-->

ТҰРҒЫНДАР ТІЛЕГІ ЕСКЕРІЛЕДІ

Бұрнағы күні Алматы ауданының әкімі Әділбек Сәрсембаев халыққа есеп беру кездесуін бастады. Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың ғимаратында өткен жиынға Қажымұқан, Кенесары, Сәтбаев және Петров көшелері мен Абай, Абылай хан, Тәуелсіздік даңғылдарының тұрғындары жиналып, көкейкесті мәселелерін көтерді. Кездесуге Астана әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхаметов және қалалық мәслихат депутаттары, басқармалар басшылары қатысты.

erm_2603

АУДАН ХАЛҚЫ КӨБЕЮДЕ

Алматы ауданының әкімі Әділбек Сәрсембаев былтыр ауданда атқарылған жұмыстар жө­нінде қысқаша тоқталды.
Елорданың қарышты дамуына Алматы ауданындағы ілкімді жұмыстар ықпалын тигізетінін айтқан әкім бүгінде бұл аумақта 382 мың тұрғын өмір сүріп жатқанын тілге тиек етті. Жылдан жылға халқы кө­бейген ауданда тіршілікті қам­тамасыз ету жұмыстарының басымдыққа ие екені белгілі. Осы тұрғыдан аудан басшысы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы оң өз­ге­рістерді атап, қасбеттердің жөнделуі, жарықтандыру, абаттандыру, көгалдандыру, жолдардың сапасы және қо­ғамдық тәртіп туралы сөз қозғады. Солардың ішінде 27,9 шақырымды құрайтын 17 көшенің салынуы мен 27 шақырымға созылатын 30 көшенің орташа жөндеуден өт­кенін ерекше атауға болады.

Ауламызға балалар алаңы керек

Аудан әкімінің байыпты баяндамасынан соң тұрғындардың талап-тілектеріне кезек берілді. Жансүгіров көшесінің тұрғыны аулаларында балалар алаңының қашан салынатын сұрады. Ол бұл мәселенің біраздан бері көтеріп жүргенін, жақында ғана Астана концерт залында өткен ашық есік күнінде де жоғары жаққа сауал етіп жолдағанын жеткізді. Бұған Әділбек Сәрсембаев «Сіздің үй №32 мектептің маңайында орналасқан. Бұл жағдайдан хабарымыз бар. Осыны жұмыс жоспарымызға енгіземіз. Тиісті мекемелерге тапсырма береміз. Мәселені жан-жақты қарастырамыз. Сізге содан соң нақты жауабын айтамыз. Қаржы жағы шешілсе, бұл жағдайды түгелімен реттеуді қолға аламыз» деп жауап қатты.
Ал «Мирас» тұрғын үй ке­шенінің тұрғыны «Жұмабаев көшесі 17/1 және Күйші Дина көшесі 31 үйлерінің арасындағы жол қашан жабылады. Бұл – орамішілік жол. Ол маңнан көліктердің толассыз әрі-бері өтуіне болмайды ғой» деп қын­жылды. Сондай-ақ, Абылай хан мен Жұмабаев көшелерінің тұ­сында орналасқан Күйші Дина көшесінің бөлігінде жол қашан салынып бітетінін білгісі келді.
Әкімнің жауабы бойынша, бұл аумақтың жолын жөндеуге қаржы бөлінген. Жұмыстар сәуір айынан басталады. Жол 6 шақырымды қамтитын болады. Мәселе ағымдағы жылы толығымен шешілмек.

erm_2612

Автобусты 40 минут күтеміз

Халқы көбейген аймақта қо­ғамдық көлікке қатысты дау­дың туындауы жиі кездеседі. Бұл жиында да ауданның қарт тұр­­ғыны автобусты көп күте­тін­­дерін айтып шағымданды. Зей­неткер Көкпар көшесінің Обаған көшесімен қиылысқан тұ­сында тұрады екен. Автобусты 40 минутқа дейін күтетіндерін айтқан ол қазір сол жақта қаты­найтын №76 маршрутқа қосым­ша №2 немесе №20 автобустар жүрсе екен деген тілегі барын білдірді. Оған қоса, бұл ай­мақта жылда істелінеді деп уәде бері­летін кәріз­дендіру жүйесі мәсе­лесі бар екен. Бұл кісіге авто­бусқа қатысты сауалының қарас­ты­рылатынын, қоғамдық көлік­тер әлі реттелінетіні айтылды.
Жиналған жұрттың арасында жарықтандыру мәселесін көтергендер де болды. Солардың бірі Балқаш тұйық көшесінде әлі күнге дейін шамдардың орналаспағанын айтты. Бұл мәселемен олар сол аймақтың депутатына да жүгінген екен. Енді бұны аудан әкімдігінің Өндірістік-техникалық бөлімі тексеріп, жағдайды екі күнде қалыпқа келтіретін болады.
Сонымен қатар, кездесуде күртік қардың уақытылы күрелуі, гараж құрылыстарының сүрілуі, ПИК жұмысы жөнінде сұрақтар қойылды. Аудан әкімі жиында айтылған сын-ескертпелерінің барлығы ескерілетінін, сол бо­йынша жұмыстар жасалатынын айтып, сөзін қорытындылады.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*