«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Туризмге тың серпін керек

Дархан МЫҢБАЙ, Мәжіліс депутаты

0 63

Жуырда Мәжілісте өткен «Қазақстан Республикасындағы туризм саласын дамыту туралы» Үкімет сағатында Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай «Қазақстанда алдағы бір жылды туризм жылы деп жариялайық» деген ұсыныс жасады. Халық қалаулысының пайымдауынша, туризмді жандандыру, жоғары деңгейге көтеруде Қазақстанның өз жолы болуы тиіс. Біз басқосудан кейін Дархан Қамзабекұлына жолығып, бірер сауалдар қойған едік.

Түркістанға Сайрам, Арыстанбаб арқылы барғаны жөн

– Дархан Қамзабекұлы, Сіз Үкімет сағатында алдағы жылды туризм жылы деп жариялайық деген ұсыныс жасадыңыз. Осы ойыңызды тарқатып айтып берсеңіз. Бізде туризмнің қандай түрлерін дамытуға мол мүмкіндіктер бар?
– Менің ойымша, болашақта елімізде бір жылды Туризм жылы деп жариялағанымыз жөн. Оның мақсаты – туризм индус­триясына қатысты ұғымдар, неше түрлі терминдер көп. Соларды дұрыстап түсініп, реттеуіміз керек. Бізде туристік инс­труктор мен туристік ГИД-ті шатас­тырып алады. Туристік жолдама дегенді де айыра алмайтындар бар. Осылардың бәрін реттейтін болсақ, туризм орта және шағын бизнеске игерілмеген тың сала деу­ге болады. Екіншіден, туризм саласын мәдениет қызметкерлеріне жүктеп қою – қателік. Туризм жылын жариялаудың негізгі мақсаты – облыс, аудан, ауыл әкімдеріне туризмнің не екенін көрсету, оның еліміздің экономикасына қалай пайда әкелетінін дәлелдеу үшін қажет. Туризм­нің түрлері өте көп. Мысалы, ас-ауқат (гастрономиялық) туризмі, экологиялық туризм, әлеуметтік туризм, медициналық туризм, діни туризм, мәдени туризм, оқиғалы туризм деп тізбектеле береді. Бұлардың бәрін дамытуға мүмкіндіктер бар. Бір ғана Түркістанға қатысты ойымды айтайын. Қожа Ахмет Ясауидің әкесі Сайрамда туған. Сонда жерленген. Түркістанға келген туристер ең алдымен әке-шешесінің басына, одан кейін Арыстанбаб ұстазына тәу етсе, құба-құп болар еді. Бұл – бұрыннан қалыптасқан бағдар. Бірақ соның өзін ұйымдастыру, қаржылық, әлеуметтік жағынан қамтамасыз етуіміз керек.

– Еліміздегі зиярат ету туризмін қалыптастыру мен дамытуда Түркістанның әлеуеті өте зор. Өткен жылы Түркістанға 1 млн туристер барған. Рухани астанамызға келетін шетелдік және отандық туристердің санын 5-7 млн-ға жеткізуге бола ма? Ол үшін не істеуіміз керек?
– Әрине, ең алдымен туристерге қолайлы жағдай жасауымыз керек. Түркістанның басты бренді – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. Меніңше, кесене туралы бұрынғы мәліметтерді шығара бермей, жаңасын іздегеніміз абзал. Мәселен, тарихи Түркістанның төрт қақпасы, цитадельдің екі қақпасы болған. Сол қақпаларды, бекініс қорғанын ғылыми-сәулеттік негізде, ортақ бір стильде қалпына келтірген жөн. Кесененің маңында жер астындағы 44 бөлмеден тұратын «қылует» деп аталатын ғибадатхана мен шығыс моншасының жұрнағы бар. Осыны қалпына келтіріп, қаланың бір көрнек­ті жеріне қоюға болады. Қазандықтың қасында бір ғана найзаның жұрнағын қалдырған. Негізі бұрын 9 найза болған. Соны да қалпына келтіру керек. Кесенеге бас сұққан адам көбірек мағлұмат алғысы келеді. Ол үшін бұрынғы мәліметтерді жаңалап, қайта жазып шығару маңыз­ды. Бұл орайда Италияның тәжірибесінен үлгі алуымызға болады. Италияда мемлекет меншігіндегі мұндай жерлер жалға беріледі. Жалға алған компания бұрынғы шыққан материалдардың бәрін қайта сұрыптайды. Туристерге тарататын аудио, бейне өнімдерді жаңа, сапалы етіп шығарады. Өйткені көрнекі құралдардың рөлі зор. Жолдағы көрсеткіштерге де ерекше назар аударған жөн. Зиярат етуге келген турист әрі құлшылық етіп, әрі мол мағлұмат алып, көңілі толып шығады. Тағы бір мәселе, жыл сайын туристердің ағынына талдау жасасақ, ұтарымыз көп болмақ. Түркістандағы туризмге жауапты қызметкерлер жылда қай елдерден көбірек келгенін, қай елдерден азайып қалғанын біліп отырғаны абзал.

Шымкент-Түркістан жүрдек пойызын іске қосу қажет

– Жасыратыны жоқ, елімізде туризмді өркендетуге қолбайлау болып отырған нәрсенің бірі – жол инфрақұрылымы. Жыл сайын жол салуға қыруар қаражат бөлініп жатқанымен, әлі толық шешілмей келеді. Неге бұлай? Түркістанда да осы мәселе күн тәртібінен түспей тұр.
– Елбасымыз айтқандай, Түркістанда әуежай, жаңа вокзал салынады. Құрылысы аяқталған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізі Шымкент пен Түркістанның арасын қосып жатыр. Алайда… жолаушылар үшін тезірек жетудің баламасы болуы қажет. Менің ойымша, әуежай салынып біткенше, темір жол қатынасын қолға алған дұрыс. Қауіпсіз жолдың бірі – осы. Ол үшін ең алдымен Түркістан мен Шымкенттің арасына жүрдек пойыз іске қосылса. Қазір аралық қашықтықты үш сағатта жүріп өтесің. Шымкенттен жүрдек пойызға мінген адам Түркістанға бір сағатта жететіндей мүмкіндік болса, құба-құп.
– Әріптесіңіз Омархан Өксікбаев туризм саласында жұмыс істейтіндерді 5-10 жылға дейін салықтан босату керек деген ұсыныс айтты. Бұған мүмкіндік бар ма?
– Әрине, бар. Мұндай тәжірибе кезінде Түркияда кеңінен қолданылған. Туризм саласының даму қарқынын арттыру үшін осындай қадам жасауға болады. Мысалы, туристік ұйымдарды 5 жылға салықтан босатып, халықты көбірек тартса әрі қарай тағы жеңілдік беруге болады. Бұл қадам көптеген адамдарды жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге жол ашады. Екіншіден, туризм дегеніміз – тек табыс табу емес, ол үлкен жауапкершілік. Дұрыс қызмет етпеген, заңнаманы бұзған ұйымдардың жұмысына тосқауыл қоятын механизм қажет. Үкімет сағатында еліміздегі 90-ға жуық оқу ордасында туризм факультеті бар деген ақпарат айтылды. Сол факультеттердің беретін білімі әлемдік тәжірибеге сай ма, базасы қандай, студенттерді кім оқытады? Осы жағына толық сараптама жасалғаны жөн. Бұл жерде түйткілді мәселелер аз емес. Меніңше, Түркістандағы Қазақ-түрік университетінің туризм факультетіне берілетін гранттарды көбейтетін кез келді. Ол мемлекеттік тілде оқытатын мамандықтарға берілсін. Шетел азаматтарын тегін оқытатын үрдісті қалпына келтірген жөн. Түркістанға қажетті мамандықтарға оқыту мәселесі дұрыс жолға қойылса.

Студенттерді сенбілікке шығару дұрыс емес

– Айтыңызшы, еліміздегі осындай зиярат ету орындарына кіру ақылы болғаны дұрыс па, әлде тегін болу керек пе? Адамдардың психологиясын қалай өзгертеміз?
– Бұған біржақты қарауға болмайды. Мен бұл мәселеде Мәдениет және спорт министрлігінің ұстанымын қолдаймын. Зиярат ететін жерге кірерде ақы төлеу – әлемде бар тәжірибе. Тек сол нысандарда қызмет ететін ГИД-тердің жұмысы дұрыс, сапалы етіп ұйымдастырылуы тиіс. Мәдениет қалыптасу үшін, әуелі адамдардың психологиясы өзгеруі керек. Тәртіп, тазалық деген мәселелер бар. Мұндай зиярат орындарына барғанда автобусқа мінгеннен нысанға кіріп-шыққанына дейін қатаң тәртіп болса. Айтпақшы, мұндай жерлерге әлемде қабылданған цифрлық жүйені де енгізуге болады. Кімнің қалай келіп, қалай шыққанын бақылап отыруға көмектеседі. Тағы бір мәселе, әжетханалар жыры. Түркістанға барған туристер осыны көбірек айтады. Әрине, әжетханалар барлық жерге керек. «Ақылы» деп жазып қойыпты. Мейлі деймін, ол ақылы-ақ болсын, бірақ ішіндегі құрал-жабдықтары, тазалығы соған сай болса. Сонда ақша төлеуден ешкім қашпайды.
– Сіз жастарға дұрыс білім беру мәселесін де тілге тиек еттіңіз. Түркістандағы Ясауи атындағы Қазақ-түрік университетінің қазіргі әлеуеті қандай?
– Өз басым осы университеттің әлеуетін жақсылап пайдалану керек деп есептеймін. Мысалы, жолдарды жөндеу, көгалдандыру, түрлі ескерткіштер орнату әлемде бар үрдіс. Осындай жұмыс­тарға байқау жариялап, студенттерді тарту керек. Біріншіден, студенттердің еңбегі өте көп ақшаны талап етпейді. Екіншіден, олардың арасында талантты жастар көп. Мен студенттерді бұрынғы, ескі дағдымен сенбілікке шығаруды құптамаймын. Қазір басқа заман. Ол жастарды жалықтырады. Тазалауды арнайы ұйымдарға тапсырсын. Ал студенттерге Түркістан туралы жаңа мағлұматтар жинауға байқау жариялайық. Мұндай ізгілікті іс әрі жастарды ізденуге ынталандырады, әрі сол жер туралы жаңа мағлұматтарды табуға септігін тигізеді.

Сұхбаттасқан Төлен ТІЛЕУБАЙ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды