«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Түндігіміз неге жабық тұрады?

немесе ұлттық салт-дәстүрімізді бұрмаламасақ екен

0 113

Халқымыздың теңдессіз сәулет өнері, от жағып, қазан көтерген тіршілік көзі – ақдегер киіз үйлеріміз бен оның күн шұғыласы шашыраған қасиетті шаңырағы бұл күндері ұлттық дәстүр, салт-санамыздың басты нышаны ретінде жиі бейнеленетіні мақтаныш сезімімізді туғызары анық. Еліміздің әр өңірінде қандай бір мереке кезінде алаңдарға түрлі ою-өрнекпен безендірілген ақшаңқан киіз үйлер сап түзеуі сән-салтанатымызды асырып тұрады. Осы көрініс рухымызға күш-жігер сыйлап қана қоймай, жас ұрпақтың ұлттық таным көкжиегін кеңейте түспек. Алайда бір әттеген-айы бар. Ол – әлгі киіз үйлердің көбінің түндігінің еш уақытта ашылмайтындығы.

Былтыр наурыз мерекесінде бас қаланың алаң, саябақтарына жүздеген киіз үй тігілді. Әсіресе, бір алаңға қаз-қатар тігілген он шақты киіз үй сән-салтанатымен көздің жауын алып тұрды. Бірақ солардың ішінде түндігі ашық тұрғаны бірен-саран ғана болды. Көңілге түйткіл түскен соң телеарналардың әр облыс орталықтарында өткен мерекеден жасаған репортаждарына назар салдық. Баяғы сол көрініс, сюжеттегі киіз үйлердің көбінің түндігі тарс жабық, түндік баулары мықтап байланған. Салт-дәстүр білетін адамның көзіне тым оғаш, көңіліне көлеңке түсіреді.
Мұны айтып отырғанымыз, салт-дәстүр бойынша қазақтың киіз үйінің түндігі күндіз баласында жабық тұрмаған. Қазақ дәстүрінде отанасы әйелдің бас­ты міндеттерінің бірі – таңертең ерте тұрып, түндік ашу. Әйелді «түндік ашар» деп те жатады. Мейлі, ол үйдің адамдары қандай бір шаруамен түнде жай жатып, түске дейін демалуға тура келсе де, таңертең ерте түндігін ашып қою – қазақтың қанына сіңген дәстүр. Күн жайылғанға дейін бір үйдің түндігі жабық тұрса, ауылдағы жөн білетіндер «Мына үйдің адамдары өліп жатыр ма?» деп түндікті сырттан ашып кетеді.
Қазақта «пәленшенің үйінің түндігі жабылып қалыпты» деген тұрақты сөз тіркесі бар. Бұл – сол отбасының бас көтерер мүшелері (үй иесі, әйелі, жасы кәмілетке толған баласы дегендей) түгелдей қайтыс болып, шиеттей жетім балалар ғана қалғанда айтылатын сөз. Өйт­се, таңертең ерте түндік ашу – сол үйдің адамдарының тірі екенін, дендері сау, тұрмыстары түзу екенін білдіретін салт. Ал мерекеге тігілген үй сол үйде дастарқан жайылып, салтанатты шаралар өткізуге арналатындықтан тіршілік нышаны, тіпті шаттық көңіл күй шаңырағынан көрініп тұруы керек қой.
Осыған ұқсас халқымыздың салт-дәстүріне жараспайтын, жанаспайтын көріністер білместіктен болып, көп жағдайда орын алып жатады. Айталық, қазақ атты шылбырсыз мінгенін мен өз басым көрген емеспін. Қазақта «екі тізгін (тізгіннің екі жағын айтып отыр) бір шылбырды тең ұстау» деген тіркес бар. Тізгін мінген аттың басын қалаған жағына бұру, тежеу үшін шылбыр аттан түскен соң оны байлау үшін немесе жетектеп жүру үшін қажет. Басқаша айтқанда, қазақ атты тізгінінен жетектемейді, тізгінінен байламайды. Тіпті қысқа тұйық қа­йыс (тізгін) дұрыс байланбайды. Мұны айтып отырғаным, қазақ киноларында (көркем, тіпті деректі) атты тізгінінен жетелеп бара жатқан көрініс көп. Соларды көріп отырғанда «әттеген-ай, бұл салт-дәстүр білмегендіктің кесірі ғой» деген ой еріксіз оралады.
Жалпы, жылқыға байланысты бүгінгі тіліміздегі оғаш сөздер ауызекі сөйлеуімізде де, тіпті халықтың басты ақпарат құралы – телеарналарда да жиі қайталанатыны көңілге тікенектей қадалады. Мәселен, телеарна тілшілері мен жүргізушілер атқа мінбейді, «отырады», жығылмайды, таудан тас құлағандай тура «құлайды». (Бара-бара «Ақбоз аттан жығылдым есім ауып» деген халық әнінің сөзін де өзгертіп алатын шығармыз). Ана тіліміздің айнасы түсіндірме сөздік құрас­тырушы мүйізі қарағайдай ғалымдарымыздың өздерінің төрт түлік малға, соның ішінде ер қанаты, қазақ үшін киелі жылқы түлігіне қатысты сөздерге келгенде тілдерінің мүкістігі қайран қалдырады. Бір ғана мысал келтірсек, қазақтың тілі түркі тілдес халықтардың ішіндегі ең бай тіл екенін дәлелдеген 120 мыңнан астам сөз қамтыған «Қазақ сөздігі» (Алматы, 2013 жыл) жылқының аяғына салатын бекітудің бір түрі өреге: «Жылқының аттанар жақ алдыңғы, артқы аяқтарын шалып байлайтын жіп» деген анықтама, түсінік берген. Қазақ ешқашан аттанар жағы демейді, мінер жағы дейді. Өре – жіп емес, құрал. Байламайды, тиектейді. Дұрысы – атты бекіту үшін мінер жақ алдыңғы және артқы аяғын қосып байлайтын құрал.
Міне, әуелі тілімізді, сонан соң салт-дәстүрлік білімімізді түземесек, бүгінгі жастардың ұлттық дәстүр-салтқа қатысты білімі жартыкеш қалпында қала бермек.

Бодаухан ТОҚАНҰЛЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды