«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Түнгі соттың тиімділігі

0 120

Биыл маусымның 5-інен бері Астананың мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Ұлдана Сүлейменова жол-көлік оқиғаларына қатысты істерді жұмыс уақытынан тыс кезде қарай бастады.

Бұл үрдіс бас қалаға Жоғарғы сот төрағасының осы жылдың ақпан айында Сингапур мемлекетіне барып келген сапарынан кейін енгізілген еді. Осы «Түнгі сот» атауына ие бол­ған сот үдерісі кейінгі кезде кешкі 18.30-дан 22.00-ге дейін жүргізіліп жүр. Таяуда сот қарауына 18 іс түсті. Олардың барлығы да Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 610-бабы бойынша, атап айтқанда, жүргізушілердің жол ережелерін сақтамай, жол-көлік оқиғасы кезінде адам денсаулығына залал келтіруі, көлік құралдарының немесе басқа да дүние­лердің бүлінуіне қатысты болды.
Келіп түскен істің жұмыс уақытынан тыс сот үдерісінде қаралуы үшін бірнеше шарттар сақталуы керек. Мәселен, бірінші талап – жүргізушінің өз кінәсін толық мойындауы, келтірілген шығынды өтеу­ге пейілді болуы, дау-дамай туғызбай, істің жұмыс уақытынан тыс кезде қаралуына келісуі. Айталық, судья Ұлдана Сүлейменова жол-көлік оқиғасына байланысты кінәлі Николай Губский мен жәбірленуші Виктор Титоринконың ісін қарап, кінәсін толық мо­йындауына байланысты Н.Губскийдің айыппұлын 48100 теңгеден 33670 теңгеге төмендетті. Тағы бір айта кетерлігі, бұрын мұндай сот үдерістерін адамдар екі-үш ай күтетін болса, қазір екі тараптың іс материалын жұмыстан тыс уақытта қарап, он күннің ішінде шешім шығарылып отыр. Бұл уақыт үнемдеуге тиімді екендігі сөзсіз.
– Бұл қанатқақты жоба Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты төрағасының өкімімен әзірге Астана, Алматы, Өскемен және Ақтөбе қалаларының соттарына енгізіліп отыр. Түнгі сот әзірге жол-көлік оқиғаларына қатысты істерді ғана қарайды. Оған қосымша қаржы да қарастырылмаған, тек ішкі соттар қоры есебінен жүзеге асырылып келеді. Жоба мерзімі осы жылдың 31 желтоқсанында аяқталады, – дейді жоба жетекшісі Мәдениет Омарбекова.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды