«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тұмаудан сақтаныңыз!

0 85

Тұмауға, сондай-ақ суық тию ауруларының басқа да түрлеріне қарсы жаппай екпе егу жұмыстары 1 қазаннан басталады.

Бұл туралы кеше Астанада Қо­ғамдық денсаулық сақтау коми­тетінің төрағасы Жандарбек Бек­шиннің қатысуымен өткен брифингте мәлім болды.
– Қазіргі уақытта еліміздің барлық облысына вакцина жеткізілді. Екпе егу уақыты қараша, тіпті желтоқсан айына дейін жалғасуы мүмкін. Осы уақыт аралығында ел тұрғындарының 10 пайызына тегін екпе егіледі. Вакцинациялау жұ­мыс­тары алдымен жиі ауыратын, созылмалы, жүрек, өкпе, тыныс жолдары дертіне шалдыққан балаларға жүргізіледі. Сонымен қатар, медицина ұйымдарында жұмыс істейтіндерге және балалар ұйымдары, мүгедектер үйі секілді әлеуметтік мекемеде тұратын адамдарға тегін жасаймыз, – деген Жандарбек Бекшин 2018 жылы бюджет қаражатына Ресейде өндірілген «Гриппол+» вакцинасының 1,5 млн дозасы 1 млрд 200 млн теңгеге сатып алынғанын айтып өтті.
Вакциналар биыл кездесетін штамдарға қарсы әрекет етпек. Бұған қоса, елімізде 3 өндірушінің тұмауға қарсы тағы 4 вакцинасы тіркелген. Бұл «Ваксигрип», «Ваксигрип Тетра» (Франция), «Инфлювак» (Нидерланд) және тұмауға қарсы вакцина (Қытай).
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша 2018-2019 эпидмаусымында елімізде үш валентті вакцинаның құрамына енгізілген тұмаудың үш штамы болады. Олар – Мичиган, Сингапур және Колорадо штамдары.
Тұмаудың алдын алу мақсатында әрбір адам қалауы бойынша ақылы түрде екпе жасата алады. Вакцинаның құны 1600-3500 теңге аралығында болатыны мәлім болды. Жиын соңында Жандарбек Бекшин «Гриппол+» вакцинасын салдырды.

Аян ӘБДУӘЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды