«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тұлғаларға тағзым

0 29

Оқушылар сарайында Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты «Руханият» орталығының ұйымдастыруымен Алаштың ардақты азаматтары Сұлтанбек Қожанұлы, Хайретдин ­Болғанбаев, Асылбек Сейіт және Телжан ­Шонанұлының 125 жылдығына ­арналған «Ұлылыққа тағзым» атты тарихи-танымдық кеш өтті.Он тоғызыншы ғасырдың соңғы ширегі, яғни 1894 жыл қазаққа құт қонған жыл болыпты. Дәл осы жылы ұлтымыздың талай асылдары дүние есігін ашқан. Халқымыз «үш бәйтерек» деп дәріптеген Сәкен, ­Ілияс, Бейімбетпен бірге өмірге келген төрт тұлғаның да тарихымыздан ойып алған өз орны бар.
Кеш шымылдығы асыл азаматтардың өмір жолын зерделеген бейнекөрініспен ашылды. Тарихшы Ержан Шагимолдин Сұлтанбек Қожанов туралы байыпты баяндама жасады. Ол сөзінде көрнекті қайраткердің саяси қызметі Ташкенттегі семинария оқушыларынан құралған «Кеңес» атты астыртын жастар ұйымын құрудан басталып, кейін Мұстафа Шоқай және т. б. азаматтармен бірігіп «Бірлік туы» газетін шығарғандығын жеткізді. Қожанов Түркістан Республикасының Ішкі істер халық комиссары болғанда қызыл өкіметке ұлттық мәселені көтеріп, қарсы тұрғандығын әңгімеледі. Алаш арысы Хайретдин Болғанбаев туралы біраз жылдардан бері зерделі дүниелер жазып жүрген академик Дихан Қамзабекұлы оның өмірі мен қызметі жайында айта келіп, Мағжан ақынның «Бір теңі жоқ, бір кемі жоқ Болғанбай» дегенін мысалға келтірді. Том мемлекеттік университетінің медицина факультетін бітірген Асылбек Сейітов Алашорданың Ақмола облыс­тық комитеті басшыларының бірі болып, ұлт-азаттық қозғалысына үлкен үлес қосты. Семейдегі губерниялық денсаулық сақтау басқармасын басқарған жылдары кеуде ауруын емдейтін демалыс орындарын ашты. Ғалым Телжан Шонанұлы қоғамдық-саяси қызметімен бірге қазақ бастауыш мектебінің теориялық және тәжірибелік негізін қалаушылардың бірі болды. 1926 жылы Байтұрсыновпен бірлесіп мектеп оқушыларына арналған «Оқу құралы» жинағын құрастырды. Сондай-ақ қазақ қоғамы үшін құнды саналатын «Қазақ жер мәселелерінің тарихы» деген кітап жазды. Бірақ халқым деп жарғақ құлағы жастыққа тимеген төрт тұлға да кеңестік империяның жазықсыз құрбаны болды.
Шара барысында белгілі ғалым Тұрсын Жұртбай біртұтас Алаш идеясы жолында мерт болған есіл ерлердің есімі ел жүрегінен ешқашан өшпейтіндігін айтты. Тағылымды кеш әсем әнмен өріліп, күмбірлеген күймен көмкерілді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды