«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тұлғалар тегін қорламайық

0 26

Күнделікті ауызекі сөйлеу тілінде біртуар тұлғаларымызды қорлап жүрген жоқпыз ба деген ойға қаламын.

Неге десеңіз, әңгіме барысында немесе такси тоқтатқанда белгілі бір мекенжай тілге тиек етілсе, ер тұлғаларымыздың тегімен аталатын көшелерге міндетті түрде орыс тіліндегі жалғауды қосып айтуды көпшілік әбден әдетке айналдырып жіберді. Тіпті қазақ тілді азаматтардың өздері де. Мәселен, Сейфуллина, Иманова, Мұстафина, Жансүгірова, Қонаева, т.б. осылай жалғасып кете береді.
Бір қызығы, орыс тіліндегі жалғауды әйел тұлғалардың тегіне қоспай, оларды дұрыс дыбыстаймыз. Мысалы, «Молдағұловой» болмаса «Иманбаевой» деп мүлде айтпаймыз. Бұл елордада ғана емес, барлық қалаларымызда да осылай. Өкініштісі сол, көшелерімізді өз аузымызбен бірыңғай әйел тектіге айналдырып бара жатқан сияқтымыз.
Үлкендерден көшелерді үнемі бірыңғай «ова» мен «ина» деп еститін өскелең ұрпақ тарихта аттары алтын әріппен жазылған небір баһадүр батырларымыз бен от ауыз­ды ақын-жазушыларымыздың қайсысы ер, қайсысы әйел тұлға екенін ажырата алмай қалуы ғажап емес. Тіпті кейде ересектердің өздері де тұлғалардың тегін шатастырып жататынын несін жасырайық. Бұл – ойланатын мәселе. Кеш болмай тұрғанда тілімізді түзеп, бұдан былай тұлғалардың тегін қорламайық, ағайын!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды