Пятница, 22 Сентябрь 2017
-->

ТҰРАЛАП ҚАЛҒАН ҮЙЛЕРДІ ЕНДІ КІМ ТҰРҒЫЗАДЫ?

Еліміз бойынша алданған үлескерлердің саны – 9 мың. Басым бөлігі – елордалықтар. Астана қаласында проблемалы 42 нысан болса, оған қаржы құйған 7 мың үлескер тіркелген екен.

555

Кеше Астанада құрылысы тоқтап қалған осындай нысандарды сатуға арналған жәрмеңке ұйымдастырылды. Мақсаты – аяқсыз қалған үйлерді бітіріп, үлес­керлерге тапсыру. Олардың қатарында «Алға Самал», «Үміт-Береке», «Жайлау сити», «Араби-2», «Хазірет-Ас­тана», «Столичный-2», «Скай Сити», «Құрылтай» және «Байтау» тұрғын үй кешендері бар. Бүгінде аталмыш үйлерге ақша салған 2 мыңнан астам отбасы өз пәтерлерін асыға күтуде.

Жәрмеңкеге қала әкімдігі, прокуратура өкілдері, бизнес қауымдастықтары қатысты. Оларға аталмыш нысандардың бос алаңдары, жер телімдері мен теxникалық сызба-нұсқаларының жай-жапсары түгел көрсетілді.

Іргесі жоқ үйлер бар
Жоба бойынша паркингі бар көп пәтерлі «Алға Самал» тұрғын үй кешеніне 1,7 млрд қаржы құйылған. Алданған үлескерлердің саны – 38. Бүгінде үйдің қабырғасы түгіл, іргетасы да салынбаған. Эскиз жобасы, сараптама қорытындысы жоқ үй құрылысын тұрғын үй кооперативін құру арқылы шешу көзделуде. Сол сияқты «Үміт Береке» кешеніне қаржы құйған үлескерлердің де үміті зор. Кезінде 80 адам үйлі боламын деп сеніп қалған екен. Өкінішке қарай, бүгінде құрылыс та, құйған қаржының да ізі жоқ. Жәнібек Тархан және Жұбанов көшелерінің қиылысында «Араби-2» тұрғын үй кешені бой көтеру керек еді. Эскиздік жобасы 2005 жылы жасалған нысанға 56 үлескер ақшасын салған. Жәрмеңкеде таныстырылған нысандардың кейбірі аяқталуға жақын. Мәселен, Сарыарқа даңғылы мен Абай көшесінің қиылысында тұрған «Столичный-2» тұрғын үй кешенінің 70 пайызы дайын көрінеді. 190 пәтерлі үйге 170 адам үлескер болған.

– «Мәңгілік ел» монументі жанындағы «Байтау» тұрғын үй кешеніне 25 адам қаржы құйған. 2014 жылдың тамыз айында басталған құрылыс 2015 жылы қаржы жетіспегендіктен тоқтатылды. Дәл қазіргі уақытта бір қабаты ғана бой көтерген. Ондағы пәтерлердің саны – 154. Қала әкімдігінің ұйғарымымен «Байтау Gold» тұрғын үй кооперативі құрылды. Құрылыстың 6 пайызы ғана дайын. Алдағы уақытта әлеуеті мол инвесторлар табылса деген тілегіміз бар» дейді «Байтау Gold» тұрғын үй кооперативінің басқарушы төрайымы Айжан Қуанышқызы. Ал «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі Мұрат Әбеновтің айтуынша, бүгінгі жәрмеңкеге 70-ке жуық компания қызығушылық танытқан. «Қоғамдық ұйым ретінде осы шаралардың дұрыс жүргізілуіне бақылау жасаймыз. Жалпы, бұл формат мәселені шешудің дұрыс жолы. Егер жәрмеңкеге қатысып, кейбір талаптарға келіспейтін компаниялар болатын болса, ұсыныстарыңызды тыңдауға дайынбыз» дейді ол.

Гүлмира  АЙМАҒАНБЕТ

 

Print Friendly, PDF & Email
ru.pdf24.org    Отправить статью как PDF   

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*