«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тұрғындар тиісті жауап алды

0 32

«Жастар» театрында және қаладағы № 65 мектеп-гимназияда өткен кездесуде Сарыарқа ауданының әкімі Арман Тұрлыбек тұрғындарды қоғамдық мәселелерге белсенді араласуға шақырды.

Аудан әкімінің айтуынша, бір жыл ішінде шешімін тапқан мәселелер жеткілікті. Мәселен, Біржан сал көшесіндегі апатты үйдің орнына тұрғындардың демалып, серуендеуі үшін «Шабадандар» сквері салынды. Алдағы уақытта Ә.Молдағұлова мен І.Есенберлин көшелерінің бойынан тағы екі сквер салу жоспарланып отыр.
Өткен жылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Затаевич көшесі, 11 мекенжайындағы тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін осы аумақтағы 14 мекенжайға 83 «Сергек» бейнебақылау камерасы орнатылыпты. Енді вокзал маңындағы көшелердің барлық криминогенді аулалары бақылауда болады.
«Биыл да тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту жұмыстарын жалғастыратын боламыз. Гете мен Алтынсарин көшелерінің қиылысында мешіт құрылысы басталды, оның сыйымдылығы 700 адамға есептелген. Өтініштерді талдау барысында түсінгеніміз, бұл аумақта үй жануарларын ұстайтын тұрғындар көп екен және олардың көпшілігі ит-күшіктерін серуендетуге орын бөлуді сұрайды. Биыл осы өтінішті орындап, арнайы алаң салып беруді жоспарлап отырмыз» дейді Арман Тұрлыбек.
Жалпы, тұрғындардың көбін абаттандыру, көлік жүйесі және түнгі жарықтандыру мәселелері мазалайды. Мысалы, «Жеті жол» тұрғын үй кешенінде тұратын зейнеткер коммуналдық төлемдердің дұрыс есептелетініне күмән келтірді. Аудан әкімі тиісті мекемеге бұл мәселені жедел арада тексеруді тапсырды. Ал Жеңіс көшесінің тұрғыны мердігер ұйымның ауладағы қар тазалау жұмыстарын жауап­кершілікпен атқармайтынын алға тартты. Аудан әкімі өз жауабында аталмыш ұйымның жұмысы бақылауға алынып, кемшілік анықталған жағдайда айыппұл салынатынын ескертті.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды