«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Түркітілдес, түгел бол!

0 26

 Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркітілдес мемлекеттер ынтымақ­тастығы кеңесінің Баку қаласында өткен 7-ші отырысына қатысты.

Нұрсұлтан Назарбаев саммитте Президент Шавкат Мирзиёевті және бүкіл өзбек халқын Түркі кеңесіне толыққанды мүше болуымен құттықтады.
Сонымен қатар Нұрсұлтан ­Назарбаев Будапеште Түркі ке­ңесі­нің өкілдігін ашу – ынтымақтастықтың Еуропа векторын дамытуда ерекше маңызды екенін атап өтті.
Сондай-ақ Елбасы Қырғыз Республикасының Түркі кеңесіне төрағалық қызметіндегі жұмысын жоғары бағалады.
– Маған «Түркі Кеңесінің Құрметті Төрағасы» мәртебесін беру туралы ұсынысы үшін Президент Режеп Ердоғанға алғыс білдіремін. Осы бастаманы қолдағандарыңыз үшін баршаңызға ризамын. Бұл жоғары мәртебе маған ортақ ұйымымыздың жұмысына одан әрі белсенді қатысуға мүмкіндік береді, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Түркі кеңе­сінің құрылу тарихына тоқталды.
– Мерейтойлық межеге біз жақсы жетістіктермен жеттік. Біріншіден, жаһандық тұрғыда да, өз ішімізде де ұйымға сұраныс бар екенін әрі оның өзектілігін дәлелдей алдық. Екіншіден, Кеңестің қатары Өзбекстан мен Мажарстан есебінен толықты. Үшіншіден, елдеріміз салмақты институционалдық архитектура қалыптастырды. Төртіншіден, Кеңестің өңірлік және халықаралық деңгейдегі саяси және экономикалық беделі өсіп келеді. Бесіншіден, Түркі әлемі интеграциясының тұжырымдамасы қабылданды, – деді Елбасы.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Түркі интеграциясы процесін жалғастырудың маңыздылығына тоқталып, Түркі кеңесін одан әрі дамыту үшін екі ұсыныс айтты.
– Біріншіден, «Түркі келешегі – 2040» бағдарламасын әзірлеу. Бұл құжатқа түркітілдес қоғамдас­тықтың ұзақ мерзімді мақсаттары мен оған қол жеткізу жолдары енгізілуге тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті «Түркі әлемінің бе­сі­гі» – Түркістан қаласын дамыту­дың маңыздылығына назар аударды.
– Екіншіден, болашақта Кеңесі­міздің атауын қайта қарауды ұсынамын. Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесін Ұйым деңгейіне дейін көтеруге болады деп санаймын. Осылайша біздің құрылымды «Түркітектес мемлекеттер ұйымы» деп атауға болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы кеңеске қатысушы елдер басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды