«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тұрғын үйді басқару жүйесі өзгере ме?

0 20

Кеше әкімдікте «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заң жобасы бойынша жиын өтті.

Қала әкімі Бақыт Сұлтановтың төрағалығымен өткен жиынға Мәжіліс депутаттары Сапар Ахметов пен Арман Қожахметов, «Бәйтерек» ПИК ассоциациясының төрағасы Мизамбек Кенжебаев және басқарма басшылары, елорданың пәтер иелері кооперативінің өкілдері қатысты.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен халықаралық тәжірибені зерделеуді және пәтер иелері кооперативтерінің қызметін талдауды ескере отырып, «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» әзірленген заң жобасы Үкіметтің қаулысымен өткен жылдың қыркүйегінде Мәжілістің қарауына берілген болатын.
– Бұл заң жобасының негізгі мақсаты – 100 пайыз кондоминиум құру. Бұған дейін депутаттар еліміздің әр өңіріндегі сала мамандарымен кездесіп, осы заң жобасын талқылады. 20-дан аса жиын барысында заң жобасына 550-ден аса түзетулер енгізіліп, оның жартысы қабылданды. Меншік иелері қауымдастығының жаңа формасы ұсынылды. Мәжілістің пленарлық отырысындағы бірінші оқылымда осы жобаны депутаттар бірауыздан қолдады, – деді аталған заң жобасы жөніндегі жұмыс тобының төрағасы, Мәжіліс депутаты Сапар Ахметов.
Оның айтуынша, бұл заң жобасы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы түбегейлі өзгерістерді анықтап, қызмет көрсететін ұйымдар мен тұрғындардың өзара қарым-қатынасының құрылымын өзгертеді.
Алайда жиында сөз алған ПИК өкілдері заң жобасының кейбір нормаларына әлі де өзгеріс енгізу қажеттігін айтты.
Осы айдың соңына қарай Мәжілісте бұл заң жобасының екінші оқылымы болып, онда нақты шешім қабылданады. Одан кейін жоба Сенаттың талқылауына жіберіліп, әрі қарай Президенттің алдынан өтеді.
Айта кетсек, бүгінде елордада 2600-ге жуық көппәтерлі тұрғын үйге 488 ПИК қызмет көрсетеді.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды