-->

ТҮНГІ ҚАЛАНЫҢ КҮЗЕТШІЛЕРІ

«Астана – қауіпсіз қала» деп жиі ұрандатамыз. Ал сол қауіпсіздік қалай сақталады? Осыны біл­мек ниетпен полиция­мен бірге түнгі қаланы барлауға шықтық.

«ИРГИЗ» АВТОПАТРУЛІ ЖАРАДЫ
Бізді Астана қаласы ІІД Жол-патрульдік полиция полкінің №3 рота командирі Сәкен Шахаров қарсы алды.
Елорданың түнгі торуылына 46 автопатруль, яғни 92 тәртіп сақшысы шығады екен. Олар жол қауіпсіздігін ғана емес, қоғамдық тыныштықты да қадағалайды. Тіпті, оқиға орнына шұғыл жетіп, қылмыстың бетін бірінші ашатын да – жол-патрульдік полиция қызметкерлері. Рота командирі фототілші екеумізді полк «ең-ең» деп мақтан тұ­татын жігіттердің патруль экипаждарына қосып беретін болды.
Негізі жұмыс күндері қала тыныш. «Қызықтың көкесі» жұма, сенбі, жексенбіде болады дейді погон таққан мырзалар. Десек те, полициямен ерген бір түннің ішінде нағыз экшн-фильм көргендей әсер алдық…
Тәуелсіздік даңғылы бойымен қозғалып келе жатқанбыз. Жолдың қарсы бетінде жол-көлік оқиғасы орын алыпты. Эки­пажымыз дереу сонда бұ­рылды. Ақ түсті «Honda accent» жүргізушісі шамасы 30-35 жас­тағы ер кісіні қағып кетіпті.
Еуро­палық нәсілдегі жәбір­ле­нуші ес-түссіз қансырап жатыр. Жедел жәрдем жетіп үлгерген екен, іле-шала алғашқы меди­­циналық көмек көрсетуде. Бақы­тымызға орай, адам тірі екен, тек аздаған жарақат алыпты.

erm_2233
Жүргізуші шоктан абдырап қалған. «Ойда-жоқта алдымнан жүгіріп шықты. Тоқтап үлгермедім» дейді. Куәгерлер көргендерін жасырмады. Сөйтсе, машина астына түскен адам мас күйінде белгіленбеген жерден жүгіріп өтпек болған. Дәрігерлер де оқиға алдында оның араққа сылқия тойып алғанын растады.
Полиция қызметкерлері «кінәлі жақты кесіп айту ерте» дейді. Бұл көшеде бейнеба­қылау жоқ. Оқиғаның ара-жігін ажы­ратудың өз амалы бар. Рота командирі автокөлік дөңгелек­терінің тұсын, адамның жүгіріп шыққан жері мен ұшып түскен орнын ақ бояумен белгілеп шықты. Енді істі келіп жеткен кезекші бөлімнің жылжымалы полиция тобына тапсырды.
Олар көліктің қозғалыс ба­ғы­тын, жаңағы белгілер бойынша машинаның жылдамдығын анықтап, жазбаларды тіркейді. Оқиға орнындағы адамдарды полиция бөлімшесіне жеткізеді. Одан кейінгі шаралар легі рет-ретімен жүреді. Кінәлілер мен олардың жазасы сот шешімімен анықталады.
«Иргиз-71» экипажына ауыс­қан біз ары қарай кеттік.

ҮШ ҰРЫНЫ ҮШ МИНУТТА ҰСТАДЫ

– Тапсырма алған бойда межеленген жерге ең ұзағы – 7 минутта жетуіміз керек. Шұғыл шақыртулар үсті-үстіне түсіп, бұл уақыттан кешігетін кездер де болып қалады. Рұқ­сат етілген максималды жыл­дамдығымыз – сағатына 120 шақырым. Қыл­мыскерлер жан­таласа қашқан кезде желдей ұйытқып қуа жөнелеміз. Негізі біздің жұмыс кино ғой! Жоқ, киноны біздің жұмысқа қарап түсіреді, – деп әзіл-шыны аралас әңгімеледі полиция аға лейтенанты Әбілсейіт Әбді­мәліков. Осы кезде рация­дан хабар берілді:
– «Шымкент» дәмханасының алдында кісі тоналды. Алыс­тан көрдік. Қашқан екеуі сұр түсті «Audi 80»-ге отырды. «Тұлпардың» артына бұрылды. Сейфуллин-Уәлиханов көше­сінде. «Артем» жаққа кетті. Жоқ, бұл емес. Автомобиль коды: 11, – деп Жедел басқару операторының кезекші инспекторы әр ақпаратты жылдам әрі анық жеткізіп жатыр. Біздің экипаж қарақшылардың ізіне түсуді көздеп келеді. Рациядағы дауыс қайта естілді:
«Бейтаныс адамдар жігіттің желкесінен қиқындыра ұстап, екіншісі қалтасын тінтіп, бірдеңе жұлып әкетті. Не ұрланғаны белгісіз. Мемлекеттік нөмірі – 623». Айналдырған 3 минутта «Иргиз-41!» делінді рациядан.
– Ұсталды! – деді полиция аға лейтенанты Төрехан Бикенов. Иә, «Иргиз-41» небәрі үш минутта ұрыларды «Тұл­пар­дың» алдында қолға түсірді. Көп ұзамай біз де сол жерге жет­тік. Барсақ, азан-қазан. Қашып құ­тыла алмағандар ию-қиюы кел­­мейтін сөздерді жа­рыса айқай­лап, түнгі қаланы басына көтерді:
– Кім тексерді? Бізде нелерің бар?
– Мен ішіп алғанмын, бұларды танымаймын! Екеуі де «таксист».
– Ертең мотор алам деген өзімнің 120 мың ақшам бар…
Сөйтсе, бұл ұсталғандардың жиі қоятын «спектаклі» екен. Өздерін ақтап, полицияны шатас­тырып, өз дегендеріне сендіруді қалайды.
Қалталарын қарап шықты. Еш­теңе табылмады. Қолда­ры­на кісен салынған күдік­ті­лер патруль экипажына отыр­­ғы­зылды. Бізге не ұрлан­ғаны бел­­гісіз. Осы сәтте бір қызық бол­­масы бар ма? Фото­кор­рес­пон­дентіміз Сұлтан Сейітов күдік­­­тілердің көлігінің астында жыл­­­тыраған бір затты бай­қайды. Жақындаса, iPhone екен.
– Мәссаған, біреудің телефоны түсіп қалыпты ғой, – деп ұстай бергенде полиция қызметкері «Тиіспеңіз, саусағыңыздың ізі қалып қояды» деп қолын кері итеріп үлгерді. Тоналған зат – iPhone болып шықты. Ұрылар полицияны көргенде есіктен шыға бере білдіртпей телефонды дөңгелектің астына сырғыта салыпты. Газетіміздің қылмыстың ашылуына көмегі тиді деп мәз боп қалдық.

erm_2294

БЕЙНЕКАМЕРАНЫҢ КӨМЕГІ КӨП

Ең қызығын жәбірленушіден естідік:
– «Шымкент» дәмханасында сыра ішіп отырғанмын. Шылым тартуға сыртқа шыққанымда, осы екі жігітпен сөйлесіп кеттік. Үйге қайтар жолда «балансымыз жоқ, қоңырау шалайықшы» деп телефонымды сұрады. Бердім. Менің көзімше хабарласты. Ешкім көтермеді. «Енді телефонымды қайтар» дегенім сол еді. «Бауырым, бізге сенің соткаң бір тиынға да керек емес» деп боқауыз сөздерді жаудыра бас­тады да, желкемнен шап беріп, екіншісі қалтамдағы «Айфонды» алып, екеуі тұра қашты.
– Сосын? Полицияға хабар­ластыңыз ба?
– Жоқ. Өзімнің бірер жарты алып қойғаным бар. Полицияға мастығым тарқаған соң хабарласам деп едім. Салым суға кетіп үйге бара жатқанымда жол-патрульдік полициясы дәл жаныма келіп тоқтады. Шошып кеттім. «Тоналған адам сіз ғой?» деді. «Иә!» дедім түкке түсінбей. Сөйтті де бір жігіттің басын көтере маған көрсетті. Дәл өзі! Тонап кеткен осы ғой! Таңғалдым. Мен полицияны шақырған да жоқпын. Қайдан біліп қойды? – деп әлгі жәбірленуші әлі де себебін таба алмай дал болып отыр.
Міне, бұл біздің қауіпсіз қала! Бұзақылар бәрін жасырын жасаймыз десе де, Астананың түкпір-түкпіріндегі сұңғыла бейнекамералар ештеңені қалт жібермейді. Олардың саны бүгінде 800-ге жуықтайды.
Таңға дейін 23 әкімшілік құқызбұзушылық анықталды, 3 қылмыстың беті ашылды. Машинаны айдап әкеткен азамат қолға түсті, бір нашақор есірткімен ұсталды, біреуден заңсыз қару-жарақ табылды…

P.S: Қоғамдық тыныш­тықты күзететін поли­цейлердің арқасында аста­налықтар алаңсыз өмір сүреді. Күндіз күлкі, түнде ұйқы көр­мейтін батыр жігіттердің барында бас шаһар ештеңеден қорықпас…

Мәдина ЖАҚЫП

Жауап қалдыру

Сіздің email-адресіңіз жарияланбайды.Қажетті өрістер таңбаланған *

*