл әлемге көрсетті. Осы лаңкестік шабуылдың ізін ала Қазақстан Республикасының Президенті біздің еліміздің Президентімен телефон арқылы хабарласып қолдау білдірді. Төңкеріс әрекетінен кейін көп ұзамай, 2016 жылдың 5 тамызында елімізге алғаш келген шетелдік мемлекет басшысы ретінде Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапар жасады. Осындай қаралы күнде бауырлас ел Қазақстанның әуел бастан көрсетіп келе жатқан қолдауын Түркия халқы мен үкіметі ұмытпайды.

– БАҚ арқылы елде болып жатқан жағдайларға қарағанда, оқиғаға қатысты бірқатар тергеу жұмыстары жүргізілді ғой.
– Осы аралықта, сәтсіз аяқталған әскери төңкеріс әрекетіне қатысты кең көлемді әкімшілік, қылмыстық және құқықтық тергеу жұмыстары жүргізіліп, төңкеріс әрекетін ұйымдастырушылары анықталды. Бұл жұмыстар мемлекетіміздің демократиялық, құқықтық тәртібіне сәйкес жүргізіліп жатыр. Сот және әкімшілік органдары тарапынан жүргізілген тергеу жұмыстарында жауыз әскери төңкеріс әрекетіне қатысы жоқ екендігі анықталған 30 мыңнан астам мемлекеттік қызметкер жұмыстарына қайта алынды, төңкеріс әрекетінен кейін жабылып қалған мекемелердің үш жүзі қайтадан ашылды.

Жүргізілген сот тергеу жұмыстарында және соттау кезінде қолға түскен ақпараттар мен түсініктемелеріне қарағанда ФЕТО лаңкестік ұйымы 40 жыл бойы шын пиғылдарын жасырып барлық мемлекеттік органдарға еніп, мемлекеттің тұтастығына және халқымыздың бірлігіне надандық және адамгершілікке жат істер жүргізгені анықталды. Өкінішке қарай, білім беру мекемелері, бұқаралық ақпарарт құралдары, азаматтық қоғам ұйымдары және бизнес саласында құрылымдар ашып ұзақ уақыт бойы осы қанды әрекетке дайындалғандары анықталды. Бұл оқиға іштен іріткі салған жат пиғылды ФЕТО лаңкестік ұйымының бетпердесін ашып берді.

Түрік халқы ел бірлігі, тұрақтылығы мен конституциялық демократия тәртібін қорғауда табандылықпен әрекет етіп, осы жолда керек болса жан беруге аянбайтындарын көрсетті. Бір жыл бұрын болған осы қанды әрекет және осыған ұқсас оқиғалардың тағы да қайталанбауы үшін конституциялық құрылым және құқық шеңберінде әрекет ете отырып қажетті шараларды қабылдаудамыз.

Мәлім болғандай, ФЕТО-ның жауыз­дықпен жасалған әскери төңкеріс әрекеті еліміз бен мемлекетіміздің табандылығымен сол күні тоқтатылды. Түркия – аймақтағы және әлемдегі тұрақтылық аралы ретінде ең қауіпсіз мемлекеттерден бірі. Жыл сайын 30 миллионнан астам туристі және шетелдік қонағымызды күтіп алып, қауіпсіздіктері үшін қажетті шараларды қатаң түрде қамтамасыз етудеміз.

– Түркия Республикасымен көршілес мемлекет Сирияда болып жатқан қақтығыстар елдің әлеуметтік, экономикалық және саяси жағдайына елеу­лі ықпалын тигізіп жатыр ғой. Оның бейбіт жолын, оң шешімін іздеген Астана процесінің мүмкіндігін қалай бағалайсыз?
– Жеті жыл бойы жалғасып жатқан Сириядағы қақтығыстардың тоқтатылып, алауыздық бейбіт жолмен шешім табуы, ДАИШ, Күрдістан жұмысшылар партия­сы сияқты лаңкестік ұйымдарымен күрес, босқындар мәселесінің жағдайы халықаралық қоғамның ортақ түсіністік және ынтымақтастығымен жуық арада шешілуі тиіс мәселелер. Түркия өз мүмкіндіктерімен 3 миллионнан астам сириялық босқынды жеті жыл бойы паналатып отыр.

Түркия мен Қазақстанның әлемде және аймақта болып жатқан қақтығыс­тар мен алауыздықтарды бейбіт және диалог жолдарымен шешуде түсіністік білдіру мүддесі бір арнада тоғысады. Осы орайда Сириядағы дағдарыстың тез шешілуіне және қақтығыстардың тоқтатылуына жол ашатын, БҰҰ қамқорлығымен Женева процесіне қосымша келіссөздер ретінде Астана процесінің де маңызы ерекше. 5 шілдеде бесінші кездесу өтіп, оқ атуды тоқтату режимін бекіту мақсатында қақтығыстың бейбіт жолмен шешілуіне ықпал етуде. Бұл келіссөздердің Қазақстанда өткізілуі Қазақстанның дипломатия саласындағы дәрежесін көтеруде.

Өзіміз өмір сүріп жатқан кезеңнің күрделілігіне қармастан, жасампаздық жолымыздан жаңылмастан алға озуымыз керек. Қазақстанның ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін сәтті өткізуіне қуаныштымыз. Көрме алаңындағы түрік павильоны келушілердің қызығушылығын оятуда. Көрмедегі Түркия павильонының ашылу салтанаты екі елдің жоғары дәрежелі өкілдерінің қатысуымен өтті. Түркия ЭКСПО көрмесіне тұрақты энергетика жолындағы «Жаһандық синергия» тақырыбымен қатысуда. Түркияның энергия ресурстарын жеткізушілер мен энергетика нарығында геостратегиялық тұрғыдан энергия орталығы екендігінен хабардар ететін павильонымыз барлық қонақтарға есігін айқара ашады.

Үстіміздегі жылдың 20 шілдесінде ЭКСПО көрмесі аясында «Астана» концерт залында «Қазақстан – Түрік достық әуендері» концертін өткіземіз. Осы мүмкіндікті пайдаланып, барша қала тұрғындары мен қонақтарын концертті бірге тамашалауға шақырамын. Ал 10 тамызда ЭКСПО аясында Түркияның ұлттық күні өтеді. 8-9 тамызда Қазақстан-Түркия үкімет­аралық ынтымақтастық кеңесі мен екі елдің Іскерлік кеңесінің отырыстарын өткізу жоспарлануда. Сонымен қатар, ЭКСПО көрмесінің соңына таман Ислам ынтымақтастығы ұйымының Білім және технология саммитіне еліміз қатысады деп күтілуде.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан:
Айгүл УАЙСОВА

Print Friendly, PDF & Email
www.pdf24.org    Отправить статью как PDF   

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*