«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тұрғындарды не толғандырады?

0 21

Нұр-Сұлтанда қалалық даму акселераторы ресми түрде іске қосылды. Жобаның жүзеге асырылуы 100 күнге көзделген. Яғни белсенді, қала мәселелеріне алаңдаушылық білдіретін тұрғындар әкімдік өкілдерімен бірге қоғамдық көлік, ПИК және санитарлық тазалауға қатысты түйткілді мәселелерді бірлесіп шешетін болады. Қалалықтар осы бағыттардың әрқайсысы бойынша өздерінің ұсыныстарын енгізіп, шешім шығаруға толық қатыса алады.

– Біз қала тұрғындарын көптеген мәселелер алаңдатып отырғанын көріп отырмыз, олардың ішінде ең өзекті 48-ін айқындадық. Олардың 20-сы – барлық қалалықтарды мазалайтын мәселелер. 20 мәселенің ішінен талқылау үшін 3-еуін белгілеп алдық, өйткені 100 күннің ішінде 20 топты жинақтау мүмкін емес. Біз тұрғындармен бірге осы мәселелердің шешімін табуға тырысатын боламыз. Мүмкін кейбір мәселелерді тұрғындар бұрын талқылаған болып, олар бойынша нақты тиімді ұсыныстары бар шығар, – деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Малика Бектұрова.
Осыған дейін акселератор аясында қалалықтардан 100 өтінім жинақталды. Олардың әрқайсысымен әңгіме жүргізілді, түйіндемелер қарастырылды. Нәтижесінде шамамен 30 қатысушы іріктеліп, 3 жұмыс тобына бөлінді. Олардың құрамына әкімдіктің, ведомстволық ұйымдардың өкілдері кірді. Әр топта 20-25-тей адам жинақталды. Акселераторды жүзеге асыру туралы хабарланған сәттен бастап дайындық жұмыстары жүргізіліп үлгерді, оның нәтижесі бірлескен үш топтың бір айлық жұмысынан көрінетін болады.
– Тұрғындардан сұрақтар қойы­ла бастағандықтан оларға бастапқы ақпарат берілді, сәйкесінше олар көрсеткіштерді айқындап үлгерді. Бүгінгі таныстырылым шынайы көрсеткіштерді пысықтау үшін өткізіліп отыр, осы 100 күн құр талқылаумен ғана шектелмей, әр мәселе бойынша нақты көрсеткішті білуіміз керек деген оймен ұйымдастырылды, – деп атап өтті Малика Бектұрова. Сонымен қатар әкім орынбасары акселератордың бюджеті жоқ екенін алға тартты. Мемлекеттік қызметкер үшін бұл жұмысының бір бөлігі болса, қоғамдық өкілдер үшін қалаға пайдасын тигізу ниеті. Кездесулер Seedspace Nur-Sultan алаңында апта сайын өткізіледі. Ал жүзеге асырылған нәтижелер www.nursultansmartaccelerator.com ресми сайтында және Smart Astana мобильдік қолданбасында жарияланып отыратын болады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды