«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тұлғаларды ұлықтаған кеш

0 81

Биыл ұлтымыздың тұғырлы тұлғалары – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы мен Шәкәрім Құдайбердіұлының – 160, Халел Досмұхамедұлының – 135, Әміре Қашаубайұлының – 130, Сұлтанмахмұт Торайғырұлының 125 жылдықтары. Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Руханият» мекемесімен бірлесіп ұйымдастырған «Ұлылыққа тағзым» атты тарихи-танымдық кеш осы тұлғалардың мерейтойларына арналды.

Қазір діни ағымдар көбейіп, қазақ бөліне­тін жағдайға жетті. Шә­кәрім осыны алдын алудың жолдарын бая­ғыда айтып кеткен. Бел­гілі ғалым, фи­лология ғы­лым­дарының кандидаты Омар Жәлел­ұлы осы жағын тарқатты.
«Алла тағаланың өзі Құранда «Мені таныған адам ақылмен таниды» деп айтады. Шәкәрім де дінді ақылмен қабылда­маудың зардаптарын тар­­­қатады. Қазіргі негізгі проблема осында боп тұр, діннің ешқандай жазығы жоқ. Ақын мұны: «Шын ақылмен таппаған дін,­­­/ Дін емес, ол – жындылық./ Қармалаған бір соқырсың,/ Өлген ой мен көз, құлақ./ Дін тазасын діннен ізде,/ Дін шатағын сынға сал./ Анық айна өзіңізде,/ Айда ақылды қаттырақ» деген бір-екі ауыз өлеңмен жет­кізеді. Мектепте дінді оқыт­пасақ та, Шәкәрімді, Мәшһүр Жүсіпті, Абайды, Майлықожаны, Бұқар жырауды дұрыстап оқытсақ, тіл мұсылман мен дін мұсылманды айыра білу сол болады» деді ғалым.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының мұрасы 30 томға жетеді. Бүгінгі күнге дейін 20 томы шығып үлгерді. Оған «Мәдени мұра» және «Рухани жаңғыру» бағдарламалары сеп болған. Осыны айтқан тұлғаның шөбересі, Кереку өңірінен арнайы келген филология ғылымдарының докторы, профессор Нартай Жүсіп Мәшһүр өмірінен қызықты деректерді келтірді.
«Мәшһүр Жүсіптің азан шақырылып қойған аты – Адам Жүсіп. Мұса Шорманұлының лепесімен Мәшһүр атанып кетті. Бұл кісінің ілім-білім іздеп, ел, жер аралап бес-алты жылға дейін үйінен кеткен кездері болған. Мысалы, кенже ұлы Мұхаммед Фазыл ана құрсағында жатқанда кетіп, баласы беске тол­ғанда бірақ оралған» деген Н.Жүсіп Мәшһүрдің емшілік, әулиелік қасиеттеріне тоқталды.
Халел Досмұхамедұлының негізгі мамандығы дәрігер болса да, ұлт руха­ниятына үлкен еңбек сі­ңірді. Алаш қайраткерінің өмірі мен қыз­метін, жалпы «Алаш» пар­тиясының ұлт­қа бер­­генін тарихшы ғалым, «Қасиетті Қазақ­стан» ғылыми-зерттеу орта­лы­ғы­ның директоры Берік Әб­діғалиұлы тарқатты.
«Халел энциклопедист ғалым еді. «Қазақ» газетіне оба індетін емдеуге, медицинаға, қазақтың санитарлық жағдайына қатысты көптеген мақалаларды жазды. Жаратылыс­тану ғылымын ұлтымызда алғашқылардың бірі болып зерттеді. Өлкетану, этнография, тілтануға байланысты еңбектерді қал­дыр­ды. Жақында оның үш томдығы жарық көрді. Қазір сөздің берекесі кеткен заман болды. Сөзіміз бен ісіміз сәйкес келмейді. Халел сияқты Алаш ардақтыларын аңсаймыз. Олар елге қызмет етудің үлгісін көрсетіп, қазір бізге дұрыс жолды нұсқайтын темірқазыққа айналды» деді тарихшы.
Зерделі музыка зерттеу­шісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жарқын Шәкәрім Әміре Қашаубайұлының өмірін жарты ғасырға жуық уа­қыт зерттеп келе жатыр. Кезінде фонографқа жазылған асқан әншінің да­уысын тапты. Әміре ту­ралы қазақ және орыс тіл­де­рінде алты кітап жазды. Алматыдан арнайы алдырылған зерттеуші осы кешке қатысып, тереңнен толғады.
Сұлтанмахмұт туралы филология ғылымдарының докторы Серік Негимов сөз сабақтады. Қ.Қуаныш­баев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры әртіс­тері тұлғалардың бейнесіне еніп, монологтарын оқыды. Сахнадан күй де күмбірлеп. Ән мен жыр да айтылып, өлең де оқылып, кештің көркін кіргізді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды