«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Түнгі дәмханалар тыныштық бұзды ма?

0 21

Күйші Дина көшесі, 37-үй тұрғындары алдағы күндеріне алаңдаулы. Олардың үрейленуіне 5 қабатты үйдің төменгі қабатындағы дәмхана мен сырахана себеп болып отыр.

Тұрғындардың сөзінше, мұндағы «Шымкент» дәмханасы мен «РиК» сыраханасында түн батысымен тыныштық бұзылады. Ішімдікке тойып алған клиенттер шекісіп, ерегескендердің шуылы кей күндері таңға дейін ұласатын көрінеді. Үнемі полицейлерді шақырғанмен, барлығы сол сәтте ғана тынышталып, көңіл көтеру орнындағы жағдай ертесінде қайтадан бұрынғы әуеніне басатынын айтады тұрғындар. Оның үстіне, дәмхана мен сыраханадағы кейбір құрылғылар нормативке сай емес деседі. Мәселен, үйдің қабыр­ғасындағы ауа тартқыш желдету құбырынан түнгі уақытта қызыл жалын шашып тұрады. Сол сияқты аталған жекеменшік нысандарда газ баллоны да пайдаланылады деген сыбыс шыққан.
Тұрғындардың арыз-шағымы бойынша Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы мен Алматы аудандық әкімдігінің, басқа да құзырлы органдардың мамандары, учаскелік полиция инс­пекторы тұрғындармен бірге аталған нысандарға барып, тексеріс жүргізді. Рейд барысында «РиК» сыраханасының есігі жабық болды.
– Мұндағы мәселелердің бірі – ауа тартқыш желдеткіштен үш жылдың ішінде осымен екі рет жалын шашқан. Бұл жағдай кешкі уақыттарда болған. Ал егер қызыл от түн ішінде, бәрі ұйық­тап жатқанда қайталанса, не болатынын ойлаудың өзі қорқынышты. Сондай-ақ осы нысандарда газ баллонының қолданылғаны туралы бейнежазба тарап жүр. Ол нақты дәлелденген жоқ. Бірақ рас болса, бұл да тұрғындар үшін өте қауіпті. Осының бәріне түбегейлі шара қолдану керек. Тұрғындарға тыныштық қажет, – дейді ПИК төрағасы Валерий Гортфрид.
Алайда «Шымкент» дәмханасының әкімшісі Нағима Қойшыбаева арызданушылардың сөзін жоққа шығарды. Оның айтуынша, аталған нысандағы ауа тартқыш желдеткіш те, барлығы келісімшартта көрсетілген нормативке сай.
– Дәмхана таңға дейін істемейді. Бізде екі зал бар болса, оның бірі, яғни үйдің тура астындағысы түнгі сағат 12.00-де, ал екіншісі түнгі 2.00-де жабылады. Жалпы, тыныштық сақталады, – дейді ол.
Бірақ учаскелік полиция инспекторы Айбек Байғалиев көңіл көтеру орындарына бұған дейін талай мәрте шақырту түсіп, нәтижесінде клиенттер мен қызмет көрсетушілер жауапқа тартылып, оларға әртүрлі әкімшілік шара қолданылғанын айтты.
Ал Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының Алматы ауданы бойынша инспекциясының бас маманы Абылайхан Мұхамбеди:
– Кәсіпкерлік кодексі негізінде тексеріс жүргізіп, тұрғын үйге нұқсан келмеуі үшін құзырлы органдарға нысанды қайта жоспарлау, жабдықтарды жаңалау сияқты қажетті шара қолдану жөнінде сауал жолдаймыз, – деді тілшілерге берген сұхбатында.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды