-->

ТҰЛПАР ТҰЯҒЫ ДҮБІРЛЕТКЕН КҮН

 «Қазанат» атшабарында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жүлдесі үшін ат спорты түрлерінен «ЭКСПО-2017» кубогын сарапқа салған бәйге өтті.

erm_1536

Алты алаш көз тіккен додалы думанды Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, Алматы облысының әкімдігі, Қазақстан Республикасының «Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы» мен «Қазақстанның бәйге түрлері қоғамы» ұйымдас­тырды. Атшабарға жиналған бес мыңға тарта адам шашасына шаң жұқтырмайтын 150 тұлпардың бағы, бабы таразы­ға түскен сәттерге куә болды. Сайыстың басында салт аттылар шеруі өтіп, жұртшылық тұяғымен жер тарпыған тұлпарлардың сыны мен ат құлағында ойнаған жігіттердің шеберлігіне тәнті болды. Бұл қойы­лымды «Номад» каскадерлар тобының әбжал жігіттері көрсетті. Одан бөлек, бәйге арасында қыз қуу, теңге ілу, жамбы ату, «джигитовка», тазылар жарысы бәйгенің көрігін қыз­дыра түсті.

????????????????????????????????????

Аламанның басқа бәйгелерден шоқтығы бөлек. Алдын ала белгілі болғандай, аламан бәйгеде бас жүлдеге – 10 млн теңге, екінші орынға – 5 млн, үшінші орынға 1,5 млн теңге тігілді. Және мәреге төртінші және бесінші болып жеткен шабандозға да 1 млн мен 500 000 теңге сыйақы белгіленді.Астана мен Алматы қаласынан және әр облыстан екі жүйріктен қосылған аламан басталғанда, барша қауым 35 жүйріктің дүбіріне құлақ түрді. Алғашқы айналымнан-ақ үмітін үкілеген топ екіге жарылып, қос жүйрік Ақмола облысынан қосылған «Варпед» және астаналық «Тас­қын» қара үзіп шықты. Оныншы айналымда екі жүйрікті ортаға алған жеті тұлпар өзгелерден оқ бойындай озып шығып, аламанның жүлдегерлері анықталып қалғандай болды. Соңғы айналымға жеткенде атыраулық «Желқанат» озып келіп, бас бәйгені иесіне алып берді.

????????????????????????????????????

Аламаннан кейін жорғасынан жаңылмай жеті шақырымды айналып өту үшін су жорғалар сап түзеді. Жорға жарысқа жиырмадан астам жүйрік қосылды. Оңы мен солындағы алғы, арты аяқтарын қатар алған, жорғасы жайлы жүйріктер бекзат желіспен көз алдымызда сырғып өтіп жатты. Кейбіреуінің шабысын тежеп, адуын басқысы келген шабандоздар күшпен тізгіндеп отырғанын көрдік. Мәреге бірінші жеткен Мейірбек Ахматовтың астындағы «Эльвуд-Вэб» атты жорға 1,5 млн теңгені еншіледі. Ақмола облысынан қосылған бұл жорғаның иесі – Мұстафа Мұстафаев. Талай жүйрікті жарысқа қосып жүрген оның «Лайна» атты шаруа­шылығында сәйгүліктерді асылдандыру бойынша көп жұмыстар жүріп жатқаны білдік. Ал 5 млн теңге тігілген 15 шақырымдық топ бәйгеде Алматы облысынан келген Жұматай Ақжол шабандоздың «Сүлікқарасы» озып келді.

????????????????????????????????????

2,4 және 1,8 шақырымды шауып өтуге тиіс ұшқыр бәйге аттардың жасына қарай іріктеліп екі мәрте өткізілді. Алғашқысында бас жүлдені Дағыстаннан келген З.Салаутдиновтың «Карнеу» атты жылқысы алса, 1,8 шақырымда ұшқыр бәйгеде барлық жүлделі орындарды қазақстандық спортшылар еншіледі. Құнан бәйгенің бәсекесі 7 шақырым болып белгіленді. Бұл бәйге де Алматы облысының жүйріктерінен оза шапқандары болмады.

????????????????????????????????????

Спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов журналистерге сұхбат беріп, алдағы өтетін спорт жарыстарына тоқталды. «Қазанатқа» қанат бітіп, ЭКСПО – 2017 күндері нағыз дүбірлі доданың алаңына айналады екен. Алдағы уақытта әлемдік деңгейдегі бірнеше ұлттық спорт түрлері жарыс­тарын өткізу жоспарланған. Жамбы атудан «Алтын жебе» – халықаралық турнирі. Аударыспақ спортынан І Әлем кубогы. Көкпардан І Әлем чемпионаты өтпек. Биылғы жылы төртінші мәрте ұйымдастырылатын ұзақ қашықтықтағы «Алтын тұлпар» аламан бәйгесінің өткізілетін уақыты көрменің соңғы күндеріне белгіленіпті. Сондай-ақ, қалың көпшілік асау үйрету, теңге ілу, қыз қуу, тазы жарыстыру ойындарын да тамашалайтын болады.

????????????????????????????????????

Айгүл УАЙСОВА 

Жауап қалдыру

Сіздің email-адресіңіз жарияланбайды.Қажетті өрістер таңбаланған *

*