«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

ТҮНГІ ҚАЛАНЫҢ ТЕНТЕКТЕРІ

0 466

Тәулік бойы тыным таппай, кәмелетке толмағандардың ісімен айналысатын тәртіп сақшылардың бірі – Ювенальды полиция. Инс­пекторлар үнемі ата-аналар және оқушылармен  жүйелі түрде кездесулер өткізіп, еліміздегі заң нормаларын түсіндіреді. Әрі түнгі мезгілде жүретін жеткіншектерді бақылауға алып, олармен жұмыс жүргізеді. Бақылау, әсіресе, әр аптаның жұма, сенбі күндері күшейе түседі. Инспекторлармен бірге, біз де рейдке шығып, түнгі «жортуылда» жүретін балаларды тексеріп қайтқан едік.

????????????????????????????????????

ТҮЗЕЛ! ТІК ТҰР!
Келіскеніміздей, түнгі сағат 10.00 кезінде Алматы аудандық Ішкі істер басқармасына келдік. Күтпеген көрініс: есік алдында бір топ қыз-жігіт жиналған. Бәрі – бірдей формада. Ішінде азаматтық киімімен дараланып, жүзі таныс көрінген жас жігітті сөзге тарттық. Өзін Тынышқали Сәбен деп таныстырған азамат «Жас сақшы» құқықтық тәртіпті сақтау студенттік жасағының жетекшісі екен. «Рейдке қатысамыз!» дейді мақ­танышпен. Оның айтуынша, бүгінгі Жедел алдын алу шарасында полицияға қала бойынша 60 жас сақшы қолғабыс етеді. Олар жиырма-жиырмадан үш ауданға тең бөлініпті. Топ-топ болып, Ювенальды полиция бөлімшесіне кірдік. Сыптай киінген инспекторлардың дені – әйел қауымы. Студенттер пайдалы іске үлес қосамыз деп мәре-сәре. Кейбіреулері естелікке суретке түсіп әбігер. Ал, тәртібі темірдей полицейлер өте байсалды. Түгенделіп болған соң, бәрі екі қатармен сапқа тұрды.
– Түзел! Тік тұр! Еркін тұр! Кеш жарық, офицер жолдас­тар мен көмекші жастар! Қоғамдық тәртіпті сақтау, жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және әке-шешенің қарауынсыз түнгі уақытта көшеде, ойын-сауық мекемелерінде жүрген жеткіншектерді анықтау мақсатында Алматы ауданы аумағында бірлескен рейд жүргіземіз! – деген Алматы аудандық ІІБ ЖПҚ ювенальды полиция бөлімшесінің бастығы Гүлфия Гафур 17 қызметкерді сегізге бөліп, әрқайсына кө­мекші студенттерді қосып берді. Біз полиция капитан­дары Ботагөз Сәрсекеева мен Роза Ағажанованың тобына түсіп, сағат 22:30-да түнгі бар­лауға шықтық.

ЕСКЕРТУ ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАУ КЕРЕК
Ең алдымен заңды еске түсі­релік. Қазақстан Республи­касының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес, кәмелет жасына толма­ған балаларға түнгі 22:00-ден таңғы 6-ға дейін ата-анасының және оған құқы бар заңды өкілдердің қарауынсыз ойын-сауық мекемелерінде немесе үйден тыс жерлерде жүруге болмайды. «Рұқсат етілмеген уақытта жасөспірімнің компьютер клубында отырғаны анықталса, баланың әке-шеше­сіне 3 айлық есептік көрсет­кіш мөлшерінде айыппұл салынады. Ал, түнделетіп көше кезіп жүр­гендердің ата-анасына ескерту жасалады. Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде құқық бұзушылық қайталанса, заңды өкілдер екі жағдайда да 15 АЕК айыппұл төлеуге міндетті» деп түсіндірді Ботагөз Сәрсекеева.
Заңның мазмұны бір бөлек, оның орындалуы оңай шаруа емес екен. «Балалар сөзге тоқ­тамай, қаша жөнеледі, жылап, айқай­лайды. Бөлімшеге өмір бақи кетіп бара жатқандай бай­­ба­лам салып, актерлер сияқ­ты бар өнерін көрсетеді ғой» деп күлді көлікті жүргізіп келе жат­­қан полицей Санжар Мыр­зах­­метов. Бір кезде жанымда отыр­­ған полиция капитаны Роза соғылған телефон қоңы­рауы­на жауап бергені сол еді: «Қа­жы­мұқан көшесінің бойын­дағы «Рlaystation» компьютер клубына бұрыламыз!» деп нық сөйледі.
Сағат тілі он бірге жуық. Компьютер клубында тәртіп сақшыларының қолына түскен 15 жастағы Эльмира мен 16-дағы Мадияр не істерін білмей жан-жағына жалтақтап үн-түнсіз тұр. Полицей «ата-ананы шақыртыңдар» деді. Қыздың айтуынша, әке-шешесі Астанада емес, басқа қалаға кеткен. Инспектордың Мадиярға «Сенің де ата-анаң басқа жақта ма?» дегеніне қарағанда, бұл жауап балалардың ойына бірінші кезекте келетін сылтау екенін ұқтым. «Осында! Ағама хабарластым, келе жатыр!» деді бала жақтырмаған дауыспен. «Ағаң болмайды. Міндетті түрде мама, папаң келу керек» десе де, құлаққа ілер емес. Сірә, әке-шешеге білдіртпей құтыламыз деп үміттенсе керек. Алайда, мұндай жағдайда аға-әпке, туған-туыстың кәмелетке толмаған баланың әрекетіне жауап беруге құқы жоқ екен. Шұғыл жеткен ағасының да әкесін шақыртудан басқа амалы қалмады. Компьютер клубының әкімгеріне сол жерде хаттама толтырылып, Мадияр мен Эльмира Алматы аудандық Ішкі істер басқармасына жеткізілді. «Қыздың ата-анасы шынымен басқа қалада болып шықса ше?» деген сұрағыма инспектор: «Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырамыз» деді. Бұндай жағ­дайды жылдам реттеу үшін ата-ана кәмелетке толмаған баласын қараусыз қалдырмай, сенімхат арқылы үлкендерге тапсырып кету керек екен. Сенімхаты жоқ туысқандар бала үшін жауап беруге дәр­менсіз. Сөйтіп, жасөспірім заңды өкілдері келгенше дейін Кәмелетке толмағандарды бе­йімдеу ор­талығында жатады.

ERM_3518

КОМПЬЮТЕР ОЙЫНДАРЫНЫҢ «КЕЙІПКЕРЛЕРІі»
Фототілші екеуміз «Жас сақшылармен» бірге Сарыарқа ауданына жол тарттық.
–Қызықтан құр қалдыңдар. 23:30-да компьютер клубында ойнап отырған үш баланың үстінен түстік. Бір отбасының ағайындылары екен. Жасы: 17, 14, 7-де. Ойынға сағат оннан түнгі екіге дейін тапсырыс берген. Клуб қожайыны ештеңе демеген. Балалардың әке-шешесі жетіп келді. «Сабағымызды оқып қойдық, ауладағы компьютер клубына барып келейікші» деп сұранды. Кенжеміз қалыса ма? «Мен де барам» деп қың­қылдап қоймады. Сөйтіп үл­кен ұлым бас-көз болады ғой деп өзіміз рұқсат беріп жібер­дік» деп анасы ақталды. «Біз­дің бала. Өзіміз жібердік» де­гені жауапкершіліктен босат­пайды. Заңды білсе, әкесі қадаға­лап, бірге еріп барушы еді. Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 442-бап, 1-тар­мағын бұзып отыр. Бәрін Сары­арқа аудандық Ішкі істер бас­қармасына жеткіздік те, өзіміз рейдті әрі қарай жалғастырдық, – деді учаскелік полиция инс­пекторы Рабиға Саябекова.
Көшелерді көзбен шолып келеміз. Сарыарқа мен Жангелдин қиылысы. «Бізге түрлі оқиға керек қой. Тағы да интернет-кафе ме?» дедім іштей. Бірақ полицейлер түнгі уақыттағы ойын-сауық нүктелердің бәрін тексеріп шығады. Бұл – олардың жұмысы.
Интернет-клубтың екінші қабатына көтерілдік. Ең алдымен полицейлер клуб әкімгеріне қызметтік куәлігін көрсетіп, өздерін таныстырды. Одан кейін жоғарыда аталған кодекстің 442-бабына сәйкес іштегі адамдардың құжатын тексеруге рұқсат сұрады. Орта бойлы жап-жас қыз «Әрине, қарап шығыңыздар. Бәрі таза» деп басын изеді. Сенімді түріне қарап, «бұл жерде ешкім табылмайды-ау» деп ойладым. Бөлек кабиналардан бастады. Кальянның иісі мүңкіп тұр. Бір уақытта Рабиға Саябекова «олжамен» шықты. Он сегізге толмаған 1-курс студенті Шыңғысхан сасқалақтап қалды. «Апай, бірін­ші рет қой, жіберіңізші! Әке-шешем – Түркістанда. Мен жатақханада тұрамын. Грантта оқимын. Кешіріңізші, енді қайталамаймын» деп көзі жәудіреп кеткенде аяп кеттім. Анасына телефон соғуға қор­қып тұр. Балансым жоқ деп сылтауратты. «Әкел нө­мерін, өзім хабарласайын» деп айтқан инспекторге «Маяк тас­тадым, қазір хабарласады» деп бой бермеді. Сол маңайда тұратын Шыңғысханның ағасы да кел­ді. Инспекторды әрірек сөй­лесуге шақырып қоймады. Оған иланбаған соң, бәрінің кө­зін­ше «Бір амалын тауып, келі­сейік» деп көндірмек те болды. «Ата-анасын шақыртыңыз. Оған дейін «ЦАН»-да (Кәме­летке толмағандарды бейімдеу орталығын айтып тұр – авт.) отырады бауырыңыз» деді Рабиға сабырлы дауыспен. Шыңғыс­ханды өзімізбен бірге алып жүр­дік. Ешқайда қаша алмайды. Құжаты полицейдің қолында.
Сыртқа шығып, енді кетуге ыңғайланғанда, полиция капитаны Эльмира Айтбек үйдің бұрышынан өтіп бара жатқан 3-4 адамды байқап қалып, «Мы­на­ларды да тексерейік» деді. «Жас сақшылар» қуып жетіп, оларды бөгеп тұрды. Айт­қандай-ақ, 18-ге толмаған қыз-жігіттер. Туған күннен шы­ғып, осы жерде тұратын сынып­тас қызды үйге шығарып салмақ­шы екен. «Үйіне таяқ тас­там жер қалғанда ұсталған оның жолы болмады-ау» дедім ішім­нен. Қызық. Полицияға емес, жастарға жақтасып, бұл балаларға жаным ашып келеді.

ERM_3508

ЖАЗАЛАУ МЕН БАҒАЛАУ
Рейд уақыты аяқталды. Үл­гер­генімше куә болдым. Сап басталған жерге келіп, осы түн­дегі соңғы сұхбатымды алмақ­шымын. Алматы аудандық ІІБ Жер­гілікті полиция қызметі ювенальды полиция бөлім­ше­сінің бастығы Гүлфия Гафур:
– Қалай, Мәдина? Барлау ұнады ма? – деді.
– Бүгін 18-ге келудің бақытын ерекше сезіндім. Төлқұжатымды қалдырмай алып жүретін болдым, – деп күлдім, – Бірақ, «балалар айтарлықтай ештеңе бүлдірмеді ғой» деп үнемі аяумен болдым оларды.
– Дәл өзі! Біздің еңбегімізді көп ешкім бағалай қоймайды. Ата-аналар да сөйтеді ғой. Ең әуелі, баланы қорғап, өзімізге шап береді. Жоқ жерден кінә іздеп жүретіндей ерігіп жүрген жоқпыз ғой. Баласы жазатайым бір іске тап болса, жоғалып кетсе сол үлкендер: «Қайда қарадыңдар? Жұмыстарыңды шала істейсіңдер» деп шыға келеді. Ал, түнгі уақытта баласын қараусыз қалдырған әке-шеше оны сол мезетте қылмыскердің құрбаны ететінін неге ойламайды? Көшедегі мас, педофилдер мен ұры сынды қауіпті топтың емес, біздің көзімізге түскеніне қуану керек қой қайта! Мақсатымыз – жазалау емес, қорғау, – деді Гүлфия Айварқызы.
«Сондай-ақ, мұндай рейдтер заңға бағынуды насихаттайды. Бағана есік алдында сыра ішіп отырған 16-17-дегі үш оқушы ұсталды. Ішімдікті қай дүкеннен сатып алдыңдар?
«Тауып алдық» дейді. «Мама­мызға айтпаңызшы, өлтіреді мені» деп безек қақты. Әке-шешесі көрсе, таяқ жейтінін жақсы біледі. Алайда, ешкімге білдіртпей ішемін деп ойлады. Ал, полиция бөлімшесінен кейін бұндай бұзақылыққа екінші мәрте барудан тартынады. Ақ­шалай айып қалтадан ұрады. Алайда баланы заң емес – отбасы тәрбиелеу керек» деп сөзін жалғады бөлімше бастығы.
Гүлфия Айварқызының айтуынша, ойын-сауық мекемелері де түзеліп келеді. Компьютер клубтарының санын қада­ғалау мүмкін емес. Мұндай клуб­тар­­дың бірі жабылып жатса, есе­сіне, екіншісі жаңадан ашылып жатады. Тек Алматы ауда­ны­ның өзінде шамамен 30 компьютер клубы бар. Үздіксіз бақылау, үлкен айыппұлдың арқасында олардың жұмысының көбі әжептәуір ретке келіпті. 22:00-ден кейін жасөспірімдерді жаңадан ашылған мекемелер ішке кіргізіп қояды дейді полицей. «Тәртіпке бағынуды үйретеміз» дейді сеніммен.
Астана қаласының ІІД мәлі­меті бойынша, біз рейдке шыққан күні 33 жасөспірім Ішкі істер басқармаларына жеткізілді. Олардың ішінде қоғамдық орындарда темекі шеккен, алкогольді ішімдік ішкен, рұқсат етілмеген уақытта заңды өкілдер ертуінсіз көшеде жүрген сынды әкімшілік құ­қықбұзушылықтар тіркелген.

ERM_3467

Р.S: Полицейлердің тексерістері бекерден-бекер емес. Бұл – ең алдымен әлі балиғат жасқа толмаған балалардың қауіпсіздігі үшін. Тәртіпке бағынған құл болмайды. Сондықтан жет­­кіншектердің түнгі уақытта жалғыз өзі жүр­меуін ата-аналар қатаң қа­даға­лауы тиіс. Мұндай шара өзін-өзі қорғай алатындай жағдайға жете қоймаған жас­өспірімдерді әртүрлі заң бұзушылықтан, арам ниетті адамдардың құрбаны болу­дан сақтайтынын ешкім ес­тен шығармаған жөн.

Мәдина ЖАҚЫП

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды