«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Түрікмен тығырыққа тірелді ме?

0 160

Соңғы күндері Түрікменстан президентінің құны жарты миллион еуродан асып кететін «Mini Cooper» маркалы ралли автомобилін сатып алуы ақпарат құралдарының көп қаузаған тақырыптарының біріне айналды. Мұны желдей есетін көлікті құйындатқанды жақсы көретін Гурбангулы Бердымухамедов «Амуль-Хазар 2018» автораллиіне қатысу үшін сатып алған сияқты. Әйткенмен аркадаг жеме-жемге келгенде, белгі­сіз бір себеппен жарыстың жолынан көріне қоймады.

Негізі, аталмыш көлік биылғы 7 маусым күні сатып алыныпты. «Хроники Туркменистана» порталының куәлік етуінше, ол бір рет мемлекеттік телеарнадан берілген репортаж кезінде көрсетілген екен. Алайда мұншалықты қымбат мәшине де президенттің көңілінен толық шықпағанға ұқсайды. Сол себепті автомобильді сатып алған бойда оған өзінің сызбасы бо­йынша біраз өзгерістер енгізіпті. Бірақ бұл көлікті тамызда телеарна арқылы жұрт назарына бір рет іліктіріп алғасын қайтып еш жерде көлбеңдете қоймапты.
Әлбетте, алса – алсын, онда біздің шатағымыз жоқ. Дегенмен әлемдегі талай жұрт Гурбангулы Бердымухамедов мырзаның өз елі дағаралы дағдарыстың үстінде тұрған кезде дәл мұндай шашпа-төк дарақылыққа неге барғанына түсіне алмай дал болып отыр. Расы керек, Қарақұмның баурайын саялаған жамағаттың жағдайы қазір бұрынғы жылдардың қайсысына қарағанда да айтарлықтай қиын. Елде экономиканың тұрақсыздығы айрықша байқалады. Осының салдарынан жергілікті халық күнделікті тұтынымдағы тұрмыстық заттарды былай қойғанда, ішіп-жем үшін керекті азық-түлік тауарларының өзінен қатты тапшылық көріп келеді.
Жаһан журналистерінің Тү­рікменстан атырабында та­ғамдар атаулының барынша тапшы екенін жазып, дабыл қаға бастағандарына да біраз уақыт болып қалды. Мемлекеттің бірқатар уәлаяттарында нан мен ұнның зәрулігінің күштілігі сондай, тұрғындар оларды төлқұжат көрсетіп сатып алады. Бұған қоса, ұн алатындар алдын ала барып, кезекке жазылып қоюлары керек. Содан кейін сол кезектерін айға жуық уақыт күтеді. Дүкендердегі бос сөрелер халықтың азық-түлік сатып алу үшін жаппай Ашхабадқа қарай ағылуларына да себеп болып жатыр.
Түрікменстан – дүние жүзіндегі ең жабық елдердің бірі. Жаһан жұрты цензурасы мен авторитаризмінің күштілігі жағынан оны Солтүстік Кореямен шендес­тіреді. Бұдан үш-төрт жыл ғана алдын режимнің қаталдығын ел экономикасының қалыпты жағдайы ақтап алғандай болып тұрушы еді. Иә, айлық жалақы да салыстырмалы түрде оншалықты көп емес-тін, бірақ ол уақытылы беріліп келді. Бұдан бөлек, бензин, газ, су, электр жарығы және тұз секілді тауарлар тегін болды.

Бірақ биылғы күзде елдегі ахуал күрт нашарлап кетті. Президент осыған байланысты қыркүйек айынан бастап коммуналды қызмет түрлерін тегін көрсетуді кілт тоқтатты. Ұлттық валютаны шетел ақшаларына айырбастау өте-мөте қиындады. Манаттың ресми бағамы 2015 жылғы деңгейде қалғанымен, оның «қара базардағы» бағасы аспанға ырғып шыға келді. Осы жылдың басында доллар мұнда 9,8-10 манатқа (1038-1059 теңге) сатылса, қазан айы басталғанда ол 18-19 (1907-2013 теңге) манатқа дейін көтерілді.

Күнделікті тұтынымдағы тауарларға байланысты қиындықтар барынша күрделі бола түсті. Елде азық-түлік тауарлары бағаларын ырықтандырып тұрған мемлекеттік дүкендер жүйесі бар. Бірақ қазір олардың сөрелері түгелдей дерлік босап қалған. Халық олардан зат алу үшін құлқын сәріден кезекке тұрады. Таяуда «Азаттық» радио­сының тілшісі Дашогуз қаласындағы дүкен алдында кезекке тұрған тұрғындардың лықсыған толқынын бейнежазба арқылы көрсетті. Топтың топанында 600-700 адам иін тіресіп тұр. Олардың «ұн», «шөрек» («тандыр»), «мүмкін жетіп қалар» деген сөздері анық естіледі.
Жеке дүкендерде мұндай шектеушілік жоқ. Алайда олардағы бағалар жиі көтеріле береді. Мәселен, наурыз айында ғана килограмы 4,8 манат (508 теңге) болған Қазақстан ұны қазанның басында 8 манатқа (847 теңге) барды. Ресей ұны осы аралықта 21-26 манаттан (2223-2753 теңге) 39 манатқа (4130 теңге) бір-ақ секірді. Еттің бағасы тоқтаусыз өсіп келеді. Қазір 1 кило сиыр еті жеке дүкендерде 38 манаттан, тауық еті 21 манаттан сатылады. Тауықтың сандары адам басына екі килодан артық берілмейді. Ал темекі шегушілердің жағдайлары тіпті қиындап кетті. Екі айдан бері мемлекеттік дүкендерде шылым атаулы жоқ. Оның бір қорабы 70 манатқа (7413 теңге) дейін шарықтады.

Алайда тұрғындардың жа­л­­­а­қы­лары бұрынғы қалпында. Мысалы, дүкен сатушысы бұрын да 500 манат (52450 теңге) айлық алушы еді, кейін көтеріліп көрген емес. Жұмыссыздық жөніндегі деректер де ашық айтылмайды. Бұл туралы дерек келтірген «Polit.ru» порталы оның деңгейінің рес­ми емес мәлімет бойынша 60 па­йызға барып отырғанын жазды.
Сарапшылар түрікмен елінің бұлайша жаппай тапшылыққа тап келуінің бірнеше себебі бар екеніне тоқталады. Соның бірі – мемлекет басшылары «көрпеге қарай көсілу» дегенді білмейді, сондықтан билік орасан зор ауқымды жобаларды қолға алуға құмар. Айталық, 2016 жылы Ашхабадта құны $2,3 млрд тұратын сұңқар пішіндес алып аэропорт салынды. 2017 жылы өткен жабық залдағы Азия ойындары рес­публика үшін $5 млрд шығын әкелді. Ал биылғы мамыр айын­да Түрікменбашы (бұрынғы Красноводск) қаласында құны $1,5 млрд болатын теңіз порты қатарға қосылды. Сол сияқты Хазар теңізінің жағасынан Аваз курортын тұрғызуға тағы бірнеше миллиард доллар көлемінде қаржы жұмсалды. Бірақ қазір ол іс жүзінде толық қуатында жұмыс істеп тұрған жоқ. Себебі, біріншіден, жергілікті түрікмендердің қалталары көтермейді; екіншіден, виза тәртібінің қатаңдығынан сырттан ешкім келе қоймайды.
Түрікменстан – газының қоры жағынан әлемдегі төртінші бай дәулет. Алайда Ашхабадтың көміртегі сатып алушылармен қырғи-қабақ болып қала берулері тұтынушы елдер санын ұдайы қысқартумен келеді. Бұрын тү­рік­­мен «көгілдір отынын» алу­шы­лар санатында Ресей, Иран және Қытай бар еді. Қазір тек ҚХР ғана қарым-қатынасын сақтап қалды. Ресей бұл рыноктан 2016 жылы шығып кетті. Бұған «Орталық Азия-Орталық-4» магистралінің республика аумағындағы бөлігінде орын алған апат себепкерлік етті. Түрікмен тарапы өз жеріндегі апаттың айыбын әріптесіне қарай аудара салмақ болды. Ал 2017 жылы қарыз жөніндегі кінәласудан кейін Иранның солтүстік атырабына газ беру тоқтатылды. Сөйтіп, өткен жылдың қорытындысымен экспортқа шығарылған газдың 94 пайызы Қытайға жөнелді. Алайда елдің Бейжіңмен арадағы ахуалын да тым жақсы деуге келмейді. Түрікмен хансудың сатылған газға тиесілі ақшаны толық мөлшерінде қайтармай, қарыздың бір бөлігін өз несиелері есебімен жауып отырғанына наразы.
Осының нәтижесінде 2017 жылы Түрікменстанда газ өн­діру 62 млрд текше метрді құрап, 2015 жылғы мөлшерден 10,8 млрд текше метрге азайды. Ресми емес мәліметтерге қарағанда, елдің сыртқы саудадағы тапшылығы $10 млрд-қа кеміп кеткен. Айтқандай, бұл қаржының өзі осы кездері елден сыртқа шығарылған ақшаның қасында жіп есе алмай қалады. «The Economist» басылымының Швейцарияның Халықаралық есеп айырысулар банкіне сілтеме жасап жариялаған дерегіне сү­йенсек, қазір Германияның әртүрлі банктерінде Түрікменстанның егелері кімдер екені белгісіз $23 млрд ақшасы жатыр.
Халықаралық сарапшылар осы ретте Копетдаг баурайынан билік айтатын елдің ахуалын
Венесуэладағы экономикалық апатты жағдаймен салыстырып отыр. Жаһанда мұнайымен аты шығып отырған латынамерикалық елдің экономикадағы барынша сауатсыз басшылық салдарынан қайыршының күнін кеше бастағаны жасырын емес. Дәл сондай экономикаға әу бас­тан жүрдім-бардым қараған тарап Ашхабад еді. Ол марқұм Сапармұрад Ниязовтың кезінде хаостың қалпын бастан кешті. Бірақ жағдай одан кейін де түзеліп кеткен жоқ. Соның ақыры бүгінде елді қиындық құрсауында қалдырып отыр. Әлем сарап­шыларының бұл жайында дабыл қаққандарына да біраз болды.
Түрікмен қоғамы қазір, шынында, қатты тығырыққа тіреліп тұр. Бауырлас елдің дағдарыс құрсауынан шығуына тілектеспіз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды