«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тұлпарды тұяғынан таныған

100 жаңа есім

0 42

Спорт пен өнер ұлтқа бөлінбейді. Бұл тұрғыда қазақтың домбырасын күмбірлетіп, төл спортымыздың тұғырынан көрініп жүрген өзге ұлт өкілдері аз емес. Солардың бірі – украин ұлтының өкілі, көкпаршы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, биылғы «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы астаналық Александр Пупенко.

Александр 1988 жылы бұрынғы Ақмола, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласында дүниеге келген. 8 жасында тоқымқағар жасап, сол кезден бастап атқа мінуге әуес­тенген ол біраз жылдың ішінде талай асауды үйретіп, небір тұлпарды тақымдаған. Ат құлағында ойнайтын жігіт салмағы біраз ауырлаған соң көкпар ойынына қызығушылығы арта түседі. Содан 14 жасынан көкпар тартысына білек сыбана кіріскен Александрдың осы спортпен айналысып келе жатқанына 16 жылдан асыпты.
Талай додаларда елорданың намысын қорғаған ке­йіпкеріміз жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында қола медаль иегері атанса, екінші чемпионатта күміс жүлдеге ие болған. Осы бәсекеде қарсыластарының көмбесіне 44 гол салып, рекорд орнатып, «Үздік бомбардир» атанған ол бас қаланың ересектер командасына ауысады. Онда да жетістіктері еселеніп, 2010 жылы күміс жүлдегер, 2012 жылы чемпион болған көкпаршы осындай көрсеткіштерінің нәтижесінде ел құрамасына қабылданады. 2013 жылы елордада алғаш рет өткен Азия чемпионатында, 2017 жылы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы І орынды қанжығалаған болатын. Әлем чемпионатында «Команданың үздік шабуылшысы» атанған Александр Пупенконың бұдан басқа да елеулі жетістіктері жетерлік.


2013 жылдан бастап Маң­­­ғыстау облысы жастар командасының жаттықтырушысы, ересектер командасының ойын­шысы болған Пупенко ондағы келісімшарт аяқталған соң биыл Атырау ересектер командасының сапына ауысып, спорттағы мансабын жалғастыруда. Мұнда да келісімшарт бо­йынша жұмыс істеп жүрген ол 6 жыл ішінде Маңғыстау­дың жастар мен ересектер командасы айтарлықтай жетістікке жеткенін айтады.
– Көкпар – нағыз ерлердің, жаужүрек жігіттердің ойыны. Өйткені қорқақтардың көкпар ойнауға жүрегі дауаламайды, – дейді А.Пупенко.
Алтын асықтай ұл мен күміс қасықтай қыз тәрбиелеп отырған Александр болашақта баласын да батырлыққа баулып, ел қорғайтын ержүрек азамат қылып өсіргісі келетінін айтады. Ұлттық спорттың мерейі үстем болсын дей отырып, байрақты бәсекелерде ел намысын қорғап жүрген көкпаршыға лайым аттан түспесін деп тіледік.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды