«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тұрақ шешілмей, «пырақ» көсілмейді…

0 34

Үлкен қалаларда автокөлікке бұт артып, жеңіл машинаның үй бас сайын жетуіне орай олардың ортаға жасайтын ықпалы, жол кептелісі, автотұрақ тапшылығы сияқты мәселелер алға шықты. Әсіресе, халқы тығыз орналасқан ірі қалаларда көлік кептелісі кәдуілгі жайтқа, автотұрақ мәселесі өзекті түйінге айналды. Жан саны бір миллионнан асқан Нұр-Сұлтан қаласы да соңғы кездері жол кептелісін жеңілдетудің және автотұрақ мәселесін шешудің, ақылы автотұрақтарды көбейтудің ұтымды жолдарын қарастырып жатыр.

Дәстүрлі автотұрақтың кемшілігі көп

«Астананың көлік тұрағы кеңістігі» ЖШС өткен жылдың соңында «2019 жылдың соңына дейін қала аумағында 10 мың ақылы тұрақ орындары пайда болады» деп мәлімдеген еді. Сол ақылы тұрақтардың алды іске қосылды. Алайда ақша төлеу тәсілі ғана жаңа заман техникасын пайдаланғаны болмаса, бұл тұрақтардың да бұрынғыдан пәлендей артықшылығы жоқ. Ал сауда сарайларының астынан немесе жанынан салынған көпқабатты автотұрақтардың да сыйымдылығы төмен. Оның үстіне, бұл үлгідегі автотұрақтардың күні өтіп, басқа елдер осы заманғы заманауи үлгідегі жаңа автотұрақтар салып жатыр. Әлемнің дамыған елдеріне әлдеқашан қолданысқа енген бұл автұрақтар Нұр-Сұлтан шаһарына да керек.
Қазір әлемде автотұрақ мәселесін шешудің бірнеше тәсілі бар. Мұның алғашқысы, дәстүрлі үлгідегі көлік қою алаңдарын көбейту, жол жағалауларына, тұрғындар тұрағының, әлеуметтік орындардың жанына көлік қоятын орын қалдыру болатын. Қала дамуының тездеуіне сай, бүгінгі күнде бұл әдістің де күні өтіп барады. Атап айтқанда, салынған автотұрақтардың көп орын алатынына қарамастан, оған көп көліктің симауы және жер бағасының да барған сайын қымбаттауынан ашық автотұрақ салудың өнімділігі, тиімділігі төмендей бастады да, дамыған елдер ғимараттардың астынан жерасты автотұрақтарын салды. Алайда бұл тұрақты салуға да жұмсалатын қаржының молдығы, қымбаттығы осы замандық үлгідегі автотұраққа қарағанда сыйымдылығының төмендігі себепті көптеген мемлекеттер соңғы кездері жерүсті стереоскопиялық автотұрақ (stereoscopic parking) пен зерделі автотұрақ (Intelligent Parking) салуға ден қойды. Аталған екі автотұрақтың қолайлылығы, сыйымдылығының жоғары, тиімділігінің көптігі қаладағы көлік қою мәселесін шешуге зор серпін берді.

Дамыған елдерде – жаңаша автотұрақ

1920 жылы әлемдегі ең алғашқы механикалы автотұрақты жасап шыққан АҚШ дүние жүзінде жаңа үлгідегі автотұрақтардың жасалуына түрткі болды. Сонымен өткен ғасырдың 60 жылдарына келгенде дамыған қалаларда стереоскопиялық автұрақ (stereoscopic parking) пен зерделі автотұрақтар жасалып, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея сынды елдерде қолданысқа енді. Әсіресе, Нью-Йорк, Лондон, Токио сияқты қалаларда стереоскопиялық автұрақ көптеп салынып, басқа елдерге де қанат жайды. Қазіргі таңда бұл автотұрақтардың тиімділігін көріп отырған елдің бірі Қытай жерасты автотұрағы мен ашық автотұрақ жасау­ды азайтып, есесіне заманауи үлгідегі стереоскопия­лық автотұрақ пен зерделі автотұрақты пайдалану қадамын жеделдетті. 2017 жылға дейін Қытайдың Бейжің, Шанхай бастаған 270-тен аса қала мен аймағы стереоскопиялық автотұрақ салып, 700 мыңнан астам автокөліктің орын мәселесін шешті. Қазір бұл көрсеткіш тіпті артып, Қытайдың барлық өңірлеріне тарай бастады. Көлік қоятын құрылғыны құрастыруға, жинауға өте қолайлы болғандықтан, аталған елдің ірі қалаларында тұрғындар аумағының маңына дейін стереоскопиялық автотұрақ салынды. Алайда автотұрақ ақысы біршама жоғары. Орта есеппен алғашқы бір сағаты 160 теңге болса, сағат сайын 50 теңгеден еселеніп отырады (әр қалада баға әртүрлі).

Жаңа үлгінің артықшылығы қандай?

Стереоскопиялық және зерделі автотұрақ көп орын алмайды. Мәселен, 1000 шаршы метр жерге дәстүрлі үлгідегі көлік тұрағын жасайтын болса, кіріп-шығатын жол және басқа да қалдыруға тиісті жерлерді алып тастағанда, небәрі 60 автокөлік қоюға болады. Ал оның орнына 6 қабатты автоматтандырылған зерделі автотұрақ салынса, 500-ден астам автокөлікті қоюға болады екен. Көлікті қоюға немесе шығаруға шамамен 2 минут уақыт қана жұмсалады. Сонымен қатар бұл тұрақтар көліктердің соғылуынан сақтануға, жүргізушілердің бір-біріне жол бермеуінен кептеліс туылу мәселесін шешуге де септігін тигізген.
Бізше бас қаламызда да осы тәсілдерді қолдануға мүмкіндік бар. Әсіресе, қала орталығындағы көлік шоғыры өте тығыз орындарға жерүсті стерео­скопиялық автотұрақ пен зерделі автотұрақ салынса, жүргіншілердің көлік қоятын жер таппай қиналатын жағдайы мен көлікті жол шеттері сияқты ашық жерлерге бейберекет қоя­тын жағдайдың да алды алынар еді. Қалада ақылы автотұрақтарды көбейтіп, қала бюджетіне кіретін кіріс көзін көбейтуге де оң әсері болады. Көлік жүргізуден көлік қоятын орын табу қиындаған қазіргі таңда біздің «Тұрақ шешілмей, «пырақ» көсілмейді» деп отырғанымыздың себебі – осы.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды