«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тұрғындар сауалы толастамады

0 24

№ 10 қалалық емханада өткен Сарыарқа ауданы әкімі Арман Тұрлыбектің тұрғындармен кездесуінде жалпы 46 сауал келіп түсті. Халықтың алаңдайтыны қашаннан келе жатқан жол, көлік, балабақша, абаттандыру, жарықтандыру мәселелері болып отыр. 

Есеп беру жиынына қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев пен мәслихат депутаттары, мемлекеттік қызметкерлер, сала мамандары қатыс­ты. Аудан әкімінің бір жыл бойы атқарылған жұмыстар жайлы баяндамасынан соң тұрғындар көкейдегі сауалдарын жолдады. Алдымен 189 көше тұрғындары сөз алды. Кезінде «жас отбасы» бағдарламасы бойынша пәтер алған азаматтар, әрине, алғыс айтудан бастады. Артынша көптен бері шешімін таппай келе жатқан ПИК мәселесін қозғады.
«2015 жылы жаңа үйге көшіп келгелі қаншама ПИК ауыс­ты. Қазір қызмет көрсететін «Домашний очаг» кооперативі біздің есебімізден үйдің жанында құрылысы жүріп жат­қан нысанға су, жарық сатып келгені белгілі. Қолымызда сө­зімізді растайтын барлық деректер бар» дейді қала тұрғыны
Әсемгүл Қалиқызы. Оның айтуынша, ай сайынғы жарна тө­лемі де көбейген. Мәселен, ең ал­ғашқы жылдары 95 теңгеден басталған жалпы қажеттіліктерге жұмсалатын шығын көлемі бүгінде 1900 теңгеге жеткен. «Бізді ПИК-тің «қорлығынан» құтқарыңыз» деген тұрғындар жанайқайына аудан әкімі сол сәтте ішкі істер басқармасына, тұрғын үй инспекциясына мәселенің анық-қанығын уақыт созбай реттеуді тапсырды.
Одан кейін сөз алған қала тұрғыны жергілікті емханада көз дәрігерінің жоқтығын, тегін дәрі-дәрмек берілмейтінін айта келе, үйінің жанындағы балабақша маңына бағдаршам қоюды өтінді.
Алайда сол жерде отырған емхана басшысы Гүлнар Алпысбекова емханада көз дәрігері болмаса да, тұрғындарға бұл қызмет міндетті түрде көрсетілетінін алға тартты. Емхананың қарсы бөлігінде орналасқан жеке мекеменің офтальмолог маманына арнайы жолдама беретіндіктерін жеткізді. Ал Денсаулық сақтау басқармасынан келген өкіл «Тегін дәрі-дәрмектер арнаулы бекітілген қаулыға сәйкес белгілі санаттағы адамдарға беріледі. Яғни, кішкентай балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандар кепілдендірілген тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі» деді. Ал аудан әкімі Арман Тұр­лыбек қала тұрғынының бағдаршам қою туралы ұсынысын мін­детті түрде қарап, тексеретіндіктерін жеткізді.
Сонымен қатар Қосшығұлұлы 50 мекенжай тұрғындары өз ау­лаларына немесе жақын ма­ңайға спорттық құрылғылар орнатып беруді өтінді.
«Елдің аулаларында үлкендерге арналған спорттық құрылғылар бар. Ал бізде тек балаларға арналған. Тағы бір айтатынымыз, емханаға келетін көпшілік көліктерін қоятын жер таппай біздің аулаға келіп қояды. Әрине, кейде біздің көліктерді сызып кетіп, қашып кететін оқиғалар тіркеледі. Сондықтан осы мәселені шешіп, ауламызға видеобақылау орнатып берсеңіздер. Сонымен қатар жарықтандыру және абаттандыру мәселесін
қарастырсаңыздар» дейді. Сарыарқа ауданының әкімі  Арман Тұрлыбек абаттандыру  жұмыстарының барлығы жос­парға сай жүргізілетінін айтты.
«189, 167 және Ардагерлер көшелеріне абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жүр­гізу қолға алынады. Биыл тұрғындардың өтініштері бо­йынша қысқа көшелер пайда болады. Тек қана алма ағашы отырғызылатын Алмалы, шие өсетін Шиелі көшелері бой көтереді. Бізде Мамыргүл желекжолы бар, оны жаңартатын боламыз» деп түйіндеді әкім.
Жалпы, аудан бойынша өткен жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысына сүйенсек, Сарыарқа ауданында 1300-ден астам отбасы апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлерден көшірілген. «Өндіріс» тұрғын үй алабының 12 орталық көшелері бойынша ағымдық және шұң­қыр­ларды тегістеу жұмыстары жүргізіліп, 8 көшенің бойына инертті материалдар себілген. Жалпы ұзындығы 2870 метр болатын 8 көше шаруашылық-тұрмыстық кәріздің инженерлік желілерімен қамтамасыз етілді.
Мешіт тұрғызу мәселесі тұр­ғындар тарапынан бірнеше мәрте көтерілген болатын. Осыған байланысты, әкімдік тарапынан «Көктал» тұрғын үй алабында мешіттің іргесі қаланған. Жалпы, кездесуге келген көпшіліктің барлық сауалдары ескерусіз қалмай, әкім тарапынан тиісті жауаптар берілді.

 

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды