«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Туризм неге тұсаулы аттай тыпырлап тұр?

0 199

Туризм – әлемдегі экономикалық кірісі ең жоғары саланың бірі. Оның елдің экономикалық қуатын күшейтіп, халықтың тұрмысын жақсартудағы, жұмыссыздықты азайтып, кәсіптену орайын арттырудағы өнімі өзгеше. Халықаралық туризм ұйымының 2019 жылы наурызда жариялаған мәліметіне қарағанда, 2017 жылы аталған саланың әлемдік GDP-ға қосқан үлесі 10,4 пайызды құрап, 319 млн адамның кәсіптенуіне мұрындық болды. Бұл 2018 жылы кәсіптенген адам санының 10 пайызын құрайды.

Туризмнің түрі көп

Туризм кеш өркендеген сала бол­ғанымен, оның қазіргі даму аяқ алысы өте тез. Өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап туризм әлемдегі жаңадан гүлденген салаға айналды. 90-жылдарға жеткенде туризмнен кіретін кірістің халықаралық экспорт кірісіндегі үлесі 8 пайыздан асып, одан түскен табыс мұнай өнімдері мен автомобиль экспорты табысынан кейінгі маңызды кіріс қайнары болды.
Халықтың тұрмысы жақсарып, мәдениет өресі өскен сайын туризм де ішкі жақтан түрленіп, мазмұны жақтан байып барады. Атап айт­қанда, бұрын сыртқы және ішкі туризм деп бөлінсе, қазір бұрынғыдай көркем жер, әдемі аумақтарды саяхаттаудай дәстүрлі туризм тәсілі таңсық болудан қалып, демалыс туризмі, ойын-сауық туризмі, жиналыс туризмі, жастар туризмі сияқты жиырмаға жуық түрлері пайда болды.
Сонымен қатар, туризмнің да­му бағытында да мынадай тың бет­алыс байқалды. Біріншіден, экономиканың дамуына ілесе, адамдардың рухани мәдениетке деген қажеті артып, саяхаттау жұртшылықтың негізгі тұрмыс тәсіліне айналды. Екіншіден, жаңадан дамыған елдердің туристік орындары көбейіп, Азия елдеріне саяхаттап келетін туристер жыл сайын молайды. Үшіншіден, қатынас қолайлылығы артқан сайын сауда сипатындағы туризм жандана түсті.

Қазақстандағы туризмнің халі қалай?

Қазақстан 1993 жылы Дүние жүзі туристік ұйымының мүшелігіне енді. Дәл осы жылы туризмді дамыту бағдарламасы дайындалып, содан бері туризм сан-салалы шаруашылықты шалқытып, экономиканы нығайтудың маңызды саласы ретінде қаралып келеді.
Биылғы Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жастар туризмін дамытуды айрықша ауыз­ға алып, Қазақстанда туризмді дамытудың мәні мен маңызына тоқталды. Елбасының бұл сөзін отандастарымыз елімізде туризмді дамытудың жаңа беташары ретінде қабылдады десек артық емес.
Қазақстанда туризмнің барлық түрін (танымдық, ойын-сауық, этника, экология, сауықтыру, спорттық, аң аулау, балық аулау, серуендеу) дамытуға қажетті шарт-жағдай толық. Географиялық және климаттық жақтан алып айтсақ, Қазақстанның оңтүстік, солтүстік, батыс, шығыс өңірлерінің табиғаты, ауа райы бір-бірінен өзгеше. Бұл Қазақстанда жыл бойы, төрт маусымда да туризм шаруашылығын шалқытуға аса тиімді. Атап айтқанда, көрінісі көз сүріндіретін Бурабай, Баянауыл, Марқакөл, Катонқарағай, Қарқаралы, Алатау, Хан Тəңірі баурайы, Түлкібас сияқты көрінісі көз сүріндіретін көркем өңірлер де, Шарын шатқалы, Сақ қорғаны, Маңғыстау түбегі сияқты ғажайып жерлер де, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Айша бибі, Арыстан баб кесенесі сияқты мәдени, тарихи мұралары да, Каспий, Балқаш көлі, Алакөл сияқты жағажайдың кереметін сезіндіретін сулы алқаптар да көп. Əлемдегі әсем қалалардың қатарында тұратын Нұр-Сұлтан мен Алматы да туристердің арнайы келіп, аялдайтын қалалары қатарында. Шыңға шығушыларды, тауға өрмелеушілерді, құмды, шөлді, жаяу немесе велосипедпен аралаушыларды, шаңғы тебушілерді баурауға да Қазақстанның мүмкіндігі мол. Ал мәдениет, салт-дәстүр тұрғысынан сөз қозғасақ, қазақ ұлтының бай салт-санасымен, дәстүрімен, ұлттық ойындарымен де саяхатшыларды баурауға болады. Мысалы, Моңғолияда әр жылы өтетін бүркітшілер мерекесінің өзіне көп туристер келеді. Қазақстанда да мұндай мерекелерді әр облыс, аудандар жыл сайын өткізіп отыруына әбден болады.

 Туризм гүлденбей, тұрмыс түрленбейді

Туризм – мемлекет жарнамасы. Қазіргі таңда дүниежүзілік сипат алып отырған бұл сала тек табиғатпен ғана шектелмей, тарих пен археологиялық қазбалардың, мәдениет пен өркениеттің, сәулет пен ескерткіштердің тартымдылығымен, салт-дәстүрдің даралығымен де ерекшеленіп отыр. Бұл тұрғыдан алғанда, Қазақстанның Орта Азияның туристік шаңырағына айналуына еш қиндық жоқ еді. Бірақ біз сол деңгейге жете алмай отырмыз. Оның да себебіне талдау жасап көрейік.
Біріншіден, Қазақстан Үкіметі туризмді дамыту жоба-жоспарын жасағанымен, еліміздегі туристік орындардың көбінің шарт-жағдайы көңілдегідей емес. Бәрі маусымдық сипатты саяхаттың шеңберінен шыға алмайды.
Екіншіден, туризм үгіті тебінсіз. Еліміздің көркем жерлерін таныстыр­ған бірер фильмнен басқа, туристік орындарды, туристерге жасалатын қолайлылықтарды таныстыратын ақпарат жоқтың қасы. Ғаламтордың өзінде туристерге Қазақстанның туристік жерлері туралы біліп, танысуларына мүмкіндік жасалмаған. Қызығушылық тудыратындай айтылып, жазылып, көрсетілмеген соң шетелдік турист түгіл, қазақстандықтардың өзі Отанымыздың әсем жерлеріне саяхаттап бармайды. Қазақстанда тұрып, Қазақстанның туристік орындары туралы білмейтін отандастарымыз да аз емес. «Біз шетелдің туристік компанияларымен байланыстамыз. Өкінішке қарай, олардың бәрі «сендерде туризм дамымаған, Қазақстанның туризмі туралы жұрттың көбі білмейді» деген ортақ уәж айтады. Бұл – шындық. Бірнеше каналдарда туризм үгіті жасалды, бірақ ол туристердің назарын аударатындай әсерлі емес. Демек, бізге үгіт, жарнама жетіспейді» деді «QTrih» туристік компаниясының басшысы Алма Бермағамбетова.
Үшіншіден, қазақстандықтардың туризмге деген түсінігі басқаша. Біздің азаматтарымыздың көбі Қазақстан территориясы ішінде ел көріп, жер көргенді саяхат санамайды. Мүмкіндігі жетсе, шетел асып саяхаттау санасына сіңген. Оның үстіне, табатын табысымен санағанда қазақстандықтар үшін туристік өңірлердің бағасы қымбат. Осыдан барып елімізде «Бурабайда бір апта демалғаннан Дубайға барған тиімді» дейтін көзқарас қалыптасқан. Азаматтарымыздың көзқарасындағы мұндай сыңаржақтылық ішкі туризмнің дамуына тұсау болып қана қоймай, ақшаның шетелге ағылуына да себеп болып тұр. «Дубайға 150 мың теңгеге 3 күнге барып келуге болады. Бірақ бұл ақшаға Бурабайдан 3 күнге қонақүй ала алмайсың. Өйткені Бурабайда 5 жұлдызды қонақүйдің бір күндік бағасы – 76 мың теңге. Əрине, Дубайда да бес жұлдызды қонақүйдің бағасы қымбат. Бірақ 150 мың теңгеге шетелде демалған қандай, Бурабайда демалған қандай?!». Жұрт осылай есеп соғады. Сосын да «Бурабайда бір апта демалғаннан Дубайға барған тиімді» деген көзқарас қалыптасқан» деді Алма Бермағамбетова.
Төртіншіден, соңғы кездері салынған жолдарды есепке алмағанда, Қазақстанның көп өңірлерінде жол нашар. Автобустары өте көне, жаз айларында пойыз билеті жетіспейді. Ұшақ билеті қымбат.
Бесіншіден, туристердің Қазақстанның әр облысындағы кө­рікті орындарын тез әрі ұтымды жолмен аралап шығуына тиімді саяхат жобасы жасалмаған. Әр облыс, аудан, қалалардың туризмге арналған ортақ жобасы жоқ. Туристердің көбі естіген, білген жеріне барып қана қайтады.
Алтыншыдан, Қазақстанның туристік орындары шетелдік турис­терді көптеп қабылдауға әлі дайын емес. Қонақүйлер жетіспейді, танымал саяхат орындарынан салынған қонақүйлердің бағасы шетел саяхатшылары үшін арзан болғанмен, бұл бағаны кез келген қазақстандық саяхатшылардың қалтасы көтере бермейді.
Жетіншіден, туристік орындардың инфрақұрылымдары кемелсіз. Мәселен, атағы әлемге айгілі Шарын шатқалында жібі түзу дәретхана жоқ. «Дүние жүзіне әйгілі Шарын шатқалында дұрыс дəретхананың болмауы кішкентай мәселе сияқты көрінгенімен, бұл Қазақстанның туризм саласына қаншалық көңіл бөліп отырғандығының бір дәлелі деп ойлаймын. Тақтаймен шегелеп жасап қойған дәретханалардың іші өте лас» деді «Алтын көпір» халық­аралық саяхат серіктестігінің директоры Амантай Тұрсынұлы.
Сегізіншіден, саяхатшыларға жол бастап, туристік орындардың басты ерекшелігін түсіндіретін туризм нұсқаушылары аз. Бар болса да, білімі, тіл қабілеті төмендеу. Кейбір орындар туризмге қызмет етудің маңызды буыны саналатын бұл түйінді ескерусіз қалдырған. Мәселен, жақында Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат жасадым. Билет алып есіктен енген соң, қайда барарымды білмей, қайта барып, нұсқаушы сұрадым. «Оған қосымша ақша төлейсіз» деп ешқандай ұлттық немесе қызметтік киім кимеген 4-5 жігітті нұсқады. Уақыты шыға қалса саяхатшыларды бастап, ақша табатын делдалдар секілді. 2000 теңгесін беріп, ертіп жүрдім. Міне, бұл да Қазақстандағы туристерге қызмет ету саласының кенжелігінің көрінісі. Негізі, кірер билеттің бағасын жоғарылатып, кесене ішіне арнаулы нұсқау­шылар қойса, туриске де, жергілікті Үкіметтің қазынасына да пайдалы болар еді. «Түркістанда туризм саласы әлі дамымаған. Мәселен, біз қабылдаған туристер Түркістанға баратын болса, біз нұсқаушыны өзіміз қосып беруге мәжбүрміз. Себебі Түркістанда бірнеше тіл білетін нұсқаушы (гид) жоқ. Ал Үндістанның Тадж-Махалында қандай тілде, қандай нұсқаушы алам десеңіз де дайын. Өкінішке қарай, біз қазір ол деңгейге жете алмай тұрмыз» Алма Бермағамбетова. Ол да Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің кірер билетін қымбаттату керек деп есептейді. «Бағаны көтеру арқылы сол тарихи орынды қорғауға қажетті қаржыны шығару керек. Үкіметтің берген қаржысына ғана сүйену туристік орынды кемелдендірудің бірден-бір қажетті шарты емес» деді ол.
Тоғызыншыдан, Қазақстанның визасын алудың қиындығы да шетел туристерінің жолын кесіп тұр. «Қазақстанның визасын алу өте қиын. Электронды виза беру жұмысы биылдан бастап атқарылмақ. Бірақ бұл әлі кемелденіп, толық қолданысқа енген жоқ. Қазақстанның визасын ала алмаған соң, елімізге келгісі келетін туристер де шарасыз­дықтан шетелге кетіп жатыр» деді Алма Бермағамбетова.
Оныншыдан, Қазақстанда «Туризмді дамыту» туралы көп айтылып, министрліктерде жоспары жасалғанымен, нақты атқарылып жатқан жұмыстар мардымсыз. Сөз бар, нақты нәтиже жоқ. Туризм табысының үлкен бөлігі жергілікті бюджетке түскенімен, жергілікті басқару органдарының туристік қызметті басымдық деп танымауы аталған саланың дамуындағы тежеуші факторы болып отыр.

Білгенге қар да дәулет, мұз да сәулет

Туризмнің жалпы жағдайына қарағанда, қазір қысқы туризм­нің аяқ алысы өте тез. Әсіресе, қысқы спорт түрлерімен қатар, қысқы көңіл ашу шараларын өткізуге тиімді өңірлердің туризмі түрленіп келеді. Мысалы, Шыңжаң (Қытай) «Қысқы саяхатты дамыту» тақырыбы аясында әр аймақ, аудан, қалалар жергілікті ерекшелігіне қарай қысқы балық аулау мерекесі, шаңғы мерекесі, ат шанамен саяхаттау мерекесі сияқты қысқы саяхат фестивальдарын жыл сайын өткізіп, ақпарат құралдары арқылы үгіттеп отырады. Мұндай шаралар, бір жағынан, ішкі саяхатты дамытуға серпін берсе, екінші жақтан, қазақтың қар шаңғысын тебуді, ат шанасына отырып саяхаттауды қызық көретін шетелдік турис­тердің қыста Шыңжаңға ағылуына жол ашты. Бізде осы мүмкіндік жоқ па?
Шынын айтсақ, Қазақстан қалың қарды, ақ сүңгіні, көк мұзды туризмнің кәдесіне жарата алмай отыр. Қаржы бөлінсе, қытайлықтар жасаған ат шананы, тау шаңғыны біздің шеберлер жасай алмай ма? Керек десеңіз, ел шанаға ат қосса, Шығыс Қазақстан облысында біздің бұғыны шанаға үйретуге мүмкіндігіміз бар. Саятшылық мерекесі арқылы да көп туристі тартуға болады. «Қазақстанның қысы да қызық» деген тақырыппен фестивальдар өткізсе, ішкі туризм жанданар еді. Мұз оймалар жасап, әсем табиғатпен ұштастыру да туристер үшін қызық. Әттең, шыршаға шашқан шығын, тиінге кеткен теңге тиісті жеріне жұмсалмай тұр…

Сала қалай жанданады?

Халықаралық туризм ұйымының жақындағы межесіне қарағанда, болашақта жүздеген млн адамның дүниенің әр жеріне барып саяхаттау толқыны көтерілетін көрінеді. Әлемдік туризм базарының даму беталысына қарағанда, туристердің Франция, АҚШ, Мысыр сияқты елдерге бара беруден туризм шаруашылығы енді-енді өркендеп келе жатқан елдерге бару жаңа ағымы пайда болған. Бұл да Қазақстан үшін үлкен орай.
Ұлы жібек жолының бойына орналасқан Қазақстанның географиялық орны да ерекше. Туризм шаруашылығы дамыған Қытаймен шекараласпыз. Қазақстан туризмі үшін Қытай – ең үлкен базар. Толықсыз санаққа қарағанда, әлемдегі туристердің басым бөлігін Қытай туристері құрайды екен. Қытай туризм министрлігі жоспарлаған Қытай–Орта Азия елдері–Ресей–Моңғолия саяхат бағыты жобасында да Қазақстан маңызды орында тұр. Шығыс Қазақстан, Жетісу өңірлерінде бір күндік, үш күндік саяхат түзімі кемелдендіріліп, туристерге жақсы жағдай жасалса, Қытай Шығыс Қазақстанмен шекаралас жатқан Алтайдың, Жетісу жерімен жалғасып жатқан Іле алқабының туризмін дамыту үшін «Алтай мен Ілеге сая­хаттай келсеңіз, Қазақстанның әсем жерлеріне де саяхаттап бара аласыз» деп біздің туризмнің үгітін өзі-ақ жасайды. Оның үстіне, саяхат жасау мен тамақ жеуді өмірдің қызығы деп білетін Қытай турис­терін Қазақстанның залалсыз, таза тағамдары мен органикалық азықтары бірден баурайды.
Қытай туристерін тартуды айт­сақ, қазақстандықтардың көбі елімізде Қытай көбейіп кетпей ме деп күдіктенеді. Бұл арада сая­сат пен туризмді шатастырудың ешқандай керегі жоқ. Әлемде турис­тердің көп келуінен зиян тартып, елдігінен айырылған ешкім жоқ. Тек сол елден келетін кейбір саяхатшының табиғатты аялау, тарихи мұраларды қорғау, орта тазалығын сақтау танымдары төменірек демесек, Қытай туристерінен тартынудың қажеті жоқ.
Қазақстанда саяхатты дамытудың алғышарты – туризм саласының үгітін күшейту. Әсіресе, ғаламторға саяхатты үгіттейтін видеоларды, фотосуреттерді, жазба материалдарды ағылшын, орыс, француз, қытай, араб тілдеріне аударып салу керек. Мәдениет және спорт министрлігінің сайтында мұндай материалдар бар болғанымен, оның көбі жансыз, турис­терді баурайтын деңгейде емес. Сондықтан шетелде Қазақстан туралы сапасы жоғары полиграфиялық және аудио-видео жарнама материалдарын белсенді түрде тарату қажет.
Еліміздің көркем жерлерін жұртқа таныстыру мақсатында фотосурет, қысқаметражді түсірілімдер байқауын өткізіп, туристік орындардың басты ерекшелігін, салт-сана, мәдениетке қатысты түйіндерін көрнекілендіруге ден қою керек. Біз ескермей отырғанымызбен, бұл – әлем елдерінің туризмді үгіттеуде пайдаланған ортақ тәжірибесі.
Əрине, туристердің бәрі де тек көңіл көтерумен шектелмейді. Қайта тұмса табиғат, тылсым құбылыс, ғажайыптар, тәуекелдер, бұрын-соңды болмаған жаңалықтар, өз елдерінде бола бермейтін ерекше жағдайлар да оларды баурайды. Сондықтан туризмді дамыту үшін туристік өңір туралы романтикалық түсініктердің қалыптасуына айрықша мән беру керек. Қытай сияқты тым қатты әсірелемесек те, Қазақстанның сырлы жерін тілсімдендіріп көрсетудің туристерді баурау қуаты ерекше. Мәселен, Қанас көліндегі (Қытай, Шыңжаң) құбыжықты көруге жылына неше жүз мың турист келеді. Анығында, бұл көлде құбыжықтың көлеңкесі де жоқ. Бар болғаны – Қытайдың туристерді тарту үшін шығарған қулығы ғана. Әр жылы туристер азая қалған кезде бір саяхатшыға қызыл балықтардың су бетінде тобымен ойнап жүрген көрінісін алыстан фотоға түсіртеді де, «ойбай, Қанастан тағы да құбыжық байқалды» деп БАҚ беттерінде шулатады. Мұны шын көрген туристер құбыжық көру үшін Қанасқа қарай ағылады. Біз туристерді бұлай алдамасақ та, Қазақстанның хикметке толы жерлері аз емес. Ендігі мәселе соны ерекшелік ретінде жарқыратып көрсетуде тұр.
Туризм дамыса, қызмет ету саласының даму өрісі кеңейеді. Қатынас саласының кірісі артып, қонақүйлердің, көңіл көтеру орындарының, дәмхана, мейрамханалардың, сауда-саттық орындарының саудасы арта түседі. Сондықтан туризмді дамытуда тиімді детальдарды ұтымды пайдаланудың пайдасы көп. Мәселен, Димаш Құдайберген – Қазақстан үгітін жасаудағы ең үлкен бренд. Себебі Димаш арқылы Қазақстанға назар аударған адам аз емес. Сондықтан Қазақстандағы әйгілі саяхат орындарында Димаштың ән кештерін өткізіп, оған шетелден көрермен шақыруды да назардан қағыс қалдырмаған дұрыс.
Қазақстанда визалық және кедендік рәсімдерді барынша оңайлатып, электронды виза жүйесін жаппай іске қосатын кез жетті. Бұл шара шетелдік туристердің Қазақстанға келуіндегі кедергілерді азайтады. Сыртқы саяхатты жандандырады.
Ал жастар туризмін дамытуды бастауыш мектептен бастап қолға алу керек. Қазақстанның балалары алдымен өз Отанының көркем жерлерімен танысу үшін міндетті түрде ел іші саяхатын ұйымдастыру керек. Балаларды салауатты өмір салтына, туған өлкені танып-білуге жетелейтін бұл жобаға қаржының тұсау болары анық. Алайда ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Білім және ғылым министрлігі ақылдасып шешсе, бұл да маңызды мәселе.
Қысқа мерзімді саяхатты дамытудың жаңа жобасын жасаудың қажеттілігі зор. Қазақстанда қысқа мерзімді туризм мүлде дамымаған. Гонконгтан Алматы арқылы Еуропа елдеріне ұшатын саяхатшылардың Алматыда 72 сағат аялдауына болады. Сол кезде олар Алматыны аралаудың орнына ұшақпен Өзбекстанға барып 2 күн саяхаттап, үшінші күні Алматы арқылы Еуропаға ұшып кетеді екен. Неге? Олардың айтуынша, Алматыда табиғаттан басқа көретін ештеңе жоқ. Міне, жұрттың ару Алматыны араламай, ала тақиялы ағайындардың еліне аттанып кететіндігінің басты себебі – осы. Әйгілі «Алтын адам» Алматы іргесінен табылған жоқ па?
Қысқасы, шетел сарапшылары айтқандай, Қазақстан басқа елдерден ерекшеленіп тұратын туризм жүйесін қалыптастырмай, туризм саласында өз үлесін ала алмайды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды