«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тұмау жұқтырып алмаңыз

0 155

Күздің қара суығы келгенде тұмау да өршиді. Әсіресе, иммундық жүйесі әлсіз адамдар жіті респираторлық вирусты инфекциясына жиі шалдығады. Осы жұқпалы сырқаттан сақтанудың жолы қандай, тұмауға қарсы екпе жөнінде не білеміз, вакцина кімдерге тегін салынады?

Sick boy

Жұртшылықтың көбі тұмаудың қарапайым белгілерін елей бермейді. Көзі жасаурап, мұрны бітелсе, «жай ғана тұмау ғой» деп жүре береді. Шынтуайтында, жұқпалы аурулардың ішінде қауіптісі – осы жіті респираторлық вирусты инфекция. Бұл сырқат адам бойындағы созылмалы аурулардың бәрін асқынтып жібереді. Сондықтан тұмаудың алғашқы белгілерін, қалай өршитінін, алдын алу жолдарын білген абзал.
Астана қаласы №10 қалалық емхананың инфекционист-дәрігері Елена Бикбаеваның айтуынша, тұмау жеңіл, орташа және ауыр түрге бөлінеді.
Негізгі белгілері: тамақтың ауруы, құрғақ жөтел мен мұрынның бітелуі. ЖРВИ кезінде дене қызуы бірнеше күнге созылуы мүмкін. Көп жағдайда қызу түсіретін дәрілер көмектесе қоймайды. «Осы аталған белгілер байқа­лы­сымен, бірден дәрігерге көрінген жөн.

Себебі, тұмау асқынса, оған бактериялық инфекция қосылып, бронхит, пневмония, отит, гайморит, синусит және басқа да көптеген аурулардың дамуына әкеп соғуы мүмкін. Тіпті мидың шырышты қабатын зақымдап, адамды менингитке ұшыратуы ықтимал. Сондықтан ауруды емдегеннен гөрі оның алдын алған әлдеқайда жақсы» дейді Елена Николаевна.

12-04-2016-h1n1
Тұмаудан сақтанудың ең тиімді жолы – жыл бойы имму­нитетті қалпына келтіру. Ол үшін салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданып, дұрыс тамақтану керек. Мамандар күнделікті тағам рационында міндетті түрде жеміс-жидектер болғаны дұрыс дейді. Сондай-ақ, таза ауада жиі серуендеп, үйдегі терезе, балконды күніне кемі 3-4 рет желдетіп алған жөн. «Адам сырттан келгенде міндетті түрде қол жуу керек. Қолмен бірге небір бактериялар ере келетінін айтудың өзі артық. Сонымен қатар, сарымсақ көп жеген адам тұмауға шалдыға бермейтінін есіңізге ұстаңыз. Күз айларында тұмау өршиді. Осыны ескеріп, далаға шыққанда міндетті түрде «Оксолин» мазін немесе «Виферонды» мұрынға жағу қажет. Бұл майлар тұмау жұқтырудың алдын алады» дейді дәрігер.
Жалпы, тұмаудан қорғанудың ең тиімді тәсілі – оған қарсы екпе салдырту. Жіті вирустық инфекцияға қарсы вакцинация медицина қызметкерлеріне, аурушаң, әлжуаз балаларға мүгедектер мен жүкті әйел­дер­ге тегін жүргізіледі. «28 қыр­күйектен бастап қалалық емханаларда тұмауға қарсы вакцина салу басталды. Ресей өндірісінен шыққан екпе сапа жөніндегі барлық талаптан өткен. «Гриппол плюс» вакцинасында А, H1N1, H3N2 және В типтегі тұмау вирусына қарсы антиген бар. Бұл екпені емханада ақылы негізде де алуға болады. Бағасы – 3 мың теңге. Вакцинация терапевт немесе педиатр мамандарға тексерілгеннен кейін ғана жүргізіледі» дейді Елена Бикбаева.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды