«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Түркістан, түле! Шымкент, шырайлан!

0 53

Биылғы жылдың ерекше есте қалар жаңалықта­рының бірі – түркі жұртына ортақ Түркістан қаласы­ның облыс орталығы болуы, Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан облысы деп атауын өзгертуі, сонымен бірге бұрын облыс орталығы болған Шым­кенттің республикалық маңызы бар қала мәртебесін иеленуі.

Түркістан қаласын облыс орталығына айналдыруды кезінде ұлт қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков те армандап өткен екен. Сол арман, міне, Қазақстан тәуелсіздігінің 27-ші жылында жүзеге асып отыр. 2018 жылдың 19 маусымы күні Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Жарлыққа қол қойып, өткен ғасырда-ақ ағалар аңсаған арманды орындап, айды аспанға шығарды.
«Бұл әкімшіліктің аумақтың құрылымдық өзгерістері осы өңірдің өркендеуіне тың серпін беруін көздеген тарихи құжат болады. Оңтүстік Қазақстан – еліміздегі экономикалық, көлік, логистикалық, демографиялық әлеуеті зор аймақ. Биыл халқы­ның саны миллионға жеткен Шымкент Қазақстанның ең ірі үш мегаполисінің қатарына қосылды» деп мәлімдеді сол жолы Елбасы.
Астана, Алматы шаһарлары секілді шырайлы Шымкент те өз алдына дербес, ерекше мәртебелі қалаға айналды. Сөйтіп әкімшілік бірлік еліміздің он жетінші аймағы атанды.
Бұл оқиға Алаш рухын аспан­дат­қандай болды. Өйткені Түркістанды түлету – руханиятымызды, тарихымызды, рухымызды түлету. Сонымен қатар бұл республикалық деңгейде ерекше назар аударып, дамыту нысандарын әртараптандырудың да бір көрінісі еді. Алматы мен Астана қалаларына ғана емес, Шымкент қаласына көңіл бөлу арқылы, біз еліміздің даму локомотивін әр аймақтан іске қосқалы отырмыз. Әсіресе, облыс орталығына айналған Түркістанды дамыту арқылы халқы көп оңтүстік аймақтың дамып, өркендеуіне зор серпін беретіні сөзсіз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды